Тәуелсіздік тұғырнамасы: алғашқы он жылдықтағы оңды өзгерістер

Тәуелсіздік… Бір ғана ауыз сөздің астарында қаншама мағына, бабалар қаны, аналардың көз жасы бұғып жатыр. Топырақ қойнауына тоғытылған қарт тарихпен сырлассаңыз тәуелсіздік тұғырын тік көтеру қаншалықты оңай соқпағанын аңғарасыз. Бұл — орасан еңбек пен ерліктің жемісі.

Шүкір дейміз… Биыл егемендіктің отыз жылдығын ел болып тойлап, даңқымыз бен парқымыздың жеткен жерін әспеттеп жатырмыз. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен қазақ үшін  ғасырлық жұмыс атқарылған бұл уақыт арасында талай сүріндік, талай бүліндік, талай бүгілдік. Алайда, еңсемізді қайта тіктеп, мыңжылдықтар төрінен «Мәңгілік ел» болу мұратына қарай басқан қадамдарымыздың қарымын азайтпадық. Бұның барлығы тәуелсіздікті тәу еткен тәубешіл азаматтарымыздың, бұқара бірлігі мен берекесінің арқасы деп білемін.

Кейінгіге шегініс жасап, өткен жылдардың солқылдақ өткелдеріне бір көңіл аударайық. Азаттық таңы атқан күннен алғашқы он жылдықтағы оңды өзгерістерге назар салсақ.

1991 жыл. Жалғанды жалпағынан басып жатқан Кеңес Одағы ыдырап, жетпіс жылға жуық бодандық қамытын киген еліміз дербестікке қол жеткізді. 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» Заңды қабылдады. Арайлап атқан ақ танның азаттықпен ұштасқан тұсы да осы еді. «Тәуелсіздік» деп ұран салған ұлтымыз дәл осы мезетте дағдарыс, жұмыссыздық, кедейшілдік сынды ауыр мәселелермен жолықты. Талай жылдар орталықтан басқарылған мемлекеттік саясат пен билік басындағы атқамінерлердің нағыз іске кірісер, білек сыбана, балақ түре ел болашағы үшін еңбек етер мезеті басталды. Сол кезеңде ұлы көшті бастаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы ойлары, пайымды пікірі мен байыпты шешімдерінің арқасында бүгінгі бедел биігіне шығып отырғанымыз да жасырын емес. Мемлекет болып ұйысқаннан бергі өнегелі өткеніміздің қай тұсына көз жүгіртсек те тұңғыш Президентіміздің қолтаңбасы менмұндалап тұратындығы хақ. Жетпіс жылғы михнаттан кейін бұйырған егемендігіміз Ұлы дала елінің еңсесін тіктеп, иығынан төмен иілген басын биіктете түсті. Тоқсаныншы тоқырау жылдарының қаржылық, дағдарыстық, өндірістік, экономикалық езгісіне төтеп беру жолында Елбасымыз бен ел басындағы тұлғалардың төккен тері мен кеткен уақыты, сарқылған күш-жігерлері мен қажыр-қайраттарының құны өлшеусіз.Кешегі «мызғымас одақтан» бөлініп шыққан бірқатар елдер кезіккен қиындықтардың түйінін әлі күнге дейін тарқата алмай жатқанда, тәуелсіздігін тәу еткен Қазақстанымыз мұзарт шыңдарды кезегімен бағындырып, серпінді даму жолына түсті. Кешегіден бүгінгі тірлігіміз бақуатты, ертеңіміз бүгінгіден жарқын болып отырған кезеңді де көзіміз көрді. Өткен дәуірде уақытқа кеткен есеміздің орнын толтырып,  жоғымызды түгендейтін  сәт те Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тақта отырған мезгіліне бұйырды.

Алғашқы он жылдықта ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, мемлекет қазынасын толықтыру, Қазақстанды егемен ел ретінде барша әлемге таныту бағытындағы жұмыстар қолға алынды. Тәуелсіздік туралы заң қабылданған мезетте ең бірінші болып мұхиттың арғы бетінде АҚШ, одан кейін Қытай мен Ұлыбритания, артынша Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея мен Иран мемлекеттері бізді дербес ұлт ретінде мойындады. Ал республика аумағында алғашқы болып Түркия өз елшілігін ашты.

Қазақтың айбыны асып, абыройы тасып, тәуелсіздігімізді тақымға бекем басқан мезетте тірліктері бөлек болса да тілектері бір ұлттарды ортақ арнада ұйытып, этносаралық татулық пен конфессияаралық бірлікті жаңа деңгейге көтерді. Өзгелерін айтпағанда, ең бір алпауыт мемлекеттердің бүйрегі бұрып, барынша мол инвестиция салуға құлшына берулерінің себебі Қазақстандағы саяси, қоғамдық, діни тұрақтылықтың қанат жаюы және Елбасымыздың «әп» дегеннен ақ «ұлтаралық татулық» идеясын ұстануында. Бүгінгі таңдағы бейбіт қалпымызға көз жүгіртсек осы ұлттар бір атаның баласындай бірлік туы астында бірегей тірлік кешіп жатқандығын анық байқаймыз.

Сындарлы сыртқы саясатымызды ұстана отырып, еліміздің ішкі әлемінде де алауыздыққа жол бермей, ұлтаралық, ұлысаралық бітімгершілік, діни ымыра мен азаматтық келісім арқылы мемлекетіміздің баянды болашаққа жол тартқан ұлы сапарын бекемдей түсетінімізді де сол мезетте айқын түсінгендейміз.

Тәуелсіздік жылнамасына назар аударсақ, ел тарихындағы маңызды қадамдардың бірі 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамына кіруіміз. Бүкіләлемдік бейбітшілік пен ынтымақтастықтың тұғырын тік көтеруге ұмтылған ұйымның мүшесі болу Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі беделін бекіте түсті. Бүгінде 200-ге жуық ел біріккен БҰҰ бізге саяси, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, мәдени-гуманитарлық бағыттағы мәселелерді шешуе мүмкіндік берді. Халықаралық ұйым мүшесі ретінде Арал мен Семейдегі экологиялық апатты аймақтарды қалпына келтіру, ядролық сынақтарға қарсы күрес күнін жариялау, мәдениеттерді жақындастырудың онжылдығын жариялау, жаһандық энерго-экологиялық стратегияны әзірлеу, терроризмге қарсы қарқынды жұмыс жүргізу, Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестін тарату, жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту орталығын ашу, орталық Азия мен Ауғанстанда БҰҰ-ның аймақтық торабын құру сынды айтулы бастамаларға жан бітірдік.

Осы жылы тыныштық пен тұтастықты қамтамасыз ету мақсатында ҚР Ішкі істер әскері құрылды. Қоғамдық тәртіпті қадағалау мен түрлі дәрежедегі қылмыстартардың алдын алу, террорлық шабуыл, қарулы қақтығыстардың жолын кесу сынды маңызды міндеттер жүктелген құрылым егемендікті сақтауда өзіндік ерен үлесін қосып келеді.

Араға көп уақыт салмай жас мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы бекітілді. Әсілі, рәміздеріміз қалыбына құйылған қалпы бұйырған ризығымыз деуіміз де қате, ұшқары пікір. Арқалы топ алқалы жиын өткізіп, эстетикалық талаптарға сай, тарихи, экономикалық, саяси мәнді айқын анықтайтын үлгілері таңдалынып алынды. Мәселен, жалауымыз алты жүзден астам нұсқаның арасынан  елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігері ретінде суретші Шәкен Ниязбектің нобайына толайым халықтың ықтиярлығы ауды. Бөріктінің намысы бір» демекші, көк бөрінің ұрпағы арда қазекем көк туын бірден көгіне көтерді. Сол заматтан бері жалауымыз еңселі елдің егемендігін айқындап, небір байрақты бәсекелерде бүтін бір ұлыстың ұлылығын көрсетіп, зеңгіт биіктен көрінуі бірінші Жаратқанның, екінші «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген тәмсілді ұстанған жігері мұқалмас жұртшылықтың жүрек қағысындағы патриоттық сезімнің бүлкілдеп тұруының арқасында.

Ал, үш жүздей үлгі арасынан екшеленіп, елді еліткен сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уалихановтың қолынан қалыптанған, ілкіде қазақ үй іспеттес дайындалып, соңыра  біз білетін бедерін еншілеген елтаңба нобайы бірден топ ішінен суырылып шықты. Қазақ көгінің сарабдал сайыпқырандарының сапалы жұмысы алтынның буынына ұстағандай ерекше құбылыс екендігі қалтқысыз.

Тоқсан екінші жылы Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өтті. Бұл қазақ ұлты үшін тағдыршешті жиын еді. Ауқымды шара барысында Елбасы «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» тақырыбында баяндамасын оқып, тәуелсіз ел болып туын тіктеген мемлекетіміз барша қандастарын күтетінін жария етті. Сондай-ақ «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» құрылып, Н.Назарбаев төрағасы болып бекітілді.

1993 жылы ҚР-ның алғашқы Конституциясы қабылданды. Тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткен айтулы сәттен кейін қабылданған алғашқы Ата заң мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кезеңдегі терең дағдарыстан шығару, жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру және ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету сынды негізгі дүниелерге жауап беру керек болды. Алайда бұларға дөп бағытталған баптардың жетіспеушілігінен, заман ағымына қарай араға екі жыл салып, 1995 жылы 30 тамызында қазіргі негізі Конституциямыз қабылданды. Оның басты авторы ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев. Жобалық жұмыстың жоғарғы талқылау шараларына еліміздегі ең беделді заңгерлер, Францияның Конституциялық кеңісінің өкілдері, Ресей зерттеу орталығының белді заңгерлері атсалысқан болатын. Мәліметтерге сүйенсек, соңғы нұсқасын талқылауға 3 млн. 345 мың адамның пікірі ескерілген көрінеді. Бұл құжат – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында еліміздің кеңінен қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер айшықты дүние. Ел егемендігі мен демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжатымызда барлық мемлекеттік құрылымдардың, жеке азаматтардың, ұл пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсат-міндеттері, құқықтары заңмен бекітілген. Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болса да бірегейлерінің қатарынан орын тапқан.

Тоқсан үштегі тұғырлы қадам Елбасының «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заңды қабылдауы. Қазақ руханияты мен ұлттық бітім-болмысымызды сақтау және бодандықтың қамытын асқан халықтың көзін ашу мақсатында топырақ жастанып, мұз жамылған, сол жолда шыбын жанын шүберекке түйе жүріп, құрбан атанған тұлғалардың тұғырлы бейнесін тарих беттерінен өшіру мүмкін емес. Ерлікке емтихан тапсырып, от пен оқтың арасында көрер күнін санаса да жігері жасымаған қуғын-сүргін құрбандарының қайсарлығы аңызға бергісіз әңгіме. Елім деп езгіге түсіп, жерім деп жер аударылған, арым деп атылып, халқым деп қамауға алынған қазақ зиялылары мен жұрт жанашырларының жазасыз жапа шеккендігін растау, заң жүзінде дәлелдеу ұлтымыз үшін алдыңғы қатарлы мәселе еді.

Осы жылдың 15 қарашасында төл теңгеміз айналымға енді. Алғашқы теңге партиясы Ұлыбританияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды.

Білім мен ғылымға, ең бастысы болашақ ұрпаққа аса мән бергендіктен 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасы іске қосылып, дарынды да арынды жастарымыздың шетелдердің үздік жоғарғы оқу орындарында біліктіліктерін жоғарылатуға мүмкіндік алды.

1994 жылы Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды. Таңғалуға бір сәт, таңғалдыруға мыңжылдықтар керек екендігі талас бермес шындық. Ғасырлар қойнауына зер салып зерделейтін болсақ мемлекетіміздің сол таңғалдыратын сәті астанамыздың Алматыдан Ақмолаға көшірілуінен бастау алды. Кәрі материктің қақ ортасындағы қара шаңырақтың иесі атанған Қазақстан мыңжылдықтан мәңгілікке аттанған сапарының алғашқы қадамдарының бірі де осы. Қиындыққа мойымай, «Бір ел, бір тағдыр!» қағидасымен дүйім жұртты болашаққа бастаған Ұлт көшбасшысының арқасында аз ғана уақыт ішінде тақырға тау тұрғызылды. Төбесі көкпен таласқан алып ғимараттар шоғырланған бас қаламыздың ірге тасы қаланды.

Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығындағы тағы да бір келелі қадам «Қазақстан халық Ассамблеясын» құру шешімі болды. Бірлік пен келісім – мемлекет тұғырының теңселмеуіне тірек болар бірден бір қуатты күш.Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған.

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаудың алғы шарты ретінде бірінші кезекте экономиканы өркендетудің қажеттілігін алға қойған. Сол себепті «Алдымен экономикаға» қағидасын ұстана отырып, экономиканың әр саласында білек сыбана қызмет істеп жүрген барлық этностың басын қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы – өзге халықтарға үлгі-өнеге бола білді. Тағдыр табыстырып, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласып жатыр. Елбасы айтса айтқандай, Қазақстанды тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір ұлттар мен ұлыстар мекен етіп отыр. Олар көк Тудың астында бірігіп, туған жердің абыройын асқақтатқысы келеді. Мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет болуды мұрат тұтады.

Ел егемендігін еншілеген күннен бергі он жылдықтың оң өзгерістерінің ілкімдісі осындай. Бүгінде үшінші он жылдықты тәмамдап отырмыз. Тәуелсіздік тұғыры теңселмей, азаттық бесігінде тербелген баянды тірлігімізден айырылмайық.

#Qazaqstan30

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: