Бүгінде Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдаған алғашқы Жолдауы жұртшылық арасында қызу талқылануда. Онда белгіленген жоспарлар мен жүзеге асуға тиіс істер жұртшылықтың көңілінен шығуда десек артық айтпаймыз. Бұл үрдістен алакөлдіктер де сырт қалмай, үн қосуда.
Жақында жолдауды талқылауға арналған аудан активінің жиналысы өтті. Оған басқарма, мекеме, бөлім және құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, жергілікті округ әкімдері мен «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының төрағалары, этно-мәдени орталықтарының,қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аудан әкімі Ә. Жақанбаев «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы ауданның атқарушы органының жұмысы туралы» баяндама жасап, ауданда атқарылып жатқан істерге кеңінен тоқталып өтті.
Баяндаманы талқылауға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Қ. Көкебаев, «Алакөл асыл жылқысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Ө. Ахметов, аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы К. Бектемісова, «Дипломмен-ауылға» бағдарламасымен келген жас маман, Лепсі орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі А. Оразов, Лепсі ауылдық мәдениет үйінің директоры, «Ләйсан» татар этно-мәдени орталығының жетекшісі И. Абдухаликова, Үшарал қаласының жас кәсіпкері Ү. Өнербекова қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Актив жиналысына қатысушылыр Жолдауды бірауыздан қолдап, онда айтылғандардың жүзеге асатындығына сенім білдірді.
А.ЖАҚЫПБЕК