Білім – игілік пен бірліктің, бақыт пен бақтың, байлық пен даулеттің негізгі көзі. Сондықтан алғашқы қоңыраудың сыңғыры естілер айтулы күннің әрбір адам өмірінде алар орны ерекше. Әсіресе, мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттайтын бүлдіршіндердің жүрегінде осы уақыттағы шадыман сәттер мәңгіге сақталмақ. Ал ұстаздар үшін жаңа бастамалар мен ізденістерді, тың идеялар мен өзгерістерді меңгеретін кезең де осы күннен бастау алмақ.
Биыл ауданымыздағы 45 мектепте 12900 шәкірт білім нәрімен сусындамақ. Ел болашағын ұстаған олардың өмірлік бағытын 1725 ұстаз бағдарлап барады. Қолына құшақ гүлін алып, жүректері лүпіл қаққан 1 сынып оқушыларының саны 1472 болса, мектеп қабырғасында соңғы жылдарын өткізетін түлектер саны 706-ны құрап отыр.
Аталған оқушылар мен ұстаздар білім күнін атап өту үшін 45 оқу ордасында сарбаздардай сап түзеп, алғашқы қоңыраудың сыңғырын естуге асықты. Биыл 711 млн. теңге бөлініп, толықтай крделі жөндеуден өткен Қабанбай аулындағы О.Молдағожин атындағы орта мектебі де айтулы мерекеге ерекше дайындалды. Талай жылдан бері көркі көмескіленіп, жөндеуді қажет еткен оқу білім шаңырағында соңғы екі жылда үлкен өзгерістер орын алған. Атап айтсақ, мектепке О.Молдағожиннің есімі беріліп, батыр тұлғаның ұрпақтары ғимарат алдына спорттық алаң салып, батыр аталарының кеуде мүсінін тас тұғрға орнатты. Енді міне қомақты қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Осы ретте алғашқы қоңырау мерекесіне орай аталмыш мектепке аудан әкімі Ә.Жақанбаев арнайы барып, айтулы мейраммен құттықтап қайтты. Көңілдерінің көкжиегін күн нұры шалған 431 оқушының езуін күлкі торлап, көздерінен қуаныш пен шаттық себездеуде. Бірінші сыныпқа қабылданған 44 шәкірттің жүрек лүпілі естіліп, қобалжып тұрғандарын аңғардық. Мектеп партасына соңғы жыл отыратын 30 түлек те таусылар сәті таяғанымен, таусылмас бақыт сыйлаған мекенді қимайтындары көрініп тұр.
Аталмыш білім ордасының директоры Р.Жанабаева 2018-2019 оқу жылының басталуы туралы бұйрықпен таныстырып, оқушылардың алдағы сапарына сәттілік тіледі.
Сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев: «Қазір білімнің салтанат құрған дәуірі. Себебі сұранысы өзгерген заман ағысына ілесу күннен күнге қиындап барады. Осыған орай ел болашағының иегері болып отырған сіздердің білімді болуларыңыз мемлекет дамуындағы алдыңғы қатарлы міндет болып табылады. Сондықтан мектеп қабырғасында өткізген әр минуттарыңызды бекерге жұмсамай жаңа дүние үйреніп, жаңа білімді меңгеруге құштар болыңыздар»,- дей келе, ағымдағы жылы білім беру саласындағы өзгерістер мен жаңашылдықтарға кеңінен тоқталып кетті.
Бірінші сыныпқа аяқ басқан бүлдіршіндер Отан, туған жер жайлы өлеңдерін оқып, мектеп өнерпаздары шағын концерттік бағдарламаларын назарға ұсынды.
Артынша аудан әкімі бастаған алқалы топ «Менің Отаным – Қазақстан» атты ашық тәрбие сағатына қатысып, балаларға өздерінің ақыл кеңестерін берді.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.