Жетісу облысында 13,7 мың км электр тарату желілері және 2,6 мың қосалқы станция бар. Желілер мен жабдықтардың 90%-дан астамы «ТАТЭК» АҚ меншігіне тиесілі, олардың 87,2%-ға тозған. Желілер мен жабдықтардың тозуын азайту үшін 2023 жылдан 2029 жылға дейін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша 11,8 млрд теңге инвестицияланады. Осындай ақпаратпен Жетісу облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев Журналистер үйінде өткен баспасөз-мәслихатында бөлісті.
2024 жылы 90 шақырым электр желісін салу және қайта жаңғырту, сондай-ақ Алакөл ауданында құны 10,3 миллиард теңге болатын жаңа Ақши қосалқы стансасының құрылысын бастау жоспарлануда.
Жетісу облысының 358 елді мекенінің 325-і орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізе алады. Пайыздық көрсеткішпен есептегенде 90,7-ге жетті.
2024 жылы сумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау бойынша 9 жоба іске асырылуда. Оның ішінде су құбырларын пластикалық құбырларға толық ауыстыру, жаңа ұңғымаларды бұрғылау және су қабылдағыштар салынуда.
Сондай-ақ, өңірде газдандыруды едәуір кеңейту жоспарлануда: облыстың 358 елді мекенінің 192-сі 2030 жылға дейін табиғи газға қосылатын болады. Қазіргі уақытта газдандыру деңгейі 47,6 пайыз. Бұл 333,5 мың адам газға қол жеткізген 37 елді мекенді қамтиды.