Алматы облысында «Рухани керуен» жобасы іске асты

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық Дін істері басқармасының басшысы Есдәулетов Рахмет мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың 6 қыркүйегінен бастап Талдықорған қаласында «Рухани керуен» атты жоба бастау алған. Жоба мақсаты Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі, дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, рухани құндылықтарды жаңғырту және диструктивті діни ағымдарға қарсы күресу, әрбір Қазақстан азаматының рухани санасын жаңғырту, туған жеріне деген сүйіспеншілік және патриоттық сезімдерін арттыру.

Әр ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, ұмыт қалған салт-дәстүрлерді жаңғыртқан керуеннің сапары сәтті аяқталды. Алматы облысына қарасыты 18 аудан мен қалаларды аралап, келелі кездесулер өткізген Керуеннің ұжымы қорытынды жиынын ағымдағы жылдың 15 қарашасында өткізді.

Жоба барысында облысымыздың зиялы қауым өкілдері жергілікті мекендерді аралап, аудан активімен кездесу, «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен сұхбат, «Денсаулық — болашақ кепілі!» тақырыбында медицина саласындағы қызметкерлермен жүздесу, «Рухани жаңғыру: туған жер – алтын бесік» тақырыбында сурет және кітап көрмесі, «Ақпараттық түсіндіру жұмысы – діни сауаттылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейді» тақырыбында білікті дінтанушы ғалымдардың дөңгелек үстелі, деструктивті діни ағым ықпалына түскен азаматтармен оңалту жұмыстары, «Рухани мұра» атты концерттік бағдарлама, шығармашылық топтың мәдени-рухани «Дертке дауа-Хақ жолы» қойылымдары өткізілді.

«Ұйымдастырып отырған шарамыз халықтың үлкен ықыласына бөленді десек те болады. Үш айға созылған керуеніміз өте сәтті аяқталды. Себебі, тек халық қана емес, сонымен қатар, топ мүшелері де рухани азық жинап қайтты. Алдағы уақытта біз тағы да осындай жобаларды дүниеге алып келеміз деген ойдамын », — деп қорытындылады Р. Есдәулетов.

Мәліметпен бөлісу: