Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан Халқына арналған Жолдауын мұқият тыңдап, болашаққа зор үміт арттым. Бұл Жолдауда еліміздің әр азаматы үлкен сеніммен тыңдағанына сенімдімін. Өйткені, Жолдау еліміздің ертеңі мен ұрпағымздың болашағына деген баға жетпес бағдар екені анық байқалды.
Қ.Тоқаевтың бүгінгі Жолдауын маңызы ерекше , ауқымы кең, күрделі саяси ұстаным деп білемін. Президент Жаңа Қазақстанды құруға кіріскенімізді айта келіп, бұл жолда халқымыздың береке-бірлігінің өте қажет екеніне тоқталды. Мысал ретінде, «Қасіретті қаңтар» оқиғасының еліміздің Тәуелсіздігіне қауіп төндіргенін, бұл бүлікті береке-бірліктің арқасында жеңгенімізді мақтанышпен айтты.
Мемлекет басшысы «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген халқымыздың даналығын ескере отырып, жалған ақпараттарға сенбей, халықты «Жаңа Қазақстанды» бірлесе отырып құруға шақырды. Кейбір опасыз шенеуніктердің билікке күйе жағу үшін астыртын топ құрғанын, «Іштен шыққан жау жаман» деп, тағы да азаматтарға халық даналығын еске салды. Бірақ, содырларды өз күшімізбен жеңгенімізді айта келіп, еліміздің тыныштығы үшін жан қиған азаматтарға тағзым етті.
Құрметті, жерлестер! Президентіміз сол кезде шұғыл және қатал шешім қабылдау арқылы іргеміз сөгілмей, Тәуелсіздігімізді сақтап қалдық деп ойлаймын. Сонымен қатар, Президент Қазақстан халқының экономикалық, әлеуметтік жағдайларын көтеру мақсатындағы көптеген пікірлерді ортаға салды. Халықтың арасында нағыз бәсеке қалыптастырып, жасанды монополияларды жою керектігін ұсынды.
Сондай-ақ, сайлау жүйесін жетілдіру, партия жүйесін кеңейту, құқық қорғау институттарын күшейту сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, журналистерге елінің әр азаматының жанашыры ретінде қызмет ету маңыздылығына тоқталды.
Қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстары жайлы пікір білдіре отырып, елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруды ұсынды. Өйткені, бұл ұйымдардың халық арасында зор институцианалды әлеуеті бар екенін айтты. Бірліктің бастауы болған Ұлы дала дәстүрлерін жалғастыруды да назарға ұсынды. Бұл ұсыныстар Ана ретінде менің жүрегіме қуаныш ұялатты. Ата-баба дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды бағалай білсек, біздің ұрпағымыз қоғам тұрақтылығын орната алады. Осы орайда, облысымызда, әр ауданда, Аналар кеңесі «Ұрпақ сабақтастығы» аясында өте ауқымды жұмыстар жүргізуде.
Бүгінгі Президент Жолдауы еліміздің береке-бірлігі, жүрегінде жүрген арманы, көңілінде жүрген үміті деп білемін. Президент мемлекетімізде бірнеше облыс аймақтарын қайта құруды да хабарлады. Біз өте қуаныштымыз. Бұл орайда елдің еңсесі көтеріліп, болашаққа үлкен үмітпен қарайтыны даусыз.
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл қоғамның жаңғыруы керектігін, жарқын болашақты өз қолымызбен жасауға шақырды. Өзінің азаматтардың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалайтынын айтты. Елінің амандығының, жерінің тұтастығының жолында бар жауапкершілікті мойнына алатынын түсіндірді.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан туады» дегендей, ел үмітін ақтайтын ерді қолдайық, ағайын!
Ұ.Дүйсебаева
Аудандық аналар кеңеснің төрайымы