Қайырымдылық — адамның бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Біз Алла үшін тым болмаса бір жетімнің басын сипасақ, қолымыздың тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап аламыз.
Қайырымдылық шараларын ұйымдастыру — өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі заманда тұрмысы төмен, күнкөрістері нашар отбасылар баршылық. Біздің өңіріміздің өзінде қазіргі қымбатшылықтың, жұмыссыздықтың салдарынан да мұндай жағдайлар қоғамда орын алып отыр. Кейбір жанұялар көп балалы болғандықтан немесе әкесіз, анасыз қалған балаларды асырап отырған отбасылар халықтың қолдауына мұқтаж.
Қазіргі уақытта баспанасыз болу – үлкен қиыншылық. Тапқан табысың пәтерақы төлеумен өтеді. Тіпті кейде жетпей де қалып жатады. Ал таршылық көріп өсіп келе жатқан балаға бұл жағдай психологиялық тұрғыдан кері әсер беруі мүмкін. Бұл бір жағынан баланың болашағына зиянын тигізеді.
Осы тұста Үшарал қаласында 2019 жылдан бері жұмыс жасап, халыққа қызмет көрсетіп жүрген «Диана» қайырымдылық қоры мұқтаж жандарға барынша көмек көрсетіп, қуаныш сыйлауға асық. Аталмыш қорымыз аудан тұрғындарына баспана сыйлаумен айналысады. Сондай-ақ керегінше азық-түлікпен де, киім-кешекпен де жәрдемдесіп тұрады.
«Диана» қайырымдылық қорының басты демеушісі – халық. Бұл жөнінде қор жетекшісі Қ.Қапар өз сөзінде де айтып өткен болатын. Ия, ауданымызда қайырымдылық жасауға асығып, жомарттық танытып жүретін азаматтарымыз баршылық. Жақсылық жасасаң, жасырын жаса демекші бұл қорға әркез демеу болып, қаражатпен де, басқа да көмектер көрсетіп жүретін тұлғаларымыз өз есімдерінің аталғанын қаламайды. Бұл әрекетті мен де қолдаймын, себебі шын жүрекпен, таза ниетпен жасалған дүниелер біреудің мақтауын қажет етпейді. Бұндай мейірімділік міндетті түрде мың есе болып сол жанға оралары сөзсіз. Жақсылық жасау үшін сіз міндетті түрде бай, ақшасы көп адам болуыңыз қажет емес. Бастысы, сіздің тілек-ниетіңізде деп ойлаймын.
«Диана» қайырымдылық қоры ауданымыздағы баспанаға мұқтаж жандарға үлкен көмек. Ұйым жетекшісі Қалибек ағамыз: «Өңіріміздегі әрбір ауылдық округтің әкімімен тікелей байланыста болып, тұрғындардың жәй-күйімен әрдайым хабардар боламын. Қаражат жинамас бұрын ең алдымен шын мәнінде көмекке зәру кейіпкерімізді іздестіріп, сол адамның расыменде баспанаға қажеттілігін анықтаймыз. Әрмен қарай үй қарастырып, керек теңгені жинауға кірісеміз»,- дейді өз сөзінде.
Осы тұста жуырда Бескөл ауылдық округінен кезекті 21-ші баспананың кілті көпбалалы отбасына табысталды. Жерлесіміз Баймұханова Арина Ануарбекқызы қайырымдылық қорға ерекше ілтипаты мен халыққа деген шексіз ризашылығын білдірді.
Ұлы Әл-Фараби айтқандай:
Ғақлия көзбен қарасаң,
Дүние-ғажап,сен есік.
Жаһлы көзбен қарасаң,
Дүние-қоқыс,сен-меншік.
Сондықтан жақсылық жасап жарысайық.
Ж.КУМПЕИСОВА.