Кеше мен бүгін: әйел мәртебесі


Қазақ қашан да қызын құрметтеп, төрге шығарып, әйелін жарым деп сыйлап, анасын асыл қазынам деп бағалайтын дана халық болған. Төле би атамыз: «Қызың жақсы болса, Жайқалып өскен құрағы. Әйелің жақсы болса, Бірінші — иманың, Екінші — жиғаның, Үшінші — ырысыңның тұрағы.» — деп бекер айтпаса керек-ті. Қыз бала әкесінің үйінде болса, сол үйдің қонағы, құт-берекесі. Ұзатылып, ұясынан ұшса, жарының жолдасы, досы, тыныштығы болады. Ал егер дүниеге перзент әкеліп, ана атанатын болса, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді.

Тарихымызға көз жүгіртсек, қазақ қоғамындағы әйелдің негізгі орны отбасы, ошақ қасы болса да, қазақ әйелдері өздерін қоғам қайраткерлері ретінде көрсетіп, өзін-өзі дамытып, дүйім жұртқа үлгі болуға мүмкіндіктері болған. Тарихтағы  Болған ана, Домалақ ана, Дарабоз ана, Қызай ана, Найман ана, Ұлпан аналар – рулы елдің бүтіндігіне қызмет еткен қайраткер тұлғалар болса, Қарқабат, Абақ, Қызай сынды аналар бір рудың ұранына айналып, сол рудың атына негіз болған. Ал Бопай, Ақбикеш, Гауһар, Сапура (Көктемір) сынды  батыр әйелдер қазақ даласына жау шапса, атқа қонып, қару асынып, елі мен жерін қасық қандары қалғанша қорғап, сол жолда жандарын берген. Өткен ғасырдағы Әлия, Хиуаз, Мәншүктер де тарихтағы қазақтың батыр аналарының жалғасы іспеттес. Ал қазіргі қазақ әйелдері ел есінде қалып, есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен жазылған әйел-аналарымыз сияқты бола алады ма?

Елбасы, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Əйел – ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі. Ел болашағының барлығы əйел азаматтардың қолынан өтеді»  деген. Расында, батыр да, ғалым да, ақын да, кім болсын анадан туылып, алдымен ананың тәрбиесін бойына сіңіреді. Өткен ғасырлардағы аналарымыздың негізгі міндеті отбасының ұйытқысы болып, тек бала тәрбиесімен айналысу болса, қазіргі жаһандану үрдісі белең алған ХХІ ғасырдағы әйел мәртебесі мен отбасы, қоғамдағы әйел адамның рөлі қандай?

Әйел адамның мәртебесі — алдымен аяулы жар, екіншіден — ардақты ана, одан кейін үшінші кезекте, жар және ана ретінде орныққан соң, қоғам мүшесі, қоғам қайреткері болуымен өлшенеді. Әйелдің бұл өмірге келгендегі ең үлкен міндеттерінің бірі – дүниеге перзент алып келіп, ерінің ұрпағын жалғастыру болып табылады. Одан кейінгі міндеттердің бірі – балаға лайықты түрде тәрбие беріп, баласын адам қатарына қосып, оны өсіріп, баптау, ер жеткізу. Алдыңғы буын аналарымыз өздерінің осы міндеттерін жоғары деңгейде орындағаны сөзсіз. Ал қазіргі ХХІ ғасырдағы заман талаптары өзгерген сайын, қоғамдағы әйел адамның рөлі де, әйел адамға қойылатын талап та, әйелдердің ішкі жан қалаулары мен армандары да өзгеруде. БҰҰ баяндамасына сәйкес, әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлі туралы мәселе маңыздылығы бойынша жаһандық экологиялық және экономикалық мәселелерден кейінгі екінші орында тұр. Азаматтық қоғамның дамуы қазіргі әлемде ерлер мен әйелдердің рөлінің өзгеруіне әкелетінін байқаймыз, әйелдер шешім қабылдауға көбірек ат салысып, гендерлік теңдікті жан-жақты қорғау дамып келеді.

Кешегі көшпелі кезеңмен салыстырғанда қазіргі жаһандану кезеңінің өмір сүру үрдістері де, талаптары да басқаша. Бүгінгі нарықтық қоғамда, әсіресе, мегаполистік қалаларда көптеген отбасыларда тек ер адамның табысы жете бермейді. Ерлі-зайыптылардың қатар жұмыс істеуін талап етеді. Әкімшілік, емхана және оқу орындары сияқты түрлі орталарда әйелдердің де жұмыс істеуін, істің мәніне үңілместен қоғамның дінсізденуі деп, бір жақты шешім шығаруға келмейді. Әдептілік сақталған жағдайда әйелдердің де қоғамның дамуына үлестерін қосып, еңбек етулері дінімізде де, салт-дәстүрімізде де құптарлық іс. Сонау қиын-қыстау жылдарында елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Әйелдердің соңғы уақытта қоғамдық жұмысқа етене араласуы байқалып, саяси қызметтерде өсуі бекіді, мемлекеттік қызметтерде де нәзік жандылардың салмағы айтарлықтай артып келеді. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшелініп қана қоймай, Отанымыздың жетістіктеріне де тың дем беруде.

Түйіндей айтқанда, әйел қоғамның тірегі, мемлекет дамуының тұғыры. Тәуелсіздік жыл­дарында тыныштық пен тұрақ­ты­лықты сақтауда әйелдер қауымының үлесі зор болған болса, ендігі күні де елдік саясаттың осы бағытында мемлекет те нәзікжандылардан ұдайы қолдауға сүйенеді. Өйткені, Елбасы айтпақшы, ел болашағының барлығы, тыныштық пен тұрақтылық саясатының өзегі де әйел азаматтарының қолынан өтеді. Заманға сай бейімделген дана әйел отбасы мен жұмысын ұштастырып, барлығына уақыт таба алады.

Халқымыз: «Қыз өссе – елдің көркі», «Елді қорғайтын ерлер – ерлерді тәрбиелейтін әйелдер», тағы бірде: «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді  тербетеді» — дейді. Демек, әйел бақытының, әйел тәрбиесінің, салиқалы әйелдің саналы ғұмырының – ұлт болашағына, тіпті әлем болашағының баянды болуына тигізер үлесі орасан зор. Бүгінгі әйел мәртебесі, кешегі аналарымыздың мәртебесінен өзгеше. Бүгінгі әйел отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның дамуына белсенді үлес қосып, Қазақстанның жарқын болашағын құруға барын салатын, жан-жақты әйел. Бүгінгі әйел – батыр әйел.

Ильясова Анеля Ғабитқызы,

                                    «Алматы облысының дін істері басқармасы» ММ

                                                «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» КММ

«Әйелдер контингентіндегі деструктивті идеология                       профилактикасы және оңалту» бөлімінің теолог маманы

Мәліметпен бөлісу: