Есенбеков Алмат Асхатұлы

Талант – жүздің емес, мыңның ішінен таңдап беретін тәңірдің ұлы сыйы. Өнер – адамға туа бітетін өте сирек қасиеттердің бірі. Өмірдің шапағатын, ғасырдың ғаламатын, тағдырдың тамашасын, уақыттың бағалысын сырлы жанарымызбен, қымбат қалауымызбен, сәтті, сәтсіз қадамымызбен әркім өзінің жазмышына орай көріп, біліп, сезініп келеді. Қандай да бір дүние ұғымын ұғыну жолында жазылып кеткен, сиясы кепкен, өткеннің ескірсе де естен кетпес естелік жәдігері болған жазушы, ғалымның, атақтының адуынды афоризіміне, абырой жолындағы әрекетіне, керемет кітабына көз салмау, оны санаға сіңірмеу, мән бермеу мүмкін емес. Өзгеден үлгі алу арқылы болашаққа бет бұруда өзіндік үлгі қылып қырға шығуда, адамдық тегіс жолда алға жүруде жетістіктің жарты бастауы танымалдылық төрінде көзге түскен алып та абыройлы тұлғалардың қадамына қызығып, сол жолда төккен теріне, еткен еңбегіне таңданып, еліктеп жатамыз.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, жасындай жарқ етіп жанған сәуле, көптің көмейіндегі көмескі ойды қозғаған журналист, жауһар жыр жолдары жалын атқан ақын, Маржан шельфіндей көкірегінде тербелген асыл сөздерді қағаз бетіне түсіре білген жазушы, жанындағыларды бір іске жұмылдыра білген ұйымдастырушылық қабілеті басым қоғам белсендісі – Есенбеков Алмат Асхатұлы. Өмірге ерекше ұмтылыспен ден қойып, көңіл көктемі қашан да бүр жара қараған, бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған, «Алакөл» аудандық газетінің бас редакторы, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі, «Бір арман» қайырымдылық қоры мен еріктілер тобының төрағасы Алмат Асхатұлы 1994 жылы Алматы облысы, Сарқан ауданына қарасты Көкөзек ауылында дүниеге келді. 
Бақытты балалық шағын, зеңгірі аспан тіреп, шыңдары бұлтпен тілдескен асқаралы ақ самайлы Алатаудың бауырында өткізген жас кішкентайынан ерекше, алғыр, зерек, өмір көрген ата-анасынан ұлттық болмыс пен қара сөздің мәйегін санасына сіңіріп өсті. Алып бәйтеректің беріктігі, тереңге тартқан тамырында болатыны секілді, текті атаның таңдаулы ұлы бола білген Алмат Сарқан қаласындағы Абай атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындады. Алғашқы білім ордасы – үлкен өмірге бет алған әрбір жұмыр жүректі жастар үшін үлкен баспалдақ, дұрыс бағытты сілтейтін бағдаршам ғана емес, тарғыл тағдыр желі үйіріп соққанда да тайып жығылмайтын тұғырға шығара білетін, адами асыл қасиеттер мен тұлғалық болмысты қалыптастыруға сеп болатын қасиетті мекен. Мектеп қабырғасында жүріп, білім ордасының өмірімен етене араласып кеткен жас Алматтың бойындағы таланты, әдебиетке деген ұмтылысы, қабілеті бесінші сыныптардан-ақ көріне бастады. Түн баласы жамылып, жазған өлең шумақтары өзінше ұйқас тауып, жүрген ортасы мен өміріне қымбатты жандардың есімдері мен махаббат мейірімдері өлең жолдарынан көрінді. Осы бір оқыстан үйіріп алып кететін теңіз үстіндегі құйындай, шабыт шіркін жетекке алғанда санасында тербелген жыр мен сезім қағаз бетіне түсіп, сиясы кеппей жатып-ақ өз оқырмандарын тауып жатты. Осының өзі-ақ жүрегін жалын, ниетін адалдық, қаламын қуат иектеген Алмат Асхатұлының бойында бір үлкен күштің, ерекше қабілеттің, мыңның біріне бұйыра бермейтін ерекше таланттың бүр жарып келе жатқанының айғағы еді. 

Осылайша, отты сөздері өзекке түссе өртеп жіберетін Алмат Асхатұлының ақындық өнермен таныстығы бесінші сыныпта басталып, мектепішілік, қалалық, аудандық мүшәйраларда топ жарып, облыс, республика көлемінде де жүлделі болып жүрді. Өлең бесігінде тербелген ақын, қаламға деген құштарлығы мен әдебиетке деген шексіз махаббатының арқасында тағдыр торабын да жазушылықпен байланыстырып, журналист мамандығын таңдайды. 2012-2016 жылдары Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алған жас маманның алғашқы еңбек жолы «Алакөл» аудандық газетіне қызметке орналасумен басталады. 

Адамды жан тыныштығына зар қылып қоятын қауіпті дерттің бірі – сөз өнері. Ойдың дәнегі өзегіне түсіп кетсе болғаны ол бүршік атып, ақынның пенделік азаттығы кісенделіп, бүкіл сезімін, ақыл-ойын, ерік-жігерін билеп-төстеп алатын шығармашылығының тұтқынына айналады да қалады. Әлемге әйгілі қаламгер Габриэль Гарсиа Маркес «Өмірді жырлау үшін өмір сүру» атты естеліктер кітабында жазу үстеліне отырмау үшін үнемі сылтау іздеп өткенін жасырмапты. Өйткені, құйрығы орындықты иіскеген күннен бостандығы құрықталатын қаламгер айлар, кейде жылдар бойы мүлде басқа әлемде өмір сүріп, тәуелсіздіктің таза ауасымен тыныстай алмай, рахат іздеген жанын тар бөлмеде тұншықтырып, өз еркімен оны шығармашылықтың түрмесіне қамайтын көрінеді. Жазушылық дегеніміз бақытсыздық қана емес, сонымен бірге, «Адам жүрегіндегі туған асыл сезімдеріңнің бәрін жалмап жеп қоятын – қауіпті дерт» екенін Бальзак та жақсы түсінген. Шығармашылық дерті асқынғанда дүние жалғанның пенделік қызығын ұмытып, жанын тозақтың пешіне лақтырып сынап, өнерін ғана өліп-өшіп сүйетін әпендіні дені сау жандардың қатарына қосу әсілінде қиын. Ол өмірдегі кез келген құбылысты, тіпті, халықты қынадай қырып, зар илеткізген қайғы-қасіреттер – табиғи апат, індет, ашаршылық, қанды-қырғын соғыс т.с.с. бәрін де алдағы уақытта жазатын шығармасының тақырыбы ретінде зерттейді. Ұлы суреткер бөтен біреу түгіл, өз жүрегінде болып жатқан құбылыстарға да эстетикалық қызығушылықпен қарамай тұра алмайды. Алмат Асхатұлы да міне осындай жан. Ақын, жазушы, журналист…

Талаптың тұлпарын тақымға қысып, тұрмыс қамшысы жиі сауырлатса да таңғы шықтан да мөлдір, ақ үлпек мақтадан да таза тағдырдың тарту еткен «Талант» атты қабілетіне кір жұқтырмай, ұлттың болмысына, оқырманның мүддесіне қызмет ететін, рухани жан дүниесін байытатын шығарма жазуға жұмсады. Шығармашылықпен айналысып жүріп қызмет еткен Алмат Асхатұлы қызметте да сатылай өсіп, бүгінде «Алакөл» аудандық газетінің бас редакторы, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Әрдайым өзінің білім көкжиегін кеңітіп, біліктілігін арттырып отыратын кейіпкеріміз қоғамдық өмірге де белсене араласып, өзінің қолынан көп істер келетінін дәлелдеп, білім-біліктілігінің арқасында Алакөл аудандық мәслихатының депутаты болып, ел экономикасы мен әлеуметтік-рухани дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. 

Сонымен қатар 2017 жылдан бері «Бір арман» қайырымдылық қоры мен еріктілер тобын құрып, қайырымдылық бағытында орасан жұмыстар атқаруда. 2023 жылға дейін 6 млн. теңге көлеміндегі қайырымдылық жұмыстарының жүзеге асуына ұйытқы болды. 2017 жылдан бері ауданда «Бір арман» қайырымдылық қорын құрып, «Армандар орындалады», «Жақсылықта жарысайық», «Қарияларға көмек», «Мұқтаждарға мейірім», «Тегін дүкен», «Баларларға базарлық» сынды жобаларды ұйымдастырып, қазіргі таңда қарқынды қызмет етуде. 

Аса белсенділігінің арқасында Алмат Асхатұлы Алакөл ауданы әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы бойынша кеңесшісі және «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аудандық филиалының басшысы, аудандық Жастар мәселелері қоғамдық кеңесінің төрағасы, аудандық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. 
Халықтың сөзі мен тілегін газет бетіне түсіріп, елдің де алғысын молынан арқалаған Алмат Асхатұлы 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі болды. Қазіргі таңда Халықаралық Журналистер одағының, Халықаралық Жазушылар одағының, Әлем халықтары жазушылары одағының, Қазақстанның жас жазушылары мен өнер шеберлері ассоцациясының мүшесі. Бұдан бөлек 2019 жылдан бері «АлакөлТВ» ақпараттық-танымдық телестудиясын ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Телестудияда апта сайын аудан жаңалықтары түсіріліп, өңірдің барлық тыныс-тіршілігі берілуде.

Жауапты қызметтер атқарумен қатар, қаламын қолынан тастамай шығармашылыққа бет бұрған Алмат Асхатұлының алғашқы тырнақалды туындысы 2021 жылы алғашқы «Бапкер Бақытбек» атты кітабы болып жарық көрді.

Кейіпкеріміздің шығармашылық саласында да жеткен жетістіктері аз емес. Өзінің еңбек жолында Алматы облысының «Көшбасшы» жастар сыйлығының жеңімпазы, облыстық «Үздік ерікті» додасының бас жүлде иегері болған ол ақындық өнерінде және журналистика саласында да алған жүлделері мол. Республикалық жол сапасын қадағалау бойынша өткен журналистер додасында «Үздік басылым мақаласы» аталымдарының иегері, «Жас қалам» облыстық жас журналистер байқауының «Ғаламтор бетіндегі үздік жариялым» номинациясының бас жүлде иегері, «Qalam Prize» облыстық жас журналистер байқауының «Үздік талдамалық зерттеу мақаласы» номинациясының бас жүлде иегері, «Салт пен дәстүр – дін тірегі» атты облыстық ақындар мүшәйрасының бас жүлде иегері, «Дін – зайырлы мемлекеттің рухани тірегі» атты облыстық ақындар мүшәйрасының бас жүлде иегері, облыстық «Бөрібай батыр» мүшайрасының ынталандыру сыйлығының иегері және жыр жинағына поэмасы енген. Облыстық «Мемлекеттік тіл және БАҚ» журналистер байқауының бас жүлде иегері атанып, 2020 жылдың қорытындысы бойынша аудандық газеттің «Үздік тілшісі» аталымының жеңімпазы атанды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Жетісу облысының үздік волонтері атанды, бес баланың әкесіне «Асыл әке» медалі тағылды.

«Ер дәулеті – еңбекте» деген жас болса да талай игілікті істерге бас бола білген Алмат Асхатұлы атқарған адал еңбегі, жауапкершілігі, тиянақтылығы және қабілетінің арқасында түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:

✦ ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Алғыс хаты;

✦ Аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінен «Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі;

✦ Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының және Алматы облыстық тіл басқармасының «Құрмет Грамотасы»;

✦ Алакөл аудандық мәслихатының «Құрмет грамотасы»;

✦ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің «Алғыс хаты»;

✦ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті «Елбасы» қоры төрағасының «Алғыс хаты»;

✦ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының төрағасының «Алғыс хаты»;

✦ Алматы облысы әкімінің «Алғыс хаты»;

✦ Жетісу облысы әкімінің екі мәрте «Алғыс хаты»;

✦ Алматы облысы әкімінің орынбасары мен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының «Алғыс хаты»;

✦ Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының «Алғыс хаты»;

✦ Облыстық жастар мәселелері басқармасы басшысының «Алғыс хаты»;

✦ Облыстық дін істері басқармасы басшысының «Алғыс хаты»;

✦ І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ректорының «Алғыс хаты»;

✦ М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық мұражайы директорының «Алғыс хаты»;

✦ Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы директорының «Алғыс хаты»;

✦ Алматы облыстық «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» директорының «Алғыс хаты»;

✦ Қазақстан Республикасы Президенті кеңесінің бастығының «Алғыс хаты»;

✦ «Жас медиа» жас журналистер орталығының «Алғыс хаты»;

✦ «Аманат» партиясы атқарушы хатшысының Сертификаты;

✦ «Медианет» халықаралық журналистика орталығының Сертификаттарын иеленген.
      Қалам ұшына құт қонып, жүрегіндегі өткір де отты сөздерді қағаз бетіне түсіріп, ел мұңын мінберге жеткізіп, билік пен халық ортасында алтын көпір орнатқан мамандық, ол – журналистика. Ал, сол құдіреті қалам ұшында болған саланың бүгінгі таңдағы маңыздылығы ерекше. Төртінші билік саналған ақпараттық ортаның әр тілшісі әрқайсысы бір-бір кітапқа сұранып тұрған қазыналы кеуде, талантты жандар. Журналист – қоғам өміріндегі болып жатқан оқиғаларды халыққа құлағдар етіп қана қоятын мамандық емес, ол – қоғамның қозғаушы күшін, арқасына ауыр жүк артып өрге тартқан локомотив. 
      Қазақтың кең байтақ даласының қай жері де қасиетке толы екеніне ешкімнің таласы бола қоймас. Қойнауы құт пен берекеге толы Алатаудың қойнында қазақтың маңдайына біткен қаншама жарық жұлдыздар дүниеге келді десеңізші! Әр тумасы бір тарих, бір шежіре! Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Алмат Асхатұлы да осындай ұлылардың ізін жалғап келе жатқан, болашақ Хан Тәңірінің етегіндегі бір шыңға есімін жазып қалдыратын дарынды жас, тума таланттардың ізбасары. 

Мәліметпен бөлісу: