Жер мәселесі қаралды

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы жанынан құрылған аграрлық секторды дамыту бойынша қоғамдық кеңесінің екінші отырысы өтті. Шараға филиал төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Қожағұлқызы мен облыстық мәслихат депуттары, кеңес мүшелері мен аграрлық сектор қызметкерлері қатысты.

Жалпы суармалы жер мәселесі мен егіндік, дихандар жағдайы көтерілген жиында Ақсу, Ескелді, Талғар, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласында 13,4 мың гектар суармалы жерді пайдалануға, сондай-ақ, ылғал үнемдеу технологияларын пайдалану алаңын 152,3 мың гектарға дейін кеңейту және тамшылатып суаруды 12 мың гектарға дейін ұлғайту, Қарасай ауданы Қаскелең қаласы «Rich Valley» ЖШС-мен 2 гектарға 1 жылыжай құрылысы арқылы жобаны іске асыру және 35 жаңа жұмыс орнын ашу тақырыптары талқыға түсті.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы М.Жапаров өз сөзінде бас партияның 2025 жылға дейінгі даму даңғылымызды айқындаған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы аясындаға «Ауыл тұрғындарының табыстылығын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» міндетінің тоғыз тармағына аталған басқарма жауапты екендігін атап өтті. Әр бағыт бойынша атқарылар жұмыстарды шолып, жоспарлар легімен бөлісті.

Атай кетсек, күн тәртібіндегі мәселелер төңірегінде  облыстағы 6 ауданда 9 су шаруашылығы объектісі жөндеуден өтуде. Нәтижесінде 6692 гетарды сумен қамтуға мүмкіндік тумақ. Бұл нысандар Кербұлақ, Жамбыл, Райымбек, Іле, Талғар, Сарқан аудандарында орналасқан. 

Жердің қадірін қазақтай түсінетін халық кемде кем. Сондықтан да дән егіп терлеген жұрттың жағдайын бағамдап, бұл бағытта атқарылар жұмыстардың қарқынын арттыру қазіргі жаһандану заманында өте өзекті болып отырғаны рас. Түйір дәнен мол азық алып, өнім көлемін ұлғайту үшін суғару жүйеу мен ылғал сақтау технологияларын пайдалану, егіндік жерлерге су апарар канал-арықтарды ретке келтіру ісін ертеңге қалдырмаған жөн. Себебі мемлекеттік экономиканың басты тіреушісі де ауыл шаруашылығы, соның ішінде аграрлық сектор.

Бір қуантарлығы жоғарыда аталған аудандардан бөлек біздің Алакөлде де жоспардағы жұмыстар мол. Ислам банкі арқылы мол қаражатқа суармалы жерлердің көлемін арттыру мақсатында су жүйелерін жаңарту жұмыстары бастау алмақ. Бөлінер қаражат та мол, жұмыс та ауқымды. Біздің тараптан да бақылау жүргізіліп, істің халық игілігіне қарай атқарылуына баскөз болмақпыз.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,

Алакөл аудандық мәслихатының депутаты.

Мәліметпен бөлісу: