Ауыл шаруашылығына аса назар аударды
Бүгін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің кезекті Жолдауын жариялады. Ел дамуының негізгі бағыттары, алдағы мақсат-міндеттеріміз белгіленген Жолдауыдың басты бағыттарының бірі ауыл шаруашылығын дамыту болды.
Еліміз ежелден төскейінде өрген төрт түлігімен тірлігін түзеп, «малым жанымның садағасы» деп ғұмыр кешкен. Сондықтан да көнеден тамыр тартқан тұрмыс үрдісінен ажырамай, қазір де қора-қора малын өрбітіп отыр.
Биыл қуаңшылық пен құрғақшылықтың кесірінен батыс аймақтарда малдың қырылуы, жем-шөптің жетіспешілігі сынды мәселелер белең алды. Тірлігін түзбен байланыстырған шаруалар үшін бұл ауыр соққы болғандай. Осы ретте бұндай түйткілді дүниелердің қайталанбауы үшін жем-шөп алқабын молайту, шабындық жерлерді күтімін арттыру, малдың қыстық азығын дайындау ісіне баса назар аудару керектігін айтып өтті.
Расымен де, Абайша айтсақ қолымызды мезгілінен кеш сермемей, әр нәрсені уақытылы қадағалаған жөн. Жауын-шашын аз болып, мал азығы кемігн батыстағы жағдай бізге сабақ болсын. Ел болып көмек қолымызды сол шаруаларға соза отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін оңтайлы игеруді қолға алған жөн.
Мемлекет басшысы жердің шет елдіктерге сатылмайтыны және жалға берілмейтіні жайлы бұйрыққа қол қойып, кемел шешім қабылдады. Бұл бастамаға барша қазақ жұрты ыстық ықылас танытып, барынша қолдау көрсететіні анық. Шыны керек, қазақ ұлысы ежелден кең байтақ жерінің төсінде еркін көсіліп, көшпелі тұрмыс салтын құп көрді. Отырықшылдық үрдісі кейінірек келгенімен, төрт түлігін өрбіткен сары даланың қасиетін жіті түсінген. Сол алып даланың әр адымында аналардың көз жасы, әкелердің қаны жатыр. Сондықтан да біз үшін туған жердің уыс топырағы да қымбат.
Өзге мемлекеттің өкілдеріне жерді бермеу мәселесінен кейін де көтерілер тақырыптар көп. Соның өзектісі өз азаматтарымыздың немқұрайлығы. Себебі, кей тұлғалар мың гектарлап жерді өз аттарына аударып, қауһары жетпегендіктен түгелдей пайдаланбай, бос жатқанын көзіміз көріп жүр. Ал кейбіреулері жұмысын үйлестіре алмағандықтан жалға беріп, жаңылыс басуда. Сондай жерлерді мемлекетке қайтарып, қолынан іс келетін азаматтарға бөліп беру тақырыбын зерделеуіміз қажет. Өзіміздікі деп табан астына басып, қол қусыра отырудың да қажеті шамалы. Керісінше, еңбек еткісі келген елге табыстап, ең алдымен бұқараның ортақ тілек-талабына құлақ асқан жөн. Бұл жайында Президен кезекті Жолдауында баса айтқаны да қуантады.
Сонымен қатар, субсидия мәселесі де мінберге көтерілді. Соңғы бес жылдықта трлн. Теңге ауыл шаруашылығына бөлінген. Бұл өте ауқымды қаражат. Оның нақты бағытқа қашасы жұмсалғанын да білмейміз. Ендігі ретте еңбек еткісі келетін азаматтарды қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды ретті қолдану ісіне де назар бөлген жөн.
Ержан БИЯХМЕТОВ,
Алакөл аудандық фермерлер ассоцациясының төрағасы, «Бірлестік» шаруа қожалығының басшысы.