Киелі жерлер картасы жаңартылуда

Барша жұрт бағдарламалық деп баға берген Елбасымыздың соңғы мақаласында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық пен М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайының ұйытқы болуымен жеті өзені еркелеген Жетісу өңірінің киелі жерлері қайта араланып, сакралды орындардың тізімі толықтырылуда. Осы ретте ауданымызға арнайы ат басын бұрған алқалы топтың сапары Ырғайты ауылдық округінің аумағында орналасқан Асусай ортағасырлық қалашығынан бастау алды.

 

Дархан даламыздың жомарт тұлғасы Б.Оспановтың демеушілігімен аталмыш аумақта қазба жұмыстары жүргізіліп, көне қорғанның көмбесі ақтарылған болатын. Нәтижесінде, Асусай қалашығы ХІ-ХІІ ғасырлардың орта шенінде егінші халықтың маусымдық мекені ретінде қолданылғаны анықталды. Бір айта кетерлігі 50-60 жыл шамасындай ғана өмір сүрген қонысқа құбырлар жүргізіліп, ауыз су мәселесі толықтай шешілген. Шағын тас диірмендер мен түрлі қыш ыдыстардың бөліктері де табылған. Айналасында егіндік және жайылымдық жерлер болғандығы анық байқалады. Қорғанның қабырғаларын көктемгі тасқындар шайып кеткендіктен, уақыт сынына шыдас бермеген қалашықтан аз-кем дүние қалған. Лауазымды яки беделді тұлға жерленген мола мен топырақ кірпіштен қаланған нысанның бөлігін ғана көруге болады. Алайда, жер қойнауына бұққан әлі де талай сыры мен шындығы бар деген ойдамыз. Себебі, маусымдық қоныс толықтай зертелмеген, тарихы түгелдей жазылмаған.

Бұдан кейін Лепсі ауылдық округіне табан тіреген топ аталмыш елді мекенде орналасқан балбал тастар жайлы молынан мағлұмат жинап, әр ескерткіштің ерекшелігін екшеп, өткеніне үңілді.

Тәңірдің рақымы жауған айдынды Алакөлдің аумағында киелі жерлер жетерлік. Әзірге, жиырмадан астам сакралды орындар анықталып, картасы жасалған. Алайда, тарих тамыры тереңге кеткен өңірдің ашылмаған сыры да мол болуы үйреншікті құбылыс. Осындай іс-сапарлардың ықпалынан ғасырлар қойнауына сіңіп, жоқ болған өткеніміз қайта жаңғыратынына кәміл сенімдіміз.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: