Халықтық штаб өз жұмысын бастады

Алакөл ауданында АЭС құрылысын қолдау жөнінде халықтық штаб құрылып, мүшелері өңірімізде түсіндіру-насихат жұмыстарын бастап кетті.

Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген өзекті мәселелердің бірі әрі бірегейі АЭС салу. Осы ретте 6 қазанға референдум белгіленіп, бұқараның пікірі мен таңдауы ескерілетін болды.

Ендігі ретте ато энергиясының маңыздылығы, болашағымыз үшін тиімділігі, экономикалық дамуымызға пайдасы жайында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған халықтық штаб мүшелері өз жұмысын Достық ауылдық округінде бастады.

«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Достық стансасындағы филиалында өткен жиынға жүзден астам теміржолшы қатысты.

Сөз алған «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы, штаб басшысы Қайрат Көкебаев жасыл энергияның таптырмас қайнар көзі, энергетикалық тәуелсіздігіміздің кепілі болар АЭС құрылысы мемлекетімізге қандай прогресс беретіні жайында сөз қозғады.

«Алакөл» аудандық газетінің бас редакторы, штаб мүшесі Алмат Есенбеков: «Білекті заманда көштен қалмаған, білімді заманда да көштен қалмаудың бір тәсілі – АЭС құрылысын қолдау. Бұл бізге білім мен ғылымда, медицинада, ең бастысы энергетикалық тұрақтылық пен қауыпсіздікке кепіл беретін бастама»,- дей келе, 6 қазанда өтетін референдумда әр азамат өз пікірін білідірп, елдің ертеңі үшін таңдау жасау керектігін тілге тиек етті.

Аудандық мәслихат депутаты, штаб мүшесі Жайлаубай Нұрмұхамедов теміржол саласында жүрген азамат ретінде әріптестеріне бұл жаңашылдықтың артықшылығы жайында ақпарат берді.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: