Ақжардың белсенді жастары

Жастарды шағын кәсіпкерлікпен айналысуға тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатында ҚР Білім және ғылым министірлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі «Жастар корпусын дамыту» жобасын ұсынған болатын.

Бұл идеяның тиімді тұстарының бірі тегін кәсіптік оқыту мен бастаған істерін дөңглетіп әкетулері үшін қайтарымсыз қаражат берілуі. Аталмыш пилоттық жоба биыл Алматы, Павлодар, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асып отыр.

Бұл бастаманы білім іздеген, уақытпен қатар жүріп, технологиялық прогресс жағдайында бәсекеге қабілетті болуды қалайтын жас азаматтар үшін платформа деп білу қажет. Ортадан суырылып шығып, өз кәсібін бастап кетуге, келешекте өзі сияқты жастарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік тудыруға қолайлы идея екендігі қалтқысыз.

 

Аталмыш байқаудан Ақжар ауылдық округінің жастары да шет қалған жоқ. Жобаны ұйымдастырушылардың талқысына бірнеше озық жоспарларын ұсынды. Нәтижесінде, Ақжар ауылында «Көрікті ауыл» , Қоңыр ауылында «Қажымұқан» жобалары жүзеге асырылып, үш кезеңді іріктеуден сүрінбей өткен жастар 2 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаражатқа ие болды. Екі бастама да қоғамға қажетті екендігі сөзсіз.
Атап айтсақ «Көрікті ауыл» жобасының жетекшілері А.Базильжанов, Д.Айтмуханбетова мен М.Рахимов керекті құрал-жабдықтар мен материалдарды алып, қызу жұмықа кірісіп кетті. Топтың жоспары округке қарасты ауылдарды энергияны үнемді пайдаланатын жарық бағаналарымен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, ауылды көріктендіру, абаттандыру және тұрғындардың жағдайын жақсартуға өзіндік үлестерін қосу болып отыр. Осы жастардың арқасында Ақжар ауылының орталық көшесіне 11, Қоныр ауылында 14 бағана орнатылып, жарық жүйесі ұзартылды. Алғыстарын айтып тауыса алмағана тұрғындар аталмыш азаматтарға ақжарма тілектерін ағытып, ақ баталарын берді.

Қоңыр орта мектебінде ашылған “Қажымұқан” спорт секциясы да белсенді түрде қызмет етуде. Олардың басты мақсаты ауыл жастарын салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеу, спортқа тарту болып табылады. Негізгі бағыт – күрес. Сабақ кестесі бекітіліп, талабы, талпынысы бар балалар жиналып, жүйелі жұмыс та басталып кетті. Ендігі міндет қазақтың атын әлемге әйгілі еткен Қажымұқан аталары секілді аудан, облыс одан ары республика кілемдерінде жаурыны жерге тимейтін белді балуандар тәрбиелеу.

Аталмыш бастаманың еңсесін тіктеуге ұйытқа болған А.Сұлубай, Б.Әшімбаев және С.Қанабековтың басты бағдары – осы мұратқа жету және бұл бағыттағы жетістіктері де жоқ емес. Жақында Өскемен қаласында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өткен облыстық турнирда қоңырлық О.Расул (+50кг) күміс алқаны қанжығалаған болатын.

ХХІ ғасыр осындай ұшқыр, қиялы жүйрік, армандары зор жастардың уақыты деп ойлаймын. Өйткені, олар еңбектерінің жемісін жеумен қатар ауыл-абанның көркеюіне де үлкен үлес қосуда.

Ұлт көшбасшысы жастар мемлекетіміздің стратегиялық ресурсы екенін, бізге үлкен үміт артқанын, толықтай қолдайтынын, қолпаштайтынын жеткізген болатын. Сол сенімнің үдесінен шығуға, халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін бар күшімізді саламыз.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жастарға көңіл бөлу, белсенділіктері мен қызығушылықтарын арттыруға бағытталған әрекеттер қолдану, бұқаралық спорт түрлерін насихаттау, бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізу осы жобалар арқылы жүзеге асырылуда деуге болады.

А.Кенджасарова,

Ақжар ауылдық округі әкімі

аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскері,

«Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: