Талдықорған қаласының Алматы облысының әкімшілік орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай волейболдан жарыс өтті.
Спорттық бәсекеде «Жетісу» волейбол клубының қос командасы сынға түсті.
Негізгі және қосалқы құрамның ойынын тамашалауға өңір басшысы, Алматы және Алматы облысының волейбол федерациясының президенті Амандық Баталов арнайы келді.
Қос тараптың арасындағы өзара жарыстың өткізілу мақсаты- жетісулық волейбол клубының дайындығын, бүгінгі деңгейін бақылау. Өйткені, «Жетісу-1» және «Жетісу-2» құрамаларын байрақты бәсеке күтіп тұр. Маңызды ойынның алдында қос тарап бір ширап алды.
Жетісудың кіндік қаласында өткен жарыста Амандық Баталов облыстың беделін аламан додада асқақтатып жүрген волейболшы қыздарға жылы лебізін білдірді.
«Мен үнемі спорттың дамуына көңіл бөлемін. Волейбол-жаныммен егіз. Сондықтанда қашанда қолдау танытуға тырысамын. Сіздердегі жауапкершіліктің жүгі ауыр. Алдағы жарыстарыңызға сәттілік тілеймін. Жеңіспен оралыңыздар»,- деді облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы.
Бұрымдылардан құралған команда арасындағы жарыс бірден қызу басталды. «Сен тұр, мен атайын» деген арулар қайсарлық танытып, ойынның алғашқы сәтінен жеңіске ұмтылды.
«Жетісу-2» жарыстың басынан ҚР чемпионатының 8 дүркін жеңімпазы «Жетісу-1» құрамасынан кем түспейтіндіктерін көрсетіп бақты.
Қос тараптың физикалық дайындығы да мықты. «Өліспей беріспейтіндерін» тағы да бір дәлелдеді. Олар жарыстың үлкен-кішісі, қарсыластың жат-жақыны болмайтынын көрсетті.
Аймақ басшысынан бастап, бар халық қыздарға сенім артып отыр. Үдеден шығу үшін үздіксіз дайындық қажеті анық.
Жетісулық екі команданың тартысты бәсекесінде Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевта төбе көрсетті.
Қыздардың жан беріп, жан алып жатқандығын көрген Нұрбақыт Молдахметұлы олардың осал қарсылас емес екендігін алға тартты.
« Жетісу» волейбол клубының негізгі құрамы үздік екендерін дәледеп келеді. Қосалқы құрамы да осал емес. Олар жастар арасындағы сайыста топ жарған болатын. Енді сол көрсеткішті қайта қайталайтын сәт келді. Екі құрамда алдағы таңда басты бәсекелерге қатысқалы отыр»,-деп атап өтті өз сөзінде.
Айта кетейік, «Жетісу-1» құрамасы қыркүйектің 26-шы жұлдызында Тайланд еліне аттанбақ. Онда олар кубок аралық Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. Ал «Жетісу-2» болса, Кереку жерінде өтетін чемпионатта бақ сынайтын болады.
Жарыс қорытындысына келер болсақ, қыздар арасындағы волейбол сайысында негізгі құрам басымдылыққа ие болды. Осы ретте, бас құрамның70 пайызға дейін жаңарғанын атап өткен жөн. Алдағы кубок аралық Азия чемпионатында «Жетісу-1» су жаңа құраммен өнер көрсетеді.