«Дипломмен ауылға» — ауыл болашағы үшін



Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты халықтың әл-ауқатын көтеріп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуымызға жол ашу. Бұл ретте алтын бесік саналар ауылдағы ахуалды жақсарту ісі күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, елді мекендерге қажетті мамандар тарту бағытында ілгерілеулер бар. Соның бірі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы.
Аталған бағдарламаның ауылға берекетін беріп отырғанына 15 жылдың жүзі болды. Жаңа заман сұранысына сай жыл сайын түрленіп, жұртшылық ыңғайына қарай өзгеріп отырды. Ал 2023 жылғы 1 сәуірден бастап «Дипломмен ауылға» жобасының сенімді агенті болып «Отбасы банк» тағайындалды. Заңнамасы сол қалпы, яғни тұрғын үй сатып алуға немесе салуға несие беруді және көтерме жәрдемақы төлеуді көздейді.
Бұл ретте «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының да артықщылығын айта кеткен жөн. Сандық сауаттылық артқан сайын, халықтың уақытын үнемдеу және мемлекеттік қолдауды жедедету мақсатында жобаға тіркелу цифрлы форматқа ауыстырылды. Жобаға қатысушы өтінім беру үшін otbasybank.kz порталында тіркелуі және ЭЦҚ көмегімен қол қоюы қажет. Бағдарламаға ауылдық жерде тұрып жатқан немесе қызмет бабымен енді көшіп келген, әлеуметтік маңызды мамандықтарда еңбек ететін азаматтар қатыса алады. Ол тізімге денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен, ауылдық округ әкімдіктерінің мемлекеттік қызметшілері жатады.
Айта кетерлігі, несиенің ең жоғары сомасы 2000 АЕК-ке дейін, мөлшерлеме 0,01 пайызға тең (ЖТСМ – жылдық 0,01 пайыздан басталады). Қаражатты қайтарудың ең ұзақ мерзімі – 15 жыл. Негізгі талап – жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеуі керек.
Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде қазақстандықтар 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы алуға да үміткер бола алады. Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі де otbasybank.kz платформасы арқылы жүзеге асады. Жәрдемақы мен несие алуға өтінішті бір мезгілде беруге болады.
Жоба аясында мыңдаған мамандар тұрғын үйге ие болып, ауылдардың дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Бұл бағыттағы жұмыстар айдынды Алакөл ауданында да жүйелі жұмыс жасауда. Ауылдық жерлердегі мамандарды ынталандыру және тұрақтандыру, жаңа қызметкерлерді тарту ісі жалғасын таба бермек.


Данара КАРИМОВА,
аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: