Күніне қырық құбылатын қоғам тірлігіне назар аударсаңыз, бірізділікті байқау қиын. «Заманына қарай адамы» демекші, әр мемлекет, әр ұлт, әр тұлға өзінің жеке ұстанымымен адымдап келеді. Бұл ретте діни наным-сенім мен түсініктің адамның өмірді қабылдау дағдысына да едәуір әсер етіп отырғанын аңғарамыз.
Қазақстан – ешкімнің де еркін қыспаған, барлық азаматтарына діни бостандық берген зайырлы мемлекет. Осы ұстанымының арқасында өзінің отыз жылдық тәуелсіз тарихында талай қиындықтарды еңсере білді, мың құласа да қайта тұрды. Бұның артында этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің тұғыры тұрғандығы жасырын емес.
Дін – адамдардың аражігін ажыратып, түрлі сенімге жетелейтін емес, керісінше барлық адамзат баласын біріктіруші күш. Кез-келген мемлекеттің идеологиялық басқару формасына жүгінсеңіз діни алауыздыққа жол бермеу мәселесін бірінші орынға қояды. Себебі – сенім орасан қайратқа ие.
Еліміз егемендігін еншілеген тұстан бастап дәстүрімен тікелей сабақтасып жатқан Ислам дініне ден қойып, халықтың басым бөлігі Алланың ақ жолымен адымдауды құп көрген болатын. Тәубә, жаңылыспадық. Игілікке толы діннің ізгілікті жолымен адымдап, бүгінде күллі әлем таныған, құт-береке дарыған мемлекетке айналдық.
Зайырлылық қағидаты – ел іргесін бүтін сақтап, көп ұлтты һәм береке-бірлікке ұйыған мемлекет ретінде атағымызды асқақтатуға таптырмас тұжырым. Жер аумағында бірнеше ұлт өкілдері мекен етіп жатқан кез-келген республиканы алсаңыз да дәл біздегідей ортақ жағдай, ортақ мүмкіндіктер ешкімде де жоқ. Кісі баласын бөтенсің деп өзегінен теппеген қазақ жұрты ежелден өзінің қайырымдылығы мен мейірбандығының арқасында талай этностарды шаңырағының астына кіргізіп, жойылып кету қаупі төнген сәттерде аман алып қалды. Бұл құдіретті қасиетін өзге ұлттар әлі күнге дейін ыстық ықыласпен айтуда.
Бір айта кетерлігі, бірінші дүниежүзілік соғыстан бастап Ұлы Отан соғысына дейін, одан бергі жаппай репрессия мен қудалау, жер аудару салдарынан Қазақстан аумағына босып келген ұлттарға барынша көмек қолын созып, ең бастысы олардың табиғи болмысы, тілі мен дінінің де сақталуына мейілінше жол ашты.
Кеңес құрсауында болған мезетте де ауыл-абанның үлкендері хақ діннің жолынан таймай, сұрапыл саясаттың сойылына төтеп бере жүріп, Алласын ұмытпағандары таңғалдырады. Қоңырқай тірлік кешкен қойлы ауылдардың сақалын самал жел сипаған қариялары мен киесі кимешегінен сезілер ақ жаулықты әжелері бес уақыт намазын қаза қылмаған. Ұлттың діні мен ділін жойып, орыстандыру саясатын ұстанған Кеңестің құйтырқы әрекеттері шеттен шығып жатқаны да айқын байқалған. Алайда, амалдың жоқтығынан айдауға жүріп, айтқанға көнген қазақтың жүрек түкпіріндегі сенімі мен үміт отын ешкім өшіре алмады. Намаз уақыты келгенде үй терезелерін қараңғылап, тығылып оқыған намаздары, дұға-тілектері қабыл болып, тоқсан бірде егемендік туын биік көтердік.
Әу бастан конфессия аралық бірлік пен этностардың достығын биік қоюы, әр ұлттың жекелей салт-дәстүрі мен діндік, тілдік ерекшеліктеріне тұсау салмауымыз бүгінгі бақуатты тірлігіміздің тұғыры болып тұрғандай. Небір зұлматты замандарды барлығымыз иық тірестіре еңсеріп, Қазақстанның бүгінгі дәрежесінің дәрегейіне көтерілуінде дүйім қазақстандықтар жұмыла еңбек етті.
ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар мен тың мүмкіндіктердің, өзгерістің дәуірі деп ұран салғанымызбен, оның өзіндік кері әсерлері де көрініп жатыр. Ол – ғаламтор арқылы өршіп тұрған ақпараттық майдан. Дін саясатын жүргізуде бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, терроризм мен экстремизмді, дәстүрлі емес діни ағымдарды және деструктивті идеолагияны таратуға әлеуметтік желілер мол мүмкіндік беріп отыр. Себебі ғаламтор беттерінде жалған уағыз айтып жұртты жаңылдыруға тырысатындарды түгелдей бұғаттау мүмкін болмай тұр. Әр күн сайын дін жайлы теріс түсінік беріп, жат ағымды дәріптеушілердің қарасы көбейіп келеді. Бұл жекелей елдерге де, жалпы дүниежүзі мемлекеттеріне де төнген қауіп екендігі жасырын емес. Ақпараттық майданда ұялы телефондар «Қалтадағы Игил» аталып кеткен, себебі осы құрал арқылы жаппай жаһандық аздыру басталған. Ғаламтор беттеріндегі немесе дүкен сөрелеріндегі діни кітаптардың мұқабасында «ҚМДБ-мен мақұлданған» яки «Дін істері жөніндегі азаматтық министрліктің сараптауынан өткен» деген жазуы барларын ғана оқу да маңызды.
Діни ахуалдың бірқалыптылығын қалыптастыру үшін иман жайлы түсінікті ұрпақтар санасына тал бесіктен бастап сіңірудің маңыздылығы зор. Сонымен қатар, деструктивті идеологияны тарату мен дәстүрлі емес діни ағымдарды дәріптеудің астарында геосаясаттық, геоэкономикалық мәселелер жатыр.
Қай уақытты алмасақ та дін мемлекет құрылысында өте маңызды орынға ие болғандығы мәлім. Ал ХХІ ғасырда сенімді саясатқа, дінді қаруға айналдырып, күллі дүниежүзі халқының тыныштығына іріткі салушылар көбейді. Сондықтан да рухани азғындау мен теріс бағыттағы ағымдардан қазақстандықтарды сақтау үшін мемлекет тарапынан түрлі реформалар қабылданып, бағыты айқын бағдарламалар да жүзеге асуда.
Бір қынжылтатыны, террорлық және лаңкестің әрекеттерді, содырлардың жан түршігерлік қылмыстарын көбіне Ислам дінімен сабақтастырып жатады. Шынтуайтқа келсек, экстремизмнің белгілі бір діні жоқ. Оның астарында билік құмарлық, қаржылық құндылықтар ғана жатыр. Сол тұрғыдан мұсылман адамның тероррист болуы әсте мүмкін емес. Ислам дінінің терорризм, экстремизммен үш қайнатса сорпасы қосылмайды. Шариғат бойынша «Бейкүнә бір адамды өлтіру күллі адамзатты өлтірумен тең». Осындай саяси көкпарда отандастарымыздың да серкедей тақымға ілініп кетіп жүргендері қынжылтады.
Исламның басты қағидаттары – мейірім, әділдік, кешірімділік, жомарттық және жұмсақтық секілді құндылықтар. Жазықсыз адамдардың өмірлеріне қауіп төндіру тұрмақ, тірі жан иесіне қиянат жасау – Исламға жат. Ата дініміз тыныштық пен татулыққа залал келтіретін кез-келген іске қатаң түрде тыйым салады.
Еліміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені белгілі. Бүгінгі күні дамыған экономикасы бар, ынтымақты ту етіп ұстаған елдердің қатарына қосылып отырмыз. Осы кезеңде әлеуметтік-саяси өмірде дін мен тілдің рөлі арта түсуде. Расында Қазақстан ежелден алуан түрлі мәдениет пен өркениеттің түйіскен жері, Шығыс әлемі мен Батысты жалғастыратын алтын қақпа іспетті.
Жалпы, білімнің мақсаты – адамның көзін ашу. Сондықтан зайырлы білім де, діни білім де адамды дұрыс жолға бағыттап, ойдан шығарылған қате наным-сенімдерге еріп кетпеуіне күш салуы қажет. Әл-Фараби атамыз айтқан «тәрбиесіз білім апатқа апаратынын» есте сақтай отырып, беріліп жатқан білімнің халық игілігі үшін жұмсалуын қадағалау керек. Ғаламтор желісінен экстремистік контенттерді бұғаттау, азаматтардың діни білім алу мәселелерін реттеу, жастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің шешімін табуға тырысу, экстремистік әрекеттері үшін жазаларын өтеп жатқан және экстремистік ағымдардан зардап шеккен жандарды оңалту секілді іс-шаралар – күн тәртібінен түспеуі тиіс істер.
Рухы биік елді ешқашан жау ала алмайды. Елдің рухани, имани иммунитеті әлсірегені – халықтың күйрегені. Ұлтымызға қорған болған, жаһандану сияқты алпауыт үдерісте өзіндік келбетімізді сақтап, дариядай толқып жатқан өмір тербелісінде алып елдердің ығына жұтылып кетуден сақтаушы күш – ол ұлттық құндылықтар. Құндылықтар уақыт тезіне төтеп беріп, адам баласының – әлем жаратылғанда бірге пайда болған мәңгілік жасайтын өзгермейтін дүние.
Аталарымыз айтқандай, «Дін ұстана білсең – қасиетің, ұстана алмасаң – қасіретің» Дін ғұламалары да «Дін дегеніміз – қылыш сияқты өткір нәрсе, ұстай алмасаң өз қолыңды кесесің» деп ескертіп кеткен.
Жат ағымдардың жетегінде кетпей, Ислам дінінің ізгілікті жолымен жүру арқылы біз әлем сахнасында өзге мемлекеттеде болп жақтан аласапырандардан қорғана аламыз. Терроризм, экстремизм дегендер діннің атын жамылып, жынның әрекетін уағыздайтын құбылыстар. Бұлардың басты мақсаты сөздерінен басқа ақиқатты көрмейтін, шындыққа мән бермейтін, бір сөзбен айтқанда шынжырлы құлдар, әскер керек. Олардың басқа діттеген мақсаттары да жоқ. Қазір дүниежүзі бойынша насихат, үгіттеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Өзге жақтағы соғысқа тарту, «Кәпірлерді жоямыз» деп, жиһадқа шақыру – деструктивті діни ағымдардың басты қаруы. Мол қаражат пен о дүниедегі бақытты уәде етіп, санаңызды улаудың сан жолдарын біледі. Сондайлардың шекпеніне жармасып кетсеңіз, кері қайту да оңайға соқпайды.
Дін… Қазіргі таңда сенім емес саясатқа айналған моральдық қару болып отыр. Елдің рухани азғындауы мен діни сауаттылығының төмендігінің кесірінен ақ жолдан тайып, тар соқпақтармен адаса кеткендердің қарасы қанша ма? Ал олардың оңалту және алдын алу ісі мемлекет үшін күн тәртібінен түскен емес.
Барлығы өзііңізге байланысты. Ең бастысы ұлттық болмыстың қағынан ажырамай, тамырыңызды қазақы топырақтан суырмасаңыз болғаны. Сонда ғана ешқандай теріс жолға түспей, ақиқаттың ақ туын биік көтере түсесіз.
Тарихқа зер салып, зерделейтін болсаңыз, жұртымыз ұлт болып ұйысқалы бері өзінің дәстүрі мен өмір сүру ғұрпын тікелей Ислам дінінің құндылықтарымен байланыстырып отырған. Наным-сенім, тыйымдар – тікелей шариғат заңдарымен байланысып жатқандығы да ақиқат. Бұдан – қазақ халқының ежелден хақ дінді күнделікті тірлігімен сабақтастырып, салт-дәстүрі арқылы да барынша насихаттауға тырысқан. Себебі, Ислам құндылықтарын толықтай бойына сіңіре алған адам өзгеге де, өзіне де қиянат жасамасы, жақсылық пен мейірімділікке жақын болары сөзсіз.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ.