Қазақтың бір туар азаматы, Кеңес Одағының батыры, Отан соғысының даңқты жауынгері Бауыржан Момышұлы: «Ешкімде батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» — деген. Расында да бала тал бесікте ата-анасының тәлімін алып, есейе келе өскен ортаның тәрбиесін бойына сіңіреді. Мұнда ер азаматқа берілетін тәлімде өзгешелеу. Олардың басты міндеті — Отан алдындағы борышын адал атқарып, елінің амандығын сақтауға бағытталады. Анасынан ерте айрылған Ұлан Мырзабек ата, әжесінің тәрбиесінде болады. Қапшағай қаласында 2000 жылы дүниге келген жас «Орта мектеп-гимназия мектепке дейінгі шағын орталығында» білім алып, кейін Астананың «Жас Ұлан» республикалық мектебіне ауысып, оқуын жалғастырады. Одан Петропав қаласының Ішкі істер министрлігінің университетін тәмамдайды. Қазіргі кезде ол — Ақтөбенің ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 6655-әсери бөлімінің лейтенанты. Ұлан Мырзабай әжесінің сөзіне қарағанда, жастайынан ожет, тік мінезді, айтқанынан қайтпайтын, қайсар болатын дейді. Осы қайтпас мінез сол күні, яғни Ақтөбеде басталған жаппай тәртіпсіздікте де көрініс тапқан. Сол күні көпшілік ішінде дүблең ұйымдастырып, халықтың мазасын алушылардың бірі келіп, өздерінің қатарына қосылуын, билікке қарсы шығуға үгіттеушілерге қаймықпай «Антыма адалмын» деген сөзі, барша қазақтың жүрегін тебірентіп, патриоттың сезімге жетелегені анық. Осылай ерлік көрсеткен жігіттің әркеті, салмақты сөзі еліміздің қорғаны болатын нағыз Ер азаматтарының барын, оның ізін жалғастырар кейінгі ұрпаққа үлгі болғаны, әсіресе жерлестерінің мақтанышы болғаны да сөзсіз. Қазіргі заманның батыры атанған Ұланның шаңырағына Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Берік Фатықұлы арнайы барып, әжесімен әдемі әңгіме жүргізіп, батыр балаға мықты білім мен өнегелі тәрбие берген қарт анаға өңір басшысының алғысын жеткізіп, гүл шоқтарын ұсынып өз ризашылығын да жеткізді. Ел мен халықтың басына күн туған уақытта өз борышын аброймен атқарып, ата-анасы мен әже-атасының сенімін ақтап, бүкіл Қазақстанға мақтан тұтар Ұландай жалындаған жастарымыз, арқасүйер азаматтарымыз көп болсын. Қашанда еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай!