Ел егемендігін еншілеген тұстан бері мемлекет құрылысында көптеген айтулы жетістіктердің мінберінен көріндік. Көрегендік пен кемел шешімдердің арқасында мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтіп, бүгінде әлем таныған Қазақстанды мыңжылдықтардан «Мәңгілік ел» болу мұратына қарай жетелеп келеміз. Бұл жолда тірсектен қағып, аяқтан шалатын сыбайлас жемқорлық сынды заман дертінің алдын алу және болдырмау өзекті мәселе болып отырғаны жасырын емес.
Тәуелсіздіктің көк туын көтерген отыз жылға жуық тарихымызда парақорлық әрекеттеріне қарсы түрлі реформалар қабылданып, тиісті заңдар да жүзеге асты. Бүгін де қажетті шаралар шеңберінде жүйелі жұмыстар атқарылып, халықтың жемқорлыққа қарсы теріс пікірін қалыптастыру мақсатында орасан істер қолға алынуда.
Айналаға аяңдап бір назар салыңызшы. Заман дамыған сайын адамдардың да араны ашыла түскендей. Ақша үнемі аз, қаражат қалтаға толмай жатады. Бұл ретте адалдық пен адамдық шекарасынан бүлк етпей аттап өткендер бірлеп болсын, мыңдап болсын ақша жымқыруға жақын жүреді. Айласын асырып, пайдасын еселеуге құлқы жоғары бұндай азаматтар жеке басының яки жекелеген адамдарға ғана емес, күллі мемлекеттік ертеңіне қауіп төндіретінін түсінбейді де.
Жемқорлық – жекелей адамдарға ғана емес, күллі дүниежүзі халқына орасан зор зардап әкеліп отырған індет. Бұндай бармақ басты, көз қысты әрекеттердің қай заманда, қай елден тамыр тартқаны белгісіз, алайда қазір әлемді түгелдей жаулап отырғаны ащы шындық. Оны түбегейлі жою мүмкін емес болғанымен, алдын алу және жемқорлық көріністерін азайту – мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің қатарында.
Бүгінде ел аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау, күрес жұмыстарын күшейту күн тәртібіндегі алғашқы тақырып болып отыр. Себебі әлеумет мүддесін көздеген әр салаға жыл сайын миллиардтап қаржы бөлінеді де, жеме жемге келгенде кей бөлігінің қайда кеткені белгісіз болып қалады. Бұл ең алдымен мемлекеттік тұтастық пен қауіпсіздікке төнген қатер және балалардың болашағын ұрлау деп білеміз.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынада айтылған ұлттық кодымыздың, генетикалық жадымыздың сақталуы үшін сыбайлас жемқорлық сынды дерттен аулақ жүргеніміз абзал. Рухани жаңғыра алған кез-келген азамат ел мүддесіне нұқсан келтірмесі белгілі. Егер, сіз алмасаңыз, бермесеңіз онда тауарға деген сұраныс та азая түспек. Егер, сіз бұл олқылықтың жолын бөгеу үшін бар ынта-ықыласыңызды, ерік-жігеріңізді арнасаңыз онда кемшіліктің кесірі кеми түсері айқын.
Пара алу, беру мәселесі бүгінгі таңда кез-келген салаға салмағын түсіріп отыр. Білім беру, медицина, құрылыс, ауылшаруашылығы, мемлекеттік қызмет, жеке кәсіп, құқық қорғау салаларында тіпті балабақшалардың да қақпасынан сығалаған сыбайлас жемқорлықтың уыты кеңінен жайылып келеді. «Бермесең алмайсың» деген түсінік жастың да, кәрінің де көкейіне ұялап алған.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, экономика тамырына уытын жайған жемқорлықпен күресті қоғам болып қолға алған жөн. Сонда ғана ғасыр дерті атанған кесапаттың кесіріне қарсы тұра аламыз.
Бізге көбіне айналаға айтатын ақылды айнаға қарап тұрып айтуды үйренген жөн. Себебі өзгенің сүрінгенін байқау оңай, өз жығылғанымызды мойындау қиынның қиыны. Ұлттық санамызға, болмысымызға, дінімізге, ділімізге де жат дүниеге қарсы тұрыду әр азамат өзінен бастағаны абзал. Сіз түзелмей қоғам да түзелмейтінін ұмытпаңыз.
«Айта, айта Алтайды» демекші, жемқорлыққа қарсымыз деп ұрандатып келе жатқанымызға міне отызыншы жыл толмақ. Тәуелсіздік тұғырын тіктегелі мемлекеттік саясаттың басты прициптерінің бірі де осы болған. Ел егемендігін тіктегеннен кейін Елбасы бір сөзінде: «Сыбайлас жемқорлықпен күрес қылмыскерлерді жазалау жөніндегі табанды шаралар ғана емес. Бұл – мемлекет пен қоғамның күнделікті жұмысының тұтас кешені. Жемқорлықпен күрестегі табыс әлемдік қоғамдастықтың іс-әрекетінің үйлесімді болуына көп ретте байланысты болмақ. Бұл індетпен күресті бір секунд та тоқтата алмаймыз. Керісінше, біз күштірек күресеміз. Бұл жалпы халыққа ортақ іс. Жемқорлық мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Оның тамырына түбегейлі балта шаппайынша, мемлекетте тұрақты өсу-өркендеу болмайды. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» дейтін мәтел бар. Аталған індетке қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз»,- топшылаған еді.
Расымен де, бүгін жемқорлыққа көз жұма қарасақ, ертең қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалатынымыз ақиқат. Теңізге түскен тамшыдай ғой деп, парақорлыққа мән бермегеннен ертең сол тұңғиық теңізге қалай батып кеткенімізді де білмей қаламыз. Ал теңіздің сол тамшыдан құралатынын ескерсек, бүгінгі кішкентай бір қадамымыз ереңгі ұлы істерге бастайтыны хақ.
Жемқорлық – мемлекеттің жаһандық бәсекелестікте ауқымды қадамдар жасауға кедергі болып, елдің беделі мен қауіпсіздігіне көлеңке түсіретін құбылыс. Ең айта кететіні, бұл індет билік пен бұқара арасына іріткі салып, заң мен елдегі әділеттілікке деген сенімін сетінететіні жасырын емес.
Кез келген өркениетті қоғам үшін жемқорлық көріністерімен күрес өзеткі тақырыптардың көш басында тұратыны сөзсіз. Бұл бағыттағы жұмыстар ел аумағында да жүйелі жүзеге асуда. Кейінгі жылдары жылдам дамып келе жатқан ауданымызда да көңіл қуантарлық істер атқарылуда.
Адам баласы жаралғаннан бері бай мен кедей, мықты мен әлсіз сынды қоғамдық бөлінулер де қалыптасты. Ауқаттылар қожайын атанса, тірлігін түзде жүріп күйттеген қарапайым халық құл саналды. Ақшаның, биліктің, байлықтың дәурені жүрді.
Құлдық сана жойылғанымен қаражаты көп қауым өкілдерінің мысы басылмады. Оларға қойылатын кедергі де кем, артылар жаза да аз. Себебі сыны алынғанымен сыры алынбаған сыбайлас жемқорлық, парақорлық секілді сананы улаған, сенім мен серіктестікке селкеу түсірген сырқат талай азаматтардың айылын тартып ұстауда. Айтақын істетуде.
Ақша бар жерде түйіні тарқатылмайтын түйткілді тақырып қалмады. Барлығының өз құны белгіленді.
Көптің көмейінде жүрген көл сауалдың бірі қоғам дертіне қалай қарсы тұруға болады.
Тура айтып туғанына жақпайтын қазақ халқының тектілік тамырына саңырауқұлақша жабысқан сыбайлас жемқорлық бүгінгі таңда ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. Мемлекет қаржысын, қарапайым халықтың несібесін талан-таражға салып, дорбалап емес арбалап жымқыратын әумесерлердің де қарасы көбейді.
Шындық деп шыңырауға үңіліп, сұмдық деп сұмырайға сөз қайтаратын, ел мүддесін өз мүддесінен биік қойып, мансапты мақсат тұтпай, халық игілі үшін алашапқын болып жүрген азаматтар да жетерлік. Қоғам дертінің тамырына балта шабу мақсатында көптеген кемел істер атқарылып, кенен бастамалар да көтерілді. Арнайы заң талаптары бекітіліп, тиісті органдар қарқынды қызмет атқаруда. Алайда бір қатаңдық жетіспейтіндей көрінеді. Жеме-жемге келгенде алғандар «Алмаған», бергендер «Бермеген» болады да шығады. Есесіне, осылай шешім шыққанына ұйытқы болғандар байып жатады, шалқып өмір сүреді. Соңында қара халық сорлап қала береді.
Меніңше, тиынын жесе де, түгелін жесе де қатаң жаза, қатал кесім айтылса креслосын ойлағандар сәл тиылып, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық, көз қысты, бармақ басты әрекеттер де саябырситын еді. Және де сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың алғышарттарының бірі құқықтық сауаттылықты арттыру. Кейде, өз білімсіздігімізден қасқыр тірліктің азуына ілігіп, сан соғып қалатынымыз да бар. «Жемқорлық» атауын естігенде немқұрайлы қарап, өз басымызға төнбейтін бұлт секілді жайбарақатат жүре береміз де, ертеңінде еңіреп отырамыз. Абайша айтсақ қолымызды мезгілінен кеш сермеуіміздің кесірінен осы кеселдің құрбаны болып жатамыз. Сондықтан да құқықтық сананы жаңғырту бұл дерттің жолын бөгеудің алғашқы кепілі.
Бұндағы басты мәселе – қоғамдық бірлік. Өзара келісім мен татулық деп білемін. «Көп тебінсе жер де сілкінеді» демекші, бір жеңнен қол шығарып, келешек үшін кемел бастамаларды жұмыла көтерсек – жемқорлықты тамырымен жоюға мүмкіндік туар еді. Ортақ мәселе болған бұл тақырыпқа келгенде көп азаматтар енжарлық танытып, өз бастарына келмейтіндей үстіртін қарайды. Алайда ертең басыңа көлеңке үйірілгенінде сан соғып, бармақ тістеп қаларың анық. Сондықтан да бүгіннен бастап әрекет ету – болашақтың бұлыңғыр болмауының бір кепілі.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қазіргі замандағы әр мелекеттің де, әр азаматтың да басты мақсатының біріне айналғаны жөн. Себебі осынау жең ұшынан жалғасқан бармақ басты, көз қысты әрекеттер барлық елдердің қауіпсіздігі мен бүтіндігіне қауіп төндіріп, даму үрдісін тежеп отырғаны жасырын емес. Осы ретте біздің де басты приоритеттеріміздің бірі жемқорлықтың жолын кесу сынды тақырыппен тамырлас болу құба құп.
Айдынды Алакөл ауданының аумағында да парақорлықпен күресте елеулі жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, болашақ иегерлері болып отырған жастар арасындағы жүйелі істер үдей түскен. Насихаттық-ақпараттандыру бағытында да қарымды қадамдар жасалуда. «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ілкімді істері де көңіл қуантуда.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ.