Мемлекеттік қызмет әдебі: Жауапкершілік пен сенім


Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы көпір. Сондықтан олардың адалдығы, әділдігі және өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы қоғам мен азаматтардың сенімін нығайтуда шешуші рөл атқарады. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлық мәселелері ерекше назарда, өйткені бұл кәсібилікпен бірге қызметкердің тұтас имиджін қалыптастырады.
Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің негізгі міндеті – қызметкерлердің мінез-құлқын оңтайлы бағытта ұстау, басқа адамдармен қарым-қатынасын жақсарту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметтік әдеп нормаларын бұзу сияқты тәртіптік теріс қылықтарға жол бермеу. Қызметтен тыс уақытта да заң бұзушылықтардан аулақ болу – мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеттерінің бірі.
Осыған орай, Алакөл ауданында мемлекеттік қызметшілердің әдебі тақырыбына арналған маңызды кездесу өтті. Бұл шараға Жетісу облысының тексеру комиссиясының аппарат басшысы және Әдеп жөніндегі уәкілі Жаншабай Абзал Керімбекұлы, сондай-ақ Алакөл ауданы бойынша әдеп жөніндегі уәкіл Сүлейменов Бақытбек Белгібекұлы қатысты.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық ережелері, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызметтік көлікті дұрыс пайдалану, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қызметтегі бас есепшілердің міндеттері талқыланды. Бұл мәселелердің барлығы мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін күшейтуге бағытталған.

А.ӘБИТҰЛЫ

Мәліметпен бөлісу: