
Замана ағымы күнделікті құбылып, жаңа технологиялар мен цифрлық үдерістерге қарай адымдап барады. Бұрынғыдай қылышпен қырып, шоқпармен шауып алатын уақыт тарих қойнауына сіңіп, жоқ болды. Есесіне, білімнің салтанат құрғаны мезеті туып, тың перспективаларға жол ашылды. Соның ішінде ерекше атап өтетіні «Цифрлық сауаттылық» бастамасы.
Еліміздің даму даңғылына назар аударсақ жаһандық бәсекелестіктегі бәсінің жоғары болуы үшін барынша жаңашылдықтарға ұмтылып келе жатқаны сөзсіз. Қағазбастылықтан бас тартып, сандық форматқа көшу процессі қолға алынуда. Алғашқы толқында жеке құжаттар мен мелекеттік қызметтерді ғана бұл үдеріс түртіп өтсе, қазіргі таңда білім беру саласында да үлкен төңкеріс жасап жатыр. Соның бірі – «ТорIQ – электронды оқулықтар платформасы».

Барлығымызға белгілі, алтыға енді аяқ басқан ойын баласы мектепке кітап толы сөмкесін арқалап келеді. Білім – ауыр еңбекті қажет етеді дегенімізбен, оқушыға қолайлы жағдайдың жасалуы оның жеке тұлға ретінде дамуына үлкен септігін тигізбек. Бұл мәселе мектеп қабырғасында сыбырласқан мәселе ғана емес, мемлекеттік мінберлерде де айтылып отырған дүние. Президент Қ.Тоқаев та өзінің бір сөзінде: «Оқулықтарды цифрлық форматқа көшіру және оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдету қажет»,- деген болатын. Ендігі ретте электронды оқулықтар платформасының жұмысы күшейіп, қызу дода басталды. Соның ішінде алғаш рет білім беру мекемелерінде оқушыларға ыңғайлы ТорIQ платформасы енгізілді. Ол – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен, барлық сыныптарға негізделген электронды оқулықтар топтамасы.
ТорIQ – несімен ыңғайлы? Бұл ақпараттық платоформа ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру саясатына негізделген электронды қызмет ортасы. Сандық оқулықтар тек қана жазумен шектелген үлгіде емес, арнайы интерактивті тапсырмалар мен мультимедиялық жобаларға толы платформа. Ол салмақты оқулықтарды толығымен алмастырып, барлық дүниені бір ғана құрылғыға біріктірген жоба. Сонымен қатар электронды оқулықтар баланың ойлау қабылетін дамытуға да үлкен серпін беріп, бұндағы видео және аудио материалдар жаңа тақырыптарды толыққанды санасына сіңіруге көмектеседі.
Тың бастама біздің қызметті жеңілдетіп, жаңа технологиялар мен сандық сауаттылықа қарай басқан қамадарымызды қарымды еткені жасырын емес. Жетісу облысы Алакөл ауданы Бескөл ауылдық округіндегі Д.Қонаев атындағы орта мектебінде ұстаз ретінде аталған платформа арқылы тиімді қызмет етудемін. Оқушылар арасында ТорIQ платформасының жұмысын түсіндіру және таныстыру мақсатында арнайы дәрістер оқылып, сабақты қызықты етіп өткізудеміз. Шәкірттердің арасында жаңа платформаның тиімділігі мен артықшылығы айтылып, жұмыс істеу барысы толықтай талқылануда.
Бұл бастама мұғалімдерге ғана емес, жалпы шәкірттерімізге әсіресе қолайлы. Ұстаз барлық сыныпқа бір тетікті басу арқылы ғана тапсырма беріп, қажетті қосымша материалдарды қосып, үй тапсырмасын тексеруге, баға беруге және пікір қалдыруға мүмкіндігі бар. Ал оқушы педогогтың тапсырмасын тікелей алып, кез келген уақытта, кез келген жерде орындауға, платформа арқылы үй тапсырмасы орындап, баға алуына, жаңа тақырыпты түсіну межесін анықтап, қажетті материалдарды бекітуіне болады.
Бұл ең алдымен оқушы үшін үлкен мүкіндік. Платформа арқылы әр бала өзін жан-жақты дамытуына, логикалық ойлау қабілетін өрістетуге, зерделі, зейінді болуына жол ашады. Тапсырма орындау үшін қажетті қадамдарды баса отырып, сандық сауаттылықты, білімді меңгереді.
Әр бала – жеке әлем. Олардың берілген дүниені де қабылдауы саналуан. Барлығын біріктіретіні – жаңа замандағы жаңа технологиялардың тілі, тың мүмкіндіктер. Сондықтан да әр оқушының қалауын тауып, тамырын дөп басатын әртүрлі видео, аудио материалдарға толы, көркемдік жағынан бірден баурап алатын, сабаққа деген қызығушылықты арттыратын ТорIQ платформасы өзгешелікке жол бастады деуге толықтай негіз бар. Шығармашылық белсенділікті арттыру, дарын-дағысын дамыта отырып, жекелей қызығушылақтарына қарай бейімделген платформаның қызметі де оңтайлы. Ең бастысы күніне қырық құбылған, бәсекелестікке толы заманда жаңа технологияларға икемделіп, цифрлық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
ТорIQ – заманауи білім берудің жаңа бастамасы. Бұл – оқушы мен ұстаз арасындағы білім көпірі болары сөзсіз.
Тайботанова Асыл НҰРҒЫЗАРЫНҚЫЗЫ,
Д.Қонаев атындағы орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі.