Ауқымды дүниелер айтылды

Көптен күткен Жолдау… Қаңтар оқиғасынан есеңгіреп қалған қарақұрым халық мемлекет басшысының өзгерістерге бастайтын бастамаларын тағатсыздана тосқандай. Барлығымыз да көгілдір экранға телміріп, президенттің әр сөзіне мән бере тыңдадық. Ауқымды дүниелер айтылды, «Жаңа Қазақстанға» қарай басқан қадамдарымыздың қарымы енді арта түседі деген ойдамын.

Болжамалы дүниелер де көп болды. Қоғамның көңілінде көлкіген көл мәселелердің барлығына байлам болмағанымен, бұл жолғы Жолдау біршама тақырыпқа нүкте қойғандай. Бұның барлығы мызғымас іргетасты қалаудың алғышарттары деп білемін.

Дағдарыс пен дүрбелең белең алған дәуірдің дидары мынау. Қымбатшылық, жанжал, соғыс, пандемия… Бұлардың барлығының салдары қазақ даласына құзынша шүйіріліп тұрғаны да рас. Ендігі ретте билік тарапынан нақтылы қадамдар керек болды. Соның бастамасын бүгін естідік.

Жеті өзені еркелеген киелі өңірімізге Жетісу облысы деген атау беріліп, өңіріміздің екі облысқа бөлінуінен де көп артықшылық күтелік. Жаңа атау жаңа белестерге, тың идеялар мен тыңғылықты жұмыстарға бастаса құба құп. Қапшағай қаласына біртуар азамат Д.Қонаетың есімін беру ұсынысы да барлығымыздың көңілімізге сәулесін себездегендей.

Бұдан бөлек ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлының есімін еншілеген және Ұлытау облыстарының да құрылуы жағымды жаңалық.

Жолдауда көтерілген мәселелердің мәнділерінің бірі бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа тынысы. Мемлекет басшысы бұл жайында: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті жән еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының елімізде, әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты өз көзқарастары болу керек. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты»,- деді.

Барлығымыз білетіндей қаңтар оқиғасы кезінде де ғаламтор беттерінде ақпараттық майдан орын алды. Елді араңдатушы, бүлікке бастағыз азаматтар өз ұстанымдарын ту қылып көтеріп, бұқараны жаңылдыруға да тырысты. Бұл ретте нақты әрі дәлелді ақпарат беруде ресми БАҚ өкілдері көп жұмыстар атқарды. Яғни, журналистердің қызметінің маңыздылығы бір байқалды.

Төртінші билік өкілдері саналатын қалам ұстаған қауымға еркіндік берілсе, шындық мен ақиқатты баса айтып, бәсекелесттікке де барынша лайық болмақ. Дүйім жұрттың талап-тілегін арқалап, ұсыныс-сұраныстарын да жоғарыға дөп жеткізетін – журналистер. Сондықтан да халықты ақпараттандыру ісінде де жаңашылдықтарға орын беріп, барыншы қолдау көрсетілсе көптеген дүниенің шекпенінен ұстауға мүмкіндік бар.

Айтылған сөздер ауқымды жұмыстарға жалғасса нұр үстіне нұр болмақ. Бұқара күтті, билік уәде етті. Ендігі міндет барлығын да өз жүйесімен орындау.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,

«Алакөл» аудандық газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты.

Мәліметпен бөлісу: