Бүгін, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, облыс орталығының Талдықорғанға қоныс аударуының 20 жылдығы аясында айтулы оқиға өтті. Көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында қалада автобус паркі жаңартылды.
«Жетісу» ӘКК арқылы жалпы сомасы 2,3 млрд.теңгеден асатын газбен жүретін 55 экологиялық автобус сатып алынады, олар тасымалдаушыларға 7 жылға лизингке беріледі (жылдық 4% — бен). Оның 32-сі қала тұрғындарына пайдалануға берілді.
Мереке қарсаңында орталық алаңда облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен «Ютонг» маркалы 32 жаңа автобустың алғашқы партиясын-тапсыру салтанаты өтті. Қалған 23 автобус (14 ПАЗ және 9 «Ютонг») жыл соңына дейін Талдықорған көшелерімен жүреді.
«Бірнеше күн бойы жаңа автобустар қалалық бағыттар бойынша сыналды. Жалпы, олар барлық заманауи талаптарға жауап береді. Олардың кейбіреулері – 10 метр, басқалары-8,5 метр, жалпы жолаушылар сыйымдылығы 55-тен 67 орынға дейін. Онда бейнебақылау, кондиционерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды отырғызу — түсіру үшін қайырмалы платформалар көзделген. Сондай-ақ, электронды билеттеу жүйесі орнатылған. Жалпы алғанда, автобустардың өздері барларға қарағанда әлдеқайда кең, оларда мүгедектер арбасына арналған орындар көп. Алғашқы автобустар жолаушылар ағыны ең көп маршруттарға жіберіледі. Ал олардың қаншалықты жайлы және ыңғайлы екенін Сіздер, құрметті талдықорғандықтар, өз беттеріңізбен бағалай аласыздар», — деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, аймақ басшысы автожолдарды жөндеу және қалалық инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасатынын айтты.
Сатып алынған автобустарға жанармай құю үшін қалада автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы салынды және іске қосылды. Бұл ретте жаңа автобустарда жүру тарифі өзгеріссіз қалады.
Осы күні Талдықорғанның 20 жылдығына орай облыс орталығы мәртебесінде оңтүстік-батыс тұрғын ауданының «Болашақ» шағын ауданында көппәтерлі үй пайдалануға берілді.
Тұрғын үйдің жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асады. Барлығы көпқабатты тұрғын үйде 55 пәтер бар.
Бас шаһардың мерейтойы аясында 60-қа жуық отбасы баспаналы болып отыр.Тұрғындарды мерекемен құттықтап, жаңа пәтердің кілтін табыстауға облыс әкімі Амандық Баталов арнайы келді.
Ол өз сөзінде, Талдықорған қаласы облыс орталығы болып ауысқалы бері танымастай болып өзгергендігін айтты.
«Талдықорғанда соңғы 20 жылда аймақтағы барлық салалар бойынша өсу қарқыны орын алды. Қала жан-жақты дамыды. Жаңадан шағын аудандар ашылып, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұның барлығын жасау үшін, қазынаға түсетін салықтың көлемі де артуы керек. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 860 млрд. теңгені құрап отыр. Осының арқасында бүгінгі деңгейге жетіп отырмыз. Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауы да қазіргі нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отырғанын атап өткен жөн»,- деді облыс әкімі Амандық Баталов.
«Шаңырақ»тұрғын үй бағдарламасының қатысушылары жаңа пәтерлердің бақытты иегерлері атанды. Солардың қатарында, ақ жаулықты ана Нүкен Құлбайқызыда бар.
«Балам бүгін құтты шаңырағының кілтін қолына алды. Бұл қоныс тойды ұзақ уақыт күттік. 2005 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде 4 перзенті бар. Балаларым үшін өте қуаныштымын. Баспаналары берекелі болсын. Бүгін тіпті қуанғаннан көзіме жас алып отырмын»,- дейді Нүкен Құлбайқызы.
Айта кетейік, алдағы 5-10 жылда қала тағыда жаңарып, жандана түспек. Келешекте бас шаһар көрінісі бүгінгіден де өзгеше болмақ.