Туберкулез – ауа арқылы сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде таралатын инфекциялы ауру. Инфекцияны таратушы негізгі көз – туберкулез таяқшасын бөліп шығаратын ауру адам.
Егер жанұяда туберкулезбен ауыратын адам пайда болса, онда оны 2-3 айға стационарға жатқызып, ал жанұя мүшелерін және жақындарын туберкулезге тексерген жөн. Ауру адам стационардағы емделу курсы аяқталған соң, амбулаторлы емделуге шығарылады. Бұл уақытта ауруға жеке бөлме берген жөн. Бөлмеде күніне 2 рет хлорамин, хлорлы әк сияқты дезинфекциялау құралдары қосылған ерітіндімен ылғалды жинау жұмыстарын жүргізу қажет. Бөлменің ауасын күніне 3-5 тазартып отыру керек. Ауру адамға жеке бет орамал, қол орамал, төсек-орын тысын және т.б. бөліп беру қажет. Ауру адам дәрігер жазып берген дәрілерді уақытылы ішіп тұруы керек, жанұя мүшелері бұны бақылауда ұстағандары жөн. Аурудың күніне 4-5 рет сүтті, етті тағамдармен немесе жеміс-жидектермен ауқаттанғаны жөн. Алкоголь мен шылым шегуге болмайды.
Туберкулез қандай ауру?
Туберкулез – жұқпалы ауру. Ең жиі кездесетін түрі – өкпе туберкулезі. Көп жағдайда сырқат белгісі науқас адамға білінбей басталады да, тек қана Манту реакциясын қойғанда, қақырықты “Кох таяқшасына” тексергенде немесе флюорографиялық байқаудан өткенде табылады. Туберкулезден сақтану ережелерін бұзуға болмайды. Яғни, дұрыс тамақтанып, жеке бас гигиенасын сақтап, дене шынықтыру және спортпен айналысып, таза ауада серуендеп, уақытылы екпелерді алып тұру керек. Бұл инфекцияға тек дені сау ағза ғана төтеп бере алады.
А.ТАУЖАНОВА,
Алакөл аудандық
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының
эпидемиологиялық бақылау және
қадағалау бөлімінің жетекші маманы.