Ағайынбыз бәріміз!
Қазақ осы – қарасың ба, ақсың ба,
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін!
(Қадыр Мырза Әлі)
Рас, керағар кер заманда солақай саясаттың сойылы тиіп, жаһанды кезіп, босып кеткен жұртты жатсынбай, жақынындай бауырына басқан пейілі кең қазақ халқы бүкіл тіршіліктің, адамзат жаратылысының бар мәнісін «Бірлік түбі – тірлік» деген екі ауыз сөзбен ғана түйіндеген. Сындарлы сыртқы саясатымызды ұстана отырып, еліміздің ішкі әлемінде де алауыздыққа жол бермей, ұлтаралық, ұлысаралық бітімгершілік, діни ымыра мен азаматтық келісім арқылы мемлекетіміздің баянды болашаққа жол тартқан ұлы сапарын бекемдей түсетініміз айқын нәрсе. Осы мақсатта Елбасымыз қазақтың айбыны асып, абыройы тасып, тәуелсіздігімізді тақымға бекем басқан мезетте, тірліктері басқа болса да тілектері бір ұлттарды бір арнада ұйытып, этносаралық татулық пен бірлікті жаңа деңгейге көтеру мақсатында Ассамблеяны құрған күнмен тұспа-тұс «Алғыс айту» мейрамын да бекітті. Ширек ғасыр бұрын алған егемендігіміздің жолында бір мүддеге біріккен халқымыз дамудың таңғажайып шыңдарына тек ынтамақтастықпен жете алатынын көрсетті.
Осы ретте ұлты дүңген болғанымен рухы қазақ азамат, Достық аулыдық «Ақ мешіт» мешіінң наиб имамы Закир Лочь жұрты тағдырдан талай теперіш көріп, түрлі тарихи себептермен қазақ жеріне қоныс аударған кезеңде өзектерінен итермей, бір тумаса да туысқадарындай қадірлеп, құшақ жая қарсы алған қазақ еліне қисапсыз алғысын білдіріп, ақжарма тілегін ақтаруда. Алмағайып заманды иық тіресе бірге еңсеріп, бір табақтан ас ішіп, бір таяқпен мал бағып, тіршілік тегершігін бірлесе айналдырған жұрттың әр азаматына және «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізінде еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастырып, бірлігі мызғымас мықты ел қылып ұстап отырған Елбасыға да игі ілтипатын жаудыруда.
Кейіпкеріміздің отбасы осыдан 160 жыл бұрын Жамбыл облысының аумағына табан тіреген болатын. Арғы атасы бастап келген көш міне ғасырдан астам уақыт сол киелі аймақты мекендеп, өсіп-өніп, жаңарып жатыр. Ол өзі Қазақстанда туып, осында ер жетті. Ел қатарлы білім алып, шаңырақ көтерді, бала сүйді. Қазіргі таңда Достық ауылында наиб имам қызыметінде.
«Бір айта кетерлігі бұл жердегі халық өте қонақжай, қарапайым. Бардың қадірін біледі және қанағат тұта біледі. Барлығымыздың да көксегеніміз тыныштық, ырыс-ынтымақ. Аталарымның бұл жерге келгелі қаншама уақыт өтсе де, салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрыптарымызға сызат түспеді, тіліміз де сақталды. Бұның бәрі Елбасымыздың ұстанған игілікті саясатының арқасы деп білемін. Қиналмас жерден қиянатқа батып, өз қолымыз өз аузымызға жетпей жатқанда жыртығымызға жамау, жоғымызға демеу болып дархандық танытқан елмен, міне енді тең құқықта аралас-құралас өмір сүріп, татулығымыздың тұғыры сәт сайын беки түсуде. Берекені көктен тілеме, бірлігі мықты көптен тіле дейді дана қазақ халқы. Осы ынтымағымыз бұзылмай, елдігіміз бүлінбей, татулықтың алтыбақанында тербеле берейік. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді демекші өмірлік ұстанымымыздың желісі бір қазақ халқымен жұдырықтай жұмылған қалпымыздан айырылмайық»,- дейді ұлттар достастығының алтын қазығына айналған Ассамблеяның құрылған күнімен дәлме-дәл келген «Алғыс айту» күнімен алакөлдіктерді құттықтаған Закир.
Міне, талай этнос өкілдері бір отбасыдай өмір сүріп жатқан киелі өңірдің тұрғындарының жылы лебізі осындай. Мызғымса ел болу жолында бір мүддеге біріккен қазақстандықтар осындай тастүйін ымырашылдығынан айырылмаса «Мәңгілік ел» атану қағидасын бұлжытпай орындамақпыз.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.