Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы БЖЗҚ жұмысын жоғары бағалады

Мамыр айының басында Эстония астанасы Таллинн қаласында Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ) Good Practice Award for Europe 2022 марапатын алуға арналған байқау қорытындысы жарияланды. «Озық тәжірибесі үшін ХӘҚҚ марапаты – бұл әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінің жұмыс әдістерін жақсартудағы қажырлы еңбегі мен жетістіктері үшін берілетін құрметті мадақ. Сыйлық ХӘҚҚ-ға мүше ұйымдардың әлеуметтік қамсыздандыруды басқару саласындағы озық тәжірибесін мойындап, әрі мекемелерге өзінің өзекті әкімшілік бастамалары мен инновациялық шешімдерін жаһандық аудиторияға ұсынуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, 2008 жылы іске қосылған сәттен бастап озық тәжірибе үшін марапатқа 1,200-ден астам өтінім келіп түсті, бұл өтінімдер барлық аймақтағы мүше ұйымдардың операциялық және әкімшілік жетістіктерінің ауқымын көрсетті», — деп атап өтті қауымдастық өкілдері.

Биыл байқау лауреаттарының сапында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы 2017-2021 жылдарға арналған Корпоративтік стратегияны жүзеге асырғаны, атап айтқанда, салымшыларды қызметпен тең көлемде қамтамасыз ету, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру есебінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жетістіктері үшін ерекше үздік грамота алды. БЖЗҚ өкілдері марапаттау рәсіміне онлайн форматта қатысып, марапат Эстония Республикасындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің өкілі Мейрам Мұташевке табысталды.

Айта кетейік, 2022 жылғы байқау аясында Еуропа аймағының 20 елінен ХӘҚҚ-ға мүше 32 ұйымнан 96 өтінім  түсіп, солардың арасынан БЖЗҚ ғана осындай құрметті марапатқа ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-ның 2017-2021 жылдарға арналған Даму стратегиясы қызмет сапасын арттыру және қызмет көрсету арналарын әртараптандыру есебінен халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мен жетілдіруге бағытталған болатын. Оң нәтижеге жету үшін БЖЗҚ өз қызметін ең үздік әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, соның ішінде ХӘҚҚ ұсынымдары мен нұсқаулықтарына сәйкес оңтайландырды.

Стратегияда айқындалған зейнетақы қызметтерін дамыту мен сапасын арттырудың негізгі бағыттарының бірі – қатысушылардың тікелей, электрондық және қашықтан қызмет көрсету форматтарын дамыту арқылы зейнетақы қызметтеріне теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету болды. Бұл ретте өткен жылдар ішінде БЖЗҚ өз сайты және  ұялы қосымшасы, e-gov порталы мен мобильді қосымшасы арқылы электрондық форматта көрсетілетін зейнетақы қызметтерінің тізбесін кеңейтіп, қазіргі уақытта Қор қызметтерінің 93% астамы ыңғайлы және жедел электрондық форматта көрсетіледі. Салымшылар мен алушылар үйден шықпай-ақ, бірнеше минут ішінде Қордың барлық қызметтерін пайдалана алады.

Электрондық қызметтердің қарқынды өсуі мен дәріптелуі БЖЗҚ-ның операциялық шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Бөлімшелер қатары 231 кеңседен 176 дейін қысқарып, штат саны 35% азайды.

Даму стратегиясын іске асырудағы бес жылда зейнетақы жинақтарының көлемі 6,4 трлн теңгеге көбейіп, яғни 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 13,1 трлн теңгені (ЖІӨ-нің 16,1%) құрап, іс жүзінде екі есеге артқанын да ұмытпаған жөн. Зейнетақы жинақтарының орташа жылдық өсімі осы кезеңде ЖІӨ өсімінен асып түсті. Зейнетақы жинақтарымен қатар, зейнетақы жарналарының, инвестициялық табыстың, зейнетақы төлемдерінің және т.б. өсуі байқалады. Зейнетақы активтерінің 2017-2021 жылдардағы орташа жылдық кірістілігі орташа жылдық инфляция 6,7% болғанда 9,6% жетті. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі (ЖЗҚ) енгізілген сәттен бастап жинақталған кірістілік көрсеткіші 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жинақталған инфляция деңгейінен 1,2 есе асып түсті (кірістілік 681,13% және инфляция 546,77%).

2017-2021 жылдар аралығында жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар (МЗЖ бойынша бірегей салымшылар мен алушылар) саны 1,9 млн адамға немесе 20,9% көбейіп, 10,9 млн адамға жетті. 2022 жылдың 1 қаңтарына жарналардың барлық түрі бойынша жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 11,5 млн бірлік болды. ЖЗШ-ның орташа жылдық өсу қарқыны осы кезең ішінде 4% жетті. Айтпақшы, 2021 жылы ЖЗЖ белсенді қатысушыларының саны (ЖЗШ-ға бір жыл ішінде ең болмағанда бір МЗЖ түскен) 7 млн адам немесе жұмыспен қамтылған халық санының 79,5% құрады. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, жұмыс істейтін халық саны 8,8 млн адам.

Зейнетақы жүйелерін басқару, қамтуды кеңейту, қоғамның қаржылық сауаттылығын арттыру және нығайту – бұл күрделі де кешенді үрдіс. БЖЗҚ салымшылар мүддесін бәрінен де жоғары қоя отырып, келешекте барлық тараптармен нәтижелі диалог құруды жалғастыра беретін болады.

Анықтама. 1927 жылы құрылған Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығына (ХӘҚҚ) 150 елден 350 мекеме мүше. ХӘҚҚ маңызды ұлттық әкімшіліктер мен әлеуметтік қамсыздандыру агенттіктерін біріктіретін халықаралық ұйым болып табылады. ХӘҚҚ ақпарат таратып, зерттеу жүргізіп, кеңес береді және өз мүшелеріне бүкіл әлем бойынша әлеуметтік қамсыздандырудың іс-әрекет саясатын қалыптастыруға арналған алаң ұсынады.

ХӘҚҚ-ның негізгі мақсаты – әлемдегі жаһандану үрдісінің әлеуметтік аспектісі ретінде әрекетті әлеуметтік қамсыздандыруды насихаттау, әлеуметтік қамсыздандыруды әкімшілік басқаруды жоғары деңгейде қолдау болып табылады. ХӘҚҚ жаһандық басым бағыттарды дамыту мен жүзеге асыруда инновациялық тәсілдерді бейімдеп, қолдана алатын, дәйекті, белсенді операциялар мен болашақ саясатқа, сондай-ақ, әлеуметтік қорғау жүйесіне кепілдік берілген қолжетімділікті қамтамасыз ету бағдарламаларына бағытталған әлеуметтік қамсыздандыруды қолдайды. Өз кезегінде БЖЗҚ 2015 жылдың 1 мамырынан бастап аталған қауымдастықтың мүшесі атанды.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі

Мәліметпен бөлісу: