Тарих парақтарында алтын әліптермен таңбаланған Тәуелсіздігімізді төбемізге көтерген сәттен бастап Қазақстан әлем сахнасындағы салмақты рөлдердің бірін иеленді. Кешегі мызғымас одақтың мысын басып, қарт материктің қақ ортасындағы қара шаңырағын қайта тіктеді. Өткен күндердің еншісінде кеткен есемізді қайтарып, мыңжылдықтан мәңгілікке «Ұлы дала елі!» ретінде аттандық. Бұл жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің артында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолтаңбасы менмұндалап тұрғандығы жасырын емес.
Елбасымыз бір сөзінде: «Өзгеріс дауылы соққанда оған қарсы қорған емес, желкен тұрғызу керек»,- деп алпыс қырдың артындағы ауқымды дүниелерді аңғарғыш көрегендігін танытқан болатын. Жылдар өтті, дәуірдің дидары алмасты, заманның келбеті ауысты. Өзгеріс дауылының салқынын сезген Ұлт көшбасшысы жаһандық бәсекеге төтеп беретін желкен көтеруді көздеп, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жариялады.
Жүрісі жылдам дәуір ағымымына, қателік пен кемшілікті кешірмейтін заман талабына шыдас бере алатын мемлекеттің мызғымас іргетасының қалануына үлкен септігі тиген Жолдаудың заңды жалғасы ретінде барша халық бағдарламалық деп баға берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді. Міне, осы мезеттен бастап қоңырқай өмір кешкен қойлы ауылдардағы жұрт пен төбесі аспан сүйген тас қалалардың тұрғындарының, сарабдал һәм салиқалы қарттар мен санасына салмақ түсіп көрмеген балалардың да тірлігінде тарихи төңкеріс орын алды.
Жаһандану процесінің толқынымен тайталасқан ұлт сапарында жолығар тісті мен тырнақтының, арынды мен азулының тегеурінін тойтарып, төрде отырған тіреуі мықты отыз елдің көшіне ілесуді мақсат еткен Елбасымыздың ордалы туындысы алғашқы күннен-ақ қызу талқыға түсті. Айтары бар азаматтар, ұлт зиялылары, халық қалаулылары, қарапайым жұрт пен мектеп оқушыларына дейін қолдау көрсеткен мақала әр оқырманның санасын сілкіп, рухани жаңғыруға деген ұмтылыстарын қамшылай түсті.
Рухани кемелденуге ұмтылған өркениеттің санасын жаңғыртуға тың серпін сыйлаған мақала, Қазақстанның әлемдік бәсекеге бейімділігін қалай арттырмақ. Осы ретте құнды құжаттың әр тармағын салалап, саралап көрелік.
Елбасымыз қаламымен қашап, қалыптаған туындысының алғашқы қадамы «Ұлттық сананы» қайта түлеу синтезінен өткізуден бастау алады. Оның сыры, адамның бет-әлпетін, болмыс-бітімін, тұрмыс-тірлігін өзгерту бір сағаттық әңгіме, ал танымын төңкеріп, түсінігін түзеу ол жылдық жұмыс. Осы ретте ең алдымен сананы жаңғырту керектігін ескерткен Елбасымыз ұлттық кодтың сақталуы, генетикалық жадымыздың қалыбының бұзылмауы жаңғыруымыздың құр жаңғырыққа айналмауының басты факторы ретінде келтіреді. Қазақстан халқының болашаққа аттанған сапарында ұстанар бағытын қапысыз нұсқаған тарихи құжат санамызға сіңісті болған таптаурын түсініктерен арылып, келешек көкжиегіне жаңаша көзқараспен қарауға үгіттейді. Себебі, мемлекет пен мұқым ел құрыштан құйылып, шойыннан соғылған дүние емес, ол да заман ағымымен үнемі дамып отыруды қажет етеді. Міне, бәсекеге бейімделуіміздің бірінші сатысы осы!
Жаңа жаһандық үдерістер ешкімге ескертпестен, төтеден тартып, төрге озғаны аян. Енді, заманына қарай амалы демекші, бізге де әрлі әрекет, қарымды қадам керек.
Алғашқы тарауындағы алты бөлімді жіліктесек алдымен «Бәсекеге қабілеттілік» тақырыбына келіп тірелеміз. «Цифрлы Қазақстан», «Мәдени және конфессияаралық келісім», «Үш тұғырлы тіл» ұғымдары ұтымды пайдаланылған бөлімде мемлекетіміздің қарқынды дамуы, әлеуметтің әлеуетінің, экономикалық ахуалының көтерілуі, жұрттың жағдайы оңалып, жасампаз тірлік кешуі алдымен бәсекеге қабілеттілігімен айқындалатыны айтылады. Инновация мен жаңашылдық салтанат құрып тұрған заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асырудың жолдары түсіндірілді. Нарықтық экономиканың дәурені жүріп тұрған кезеңде ұлттық брендтің беделін арттырып, өзгелерден қарағанда сапалы дүние ұсына білу, тек өндірісте ғана емес, білім мен ғылымда, қызмет пен зиякерлікте озық болуға бағыттады.
Пенделік пейілден аттап, адами арда қасиеттерді бойға сіңіре отырып, ұлан-ғайыр атырабымыздың асты мен үстінде тұнып жатқан байлықтарымызды тиімді һәм ұтымды пайдалану «Прагматизмнің» алғашқы белгісі. Екінші бөлімде көтерілген бұл тақырып Сарыарқада салтанат құрып, Алтай мен Атыраудың арасындағы апайтөс даланы билеп-төстеген баһадүр бабаларымыздың аманатын аяқ асты қылмауға шақырады. Радикалды идиологиялар ғасыры келмеске кетіп, болашаққа деген жаңа бағдарлар легі қалыптасты. Сол сара жолдың сарқыншағының бірі Тәңірден бұйырған тәбәріктарымызды, яғни табиғат байлықтарын үнемді пайдалана отырып, ұпаймызды түгендеу түсу. Бүгін көл-көсір шашылған дүниенің ертең-ақ таусылып, табылмас затқа айналатыны хақ. Ал бәсекеге бейімділікті арттыру үшін жүздеген жыл азық болатын құндылықтарымызды бір күнде ысырап қылмағанымыз жөн.
Қазақстан руханиятының сана-сезімінің көгжиегін кеңейтуді көздеген «Ұлттық бірегейлікті сақтау» талмай, танбай көзтігер темірқазғымызға айналғаны абзал. Осы ретте жаңғыруды ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап дүние ретінде қарастыруды қатер деп түсіндірді. Себебі, әр елдің өзіне ғана тән сал-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, жөн-жоралғылары, тілі, діні, ділі болатындығы рас. Бұл жерде ең маңызды міндет жаһандану түсінігімен қабыспайтын ескіліктің ессіз дүниелерінен арылу. Бұл да өз ретінде даңқымыздың шарықтап, парқымыздың арта түсуіне септігін тигізбек.
Бәсекеге лайықтана түсуде басымдық беретін межелердің бірі – білімнің салтанат құруы. Өркениетті елдердің өрістеу сатысына назар аударсақ әр баспалдақты бағындырған сайын, білім мен ғылымға жіті көңіл бөлінгендігін, мемлекет қазынасындағы қаражаттың басым бөлігі де осы салаларға салынғандығын аңғарамыз. Қолдарын дер кезінде сермеген олар бүгін балқып, шалқып тірлік кешуде. Армандағандары алдарында, қалағандары қолдарында. Ал, бұл дәрежеге жетудің іргелі факторы, әрине, білімнің салтанат құруы. Білекке сүйенетін заман білмеске кетті, күшке именетін уақыт келместің көлеңкесінде қалды. Бүгінгі таңда әлемдік сәнге айналған ол – білім! Ал, бәсекеге бәс тіккен бұқараның бұл салада озық болуы заңды құбылыс!
Бесінші сатыдан бой көрсеткен «Революциялық емес эволюциялық даму» тақырыбы, қазіргі уақытта діни, ұлттық, мәдени, сепаратистік бетпердемен тұмшаланған революциялық түсінікті тамырымен жойып, эволюциялық дамудың даңғылына түсіреді. Қантөгіс пен қақтығыстарға шек қойып, әр пенденің болашаққа деген пайымын өзгертуге, адами тұрғыдан алға шығуға міндеттейді. Демек, бәсекенің белесін бағындыру қатып қалған қасаң қағидаларды сақтап, бекітілген талап мүдделерін қорғауды емес, рухани тұрғыдан босаңсуды мақсат етеді.
Алтыншы сатыға салмақ тастаған «Сананың ашықтығы» мәнді һәм мәйекті мәселе болып тұр. Әлемдік дәрежедегі қатынас құралы болып табылатын «Ағылшын тілін» еркін игеріп, жаһан сахнасында болып жатқан дүниелерден қалыс қалмаудың алғашқы ұстыны. Біз, ардан жаратылған алтын құрсақты аналарымыздың ақ сүтімен сіңген тілімізден өзге алты құрлықта да атағы аспандап тұрған өзге тілдерді де үйренгеніміз абзал. Әйтпесе, терезеден телмірген қалпы, ескіліктің етегіне жабысып, дәуір көшінен қалыс қала бермекпіз. Ал, тілді игеру дегеніміз сол елдің озық идеяларын, жаңа технологиялары мен жаңалықтарын санадан өткізу, зерделеу, зерттеу. Тиісінше, өзімізге һәм бәсеке нарығында керектілерін алып, жетілдіре түсуімізге септігін тигізбек.
Маңызы ерек, мәні бөлек мақаланың екінші, алайда өктемдігі жоғары бөлігі таяу жылдарда атқаратын міндеттердің жіліктеп көрсетілуі.
Рухани кемелденудің көкжиегіне көз тастаған еліміздің жаңғыра түсуіне тың төңкеріс әкелетін тақырыптар дәл осында айқын көрсетілген.
Тарқатып айтар болсақ, білім беру жүйесінде баламасы жоқ бағдарлама ұсынып, ең үздік 100 оқулық қазақ тіліне аударылатынын жеткізді. Бұл өзгеріс халқымыздың санасының әлемдік кеңістікке, жаһандық деңгейге көтерілуіне тың серпіліс бермек. Жалпыұлттық патриотизмнің қалыптасу қарқынын арттыруға бағытталған «Туған жер» жобасының тұсауын кесіп, барша қазақстандықтарды бірлікке, берекеге, өңірін, отанын сүюге үгіттеді. Осы арқылы «100 жаңа есім» ұғымын енгізіп, мұқым елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған азаматтардың тізімін жинақтауды бұйырды. Білім кез-келген елдің интелектуалды және рухани әлеуетін көтеретін маңызды фактор болғандықтан осы саланы жандандыруды кезек күттірмейтін міндетті алғышарттардың қатарына қойды. Қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым және білім беру процесінің ерекшеліктерін ұтымды пайдалану мақсатында қазақ тілінің әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіруді ұсынды. Жуырда қол қойылған Жарлықтың шешімімен жаңа әліпбиіміз бекітіліп, орыс тілінің орауында қалған қазақшамыз өз арнасына түсуге жұлқыныс жасады. Латын қарпі – ол баянды болашақтың әліпбиі, кемел келешектің кепілі. Ана тіліміздің шұрайлылығын, шеберлігін, шешендігін сақтап қалудың бірден-бір кепілі. Сұранысы артқан, сыны мен сыры еселенген заман ағымына ілесудің, Ұлы дала елінің мыңжылдықтан мәңгілікке аттаған қадамдарының қарымды болуының тірегі екендігі айқын. Себебі, латын графикасы ғылым мен білімнің, жаңа технология мен жалпы дамудың әліпбиі саналады. Әлем халықтарының жетпіс сегіз пайызы пайдаланатын латын әліпбиінде дүниежүзіндегі ғылым мен мәдениет, өнер мен өркениет дамуының ең үздік кіл маржан кітаптары жазылған. Ұлттық санаған ұйыған ұлы ұлыстың ұлағатты ұрпақтары жаңғырудың жазуымыздан бастау алу керектігін бек түсінеді. Қазақ руханиятының рухани азығы осы тілінде жатыр. Демек, тіліміздің жаңғыруы күллі алаш баласының қайта түлеуі, рухани жандануы.
Ал, рухани кемелденген ұлттың ғана жаһандық бәсекелікте бәсі басым түспек.
Ұлт көшбасшының осы сындарлы идеясы идеологияға айналып бара жатыр десек те қиыс кетпеспіз. Жаһан жұтшылығы модернизацияға ұмтылып, жаңғырудың жарқын белестерін бағындырып жатқанда біздің де мемлекетіміз шеткері қалмауы тиіс. Ұлт тірлігіне тарихи төңкеріс әкелген бағдарламалық мақаланың астарында көптеген мағына жатқаны мәлім. Ел тірлігін оңтайландыруға, Қазақстанның атақ-абыройын әлем биігіне асқақтатуға, Ұлы дала елінің ұлағаты ұрпақтарын рухани жаңғыруға үгіттеген туындының халыққа берері мол екендігі сөзсіз.
Бабаларымыздың табаны тимеген жерлерге балаларының қаламы жетіп, дүниежүзі халықтары даңқымыз бен парқымыздың куәгері болуда. Тарихқа сәл шегініс жасасақ тоқсан бірдің тоқырау күндерінде дәл осындай дәреженің дәрегейіне көтерілеміз деген түсімізге де енбеген еді. Айбынымыздың асып, абыройымыздың тасып жатқандығы Ұлт көшбасшысының арқасы десем қате айтпаспын. Жаһандану дәуірінде үшінші мәрте жаңғырудың дара даңғылына түскен мемлекетіміз бәсекеге бәс тігіп, төрде отырған тірегі мықты елдердің жанына жайғасуға ыңғайлануда. Осы жолда жұрт болып жұмылып, бұқара болып бірігіп әрекет етсек, ұпайымыз ұтымды түгенделетіні анық!
ЕСЕНБЕКОВ АЛМАТ АСХАТҰЛЫ.