Ақжардан сүйінші хабар

«Барлығы халық үшін!». Міне, қазіргі таңдағы мемлекеттің ұстанған саясаты да, басты бағыты да осы. Тамырымыз тәуелсіздіктен нәр алып, егеменді ел болып еңсе көтергелі Елбасы мен бұқара арасындағы өзара түсіністіктің ықпалымен Қазақстан болашаққа қарай қарымды қадамдар жасауда. Түрлі салада іргелі істер бой көтеріп, қоғам тірлігі түбегейлі өзгерді десек те болады.

Осы бағыттағы айтуға тұрарлық дүниенің бірі жұрттың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған жұмыстар. Арғыға көз салмай, аудан аумағында атқарылып жатқан дүниелерге үңілсек түкпір-түкпірінде түрлі демалыс орындары, аллея, саябақтар ашылып, жұрттың серігіп, тынығып, серуендеп қайтуларына көптеген мүмкіндіктер тууда.

Жуырда Ақжар ауылы да ауданнан сүйінші сұрады. Себебі талай жылдар бойы өңі кетіп, құты қашқан саябақ күрделі жөндеуден өтіп, есігін қайта ашты. Ескіріп, уақытқа есесін жіберген түрлі әткеншек, сырғанақтар толықтай жаңартылып, ауыстырылды.

«Жастар» саябағының ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев өңірімізде халық қамы үшін атқарылып жатқан ауқымды дүниелерге тоқталып, округ тұрғындарын қуанышымен құттықтады.

Ақжар ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Айқұлов аталмыш елді мекеннің көркін еселеп, келбетіне жаңа сипат берген демалыс орнының жөндеуден өтуіне ұйытқы болған аудан басшылығына алғыс білдіріп, ақ тілегін ақтарды.

Жастар атынан сөз алға А.Әбділдаев қатарластарының бос уақыттарын өткізуге, серуендеп, серігіп қайтуға таптырмас орын саналатын саябақтың олар үшін айтулы сый болғанын жеткізді.

Артынша ақ жаулықты әжелер тәттілерін шашып, сабақтың лентасы қиылды.

Жобаның жалпы құны 8 млн. 984 мың теңгені құрайды. Аумағы 2000 шаршы метр. Саябақта дене жаттығуына арналған түрлі құралдар, балалар әткеншектері орналасқан. Бұның барлығы ауыл тұрғындарының мүддесін көздеп істелген жоба екендігі анық байқалады.

 

Н.ЮСУПБАЕВ.

Мәліметпен бөлісу: