Әр оқушының, әсіресе мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған бірінші сынып шәкірттерінің өмірінде елеулі орын алатын алғашқы қоңырау үнінің сыңғыры ауданымыздағы 45 оқу ордасынан естілді. Білім майданына аттанғалы отырған 12970 бала сарбаздарша сап түзеп, әр секунд сайын жиілей соққан жүрек лүпілдерінің дүрсілімен арпалысуда. Соның ішінде 1329 бүлдіршін әліппе беттерін алғашқы рет парақтамақ. Толқу, қобалжу сынды сезімдер бейкүнә жүздерінен анық аңғарылады.
Биыл Жанама мен Жағатал ауылдық округтеріндегі Қабанбай батыр және Қарабұлақ орта мектептерінің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылып, Білім күні шәкірттеріне есігін айқара ашты.
Өңір басшысы Ә.Жақанбаев бастаған алқалы топ Қарабұлақ ауылындағы мектептің шаңырағына арнайы бас сұғып, оқушыларға шуақ сыйлаған мерекемен құттықтап: «Білім, ғылымның салтанат құрып тұрған заманында болашақ иегерлерін тиісті тәлім, тәрбиемен сусындату басты міндеттеріміздің бірі. Сапалы білім алған саналы ұрпақ қана еліміздің кемел келешегінің қалыптасуына тың серпін сыйламақ. Ұлтымыздың ұлт ретінде бой көтеруінде берік ірге тасының қалануы тікелей осы балаларымызға байланысты» ,- дей келе оқушылардың білім шыңына қарай беттеген сапарларына сәттілік тіледі.
Сөз алған Қарабұлақ орта мектебінің директоры Б.Иманқұлов жаңа оқу жылының еркешеліктеріне тоқталып, 26 бүлдіршінді бірінші сыныпқа қабылдау туралы бұйрықпен таныстырды.
Оқу ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген «Мега Сервис» құрылыс компаниясының басшысы А.Қожекенов мектепке құны 1млн. 250 мың теңге тұратын балуандар боз кілемін тарту етті. Жөндеу жұмыстарына ҚҚС-мен қоса есептегенде 390 млн. теңге жұмсалған.
2017-2018 оқу жылының алғашқы қоңырауы да соғылды. Оқу-білімге, ғылымға ұмтылған бар балаға бақытты балалық тілеп, болашақта ел тізгінін қолда берік ұстар елжанды азаматтар болсын дейміз.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.