Жемқорлықпен күрес – басты талап


Қазақстанның дамуын тежейтін, мыңжылдықтар төрінен «Мәңгілік ел» болу мұратымызға қарай басқан қадамдарымыздың қарымын азайтатын кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл – қаражат бар жерлерді жағалап, мемлекеттік қауіпсіздік пен жекелей азаматтардың да болашағына орасан зор қауіп төндіретін құбылыс. Оның алдын алу және барынша күрес шараларын қатаңдату, ұлғайту басты мақсаттарымыздың бірі болып отыр.
Бармақ басты, көз қысты әрекеттердің тамыры батпаған сала жоқ. Балабақшадан бастап үлкен мемлекеттік мекелерде де кеңінен көсілуде. Осы ретте түсіндірме-насихат жұмыстарын жүргізіп, профилактикалық шаралар ұйымдастырудың өзектілігі артып келеді.
Жуырда аудан әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кеңесшісі, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аудандық филиалының жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты А.Есенбеков «ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитетінің Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ Алакөл балық инспекциясы бөлімінің қызметкерлерімен жолығып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
А.Есенбеков өз сөзінде: «Жемқорлық – жекелей адамдарға ғана емес, күллі дүниежүзі халқына орасан зор зардап әкеліп отырған індет. Бұндай бармақ басты, көз қысты әрекеттердің қай заманда, қай елден тамыр тартқаны белгісіз, алайда қазір әлемді түгелдей жаулап отырғаны ащы шындық. Оны түбегейлі жою мүмкін емес болғанымен, алдын алу және жемқорлық көріністерін азайту – мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің қатарында.
Бүгінде ел аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау, күрес жұмыстарын күшейту күн тәртібіндегі алғашқы тақырып болып отыр. Себебі әлеумет мүддесін көздеген әр салаға жыл сайын миллиардтап қаржы бөлінеді де, жеме жемге келгенде кей бөлігінің қайда кеткені белгісіз болып қалады. Бұл ең алдымен мемлекеттік тұтастық пен қауіпсіздікке төнген қатер және балалардың болашағын ұрлау деп білеміз»,- дей келе, жемқорлық дертінің алдын алу шаралары жайлы ақпарат беріп өтті.
Жоғары аталған бөлім басшысы Қ.Жуманкулов қызмет барысында жемқорлыққа жол бермеу, адалдық пен әділдіктің туын тік көтере ұстау және мемлекеттік саясатты оң бағытта жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Шара соңында бөлім қызметкерлері тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар айтылып, тиісті жауаптар берілді.
Ш.КУЛЕНОВА,
Алакөл балық инспекциясы бөлімінің маманы.

Мәліметпен бөлісу: