Жуырда ғана Әзірбайжан Республикасының астанасы Баку қаласында греплинг күресінен Әлем чемпионаты жалауын желбіреткен болатын. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының сапында өнер көрсететін алакөлдік адуынды азамат Жомарт Болатханұлы байрақты бәсегеке жанкүйер болып отырған жұртының намысын жұдырығымен қорғауға аттанған еді. Бабы да, бағы да келіскен балуанымыздың жауырыны жер иіскемей ширек финалға дейін сүрінбей жетіп, әлемнің алты дүркін чемпионы, боз кілемнің нағыз қожайыны атанған Ресейлік Руслан Абдулаевқа қана есе жіберіп, дүбірлі доданың қола жүлдесін Алакөлге арқалап келді.
Жерлесіміздің еңбегін ескерусіз қалдырмаған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Садиев, жеңімпаздың бапкері А.Нұрланұлы, жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Ж.Наурызбаев алакөлдік спорт сүйер азаматтардың, жолын қуған ізбасарларының басын біріктіріп жалпақ жаһанды мойындатқан Жомартты тиісті дәрежеде қарсы алды.
Темірді қызған кезінде соғуды мақсат тұтқан Ж.Наурызбаев «Leadership» жобасының аясында Ж.Болатханұлымен татамидегі өмірдің қазанында қайнаған үздік жас спортшылардың кездесуін ұйымдастырып, балуанның шеберлік-сыныбын тамашалауға мүмкіндік сыйлады.
Қоржынымызды әлемдік дәрежедегі жүлдемен қампыйтқан балуанымыздың спортқа деген ынта-ықыласы бесінші сыныптан ояна бастайды. Құлын күнінен құнаннан озған бала Жомарт балғын шақтарынан бастап түрлі додаларда топ жарып, елдің назарына ілігеді. Дәл осындай дәреженің дәрегейіне көтерілуіне спорт әліппесін әріптеп оқытқан Ш.Қамбаров пен тәртіпке бағынып, өзіне талап қоя білуді үйреткен қазіргі таңдағы бапкері А.Нұрланұлының сіңірген еңбегі орасан зор. Немересі кілемге шықса тақымын қысқан әз әжесі мен алтын құрсақты анасының, тел өскен бауырының да қолдап, қолпаштауының ықпалы тигені айқын.
Бұл жүлде Жомарттың алғашқы да, соңғы да жетітігі емес. Оның осы күнге дейін жеткен айтулы жетістіктерін тізбектер болсақ ол Джиу-джитсудан ҚР-сы кубогының (2013ж), Профи-файт спорт түрінен ҚР-сы чеипионатының жеңімпазы(2015ж) атанды. Сондай-ақ, греплинг күресінен Қазақстанның екі дүркін чемпионы және Азияның күміс медалінің иегері. Бұл білекті балуанымыздың бағындырған белестерінің бір парасы ғана. Бұдан өзге аудандық, облыстық турнирларда қанжығалаған жүлделерінде есеп жоқ.
Өңір спортының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, жастарға өнеге боларлық өреніміздің жеңісі тағы да құтты болсын. Алдағы алар асулары аласармасын. Қазақтың Жомарты, Алакөлдің Жомарты жасасын!
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.