Спорт алаңы ашылды

Үшінші мәрте жаңғырудың дара даңғылына түскен Қазақстанның жаһандық бәсекеге лайықты болуы үшін спорттың да дамуына баса назар аударылғаны жөн. Себебі осы саладағы саңлақтарымыз әлемдік, халықаралық ареналарда топ жарып, мемлекетіміздің айбынын асырып, абыройын тасытып-ақ жүр. Соның арқасында алты алаштың ұрпағын алты құрлық танып жатқандығы жасырын емес.

Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорт түрлерін дәріптеу мақсатында аудан әкімі Ә.Жақанбаевтың бастамасымен «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бірнеше спорт алаңдары салынып, халық игілігіне берілуде. Биылғы жоспар бйынша бұл жоба бес ауылдық округте жүзеге аспақ. Сөйтіп, сол елді мекендердің жастары бос уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік алып отыр.
Жақында Көлбай ауылдық округінде осындай алаңдардың бірінің ашылу салтанаты өтті.

Сөз алған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Нұрмұхамбетов игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдіріп, жастарды білімді, білікті, тәртіпті, талапты болуға шақырды.
Келесі кезекте аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Садиев пен Көлбай ауылдық округінің әкімі Е.Шакеров жиналғандарды атаулы күнмен құттықтап, ақжарма тілектерін ақтарды.

Артынша спорт алаңының ашылу құрметіне орай воллейболдан облыстық турнир жалауын желбіретіп, 14 құрама бап пен бақ таласына түсті. Сарыала доптың жанын, ағаш еденнің шаңын шығарған командалардың барлығы да бас жүлдеден дәмелі екендіктерін бірінші минуттан-ақ көрсетті. Ширақ, шымыр, епті әрі екпінді дүлдүлдер жеңіс тұғырына көтерілуге бар ерік-жігерлерін жұмылдырды. Тәжірибесі толымды, машығы зор қазылар алқасы спорт өрендерінің қабілетін бағамдап, таланттары мен табандылықтарын талқыға салды. Қажыр-қайраты мол, ақыл-айласы басым құрамалар адуынды айқаста алға түсіп, қарсыластарын қарымды қимылдарының арқасында қапы қалдырып, тиісті жүлдерін тақымдай білді.

Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша Кербұлақ ауданының спортшылары бірінші орынның дәрегейіне көтерілсе, Көлбай ауылдық округі мен Талдықорған қаласының құрамалары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
Жарыс жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық, дипломдар мен дәрежесіне қарай медальдар табысталды.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: