Азия төрінде алакөлдіктер

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылында сombat ju-jutsu-ден жасөспірімдер ұлдар мен қыздар, жастар мен ересектер арасында Азия чемпионаты жалауын көтерді.

16-18 маусым арасында өткен дүбірлі додада алакөлдіктер де жүлдесіз қайтпады. Қоржынға төрт алтын, екі күміс салған үшаралдық «Жекпе-жек» командасының спортшылары Қазақстан құрамасының сапында сайысқа түсіп, қарсылас шыдатпады. Шеберлер арасында жарысқа қатысқан Арнұр Нұрланұлы жеңімпаз атанып, Азия чемпионы болды. Айбол Ахметов жастар арасында, яғни +18 жас аралығында сайысқа түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді. 16-17 жас аралығында қарсыластарын қоғадай жапырған Қуаныш Жұмабай мен Амина Қамет алтын медаль тақса, Асуар Садырбек екінші орын алды. Ал 14-15 жас аралығында жарыс жолына шыққан Айжан Мұратқызы Азия чемпионы атанса, Айханым Абылай күміс жүлдеге қол жеткізді.

Ұлттық құрама сапында үнемі жарысқа шығатын алакөлдіктер бұл жолды да мықтылығын дәлелдеді. Жекпе-жек мектебінің жоғары деңгейі бұдан әрі де жоғарылай береді деп сенеміз.

А.СҮЛЕЙМЕН.

Мәліметпен бөлісу: