Денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша лицензия беру қызметі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап elicense.kz порталында автоматтандырылды. Құжатты заңды тұлғалар да, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғалар да ала алады.
Жаңа лицензия алу үшін қызмет көрсету мерзімі 15 жұмыс күнін және қолданыстағы лицензияны қайта рәсімдеу үшін 3 жұмыс күнін алады. Ал лицензия алу мөлшерлемесі 10 АЕК.
Құжатты алушы орналасқан жері бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырады.
ҚР «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңының 17-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың осы Заңмен рұқсат беру немесе хабарламалық тәртіп белгіленген қызметті немесе әрекеттерді тиісті рұқсатсыз жүзеге асыруына немесе тиісті хабарламасыз жіберуіне жол берілмейді. Аталған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік шаралар көзделген. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті барлық қоғамдық нысандар жыл сайын дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізуге міндетті екенін еске салады.