Қала құрылысы басты назарда

Нарықтық экономиканың дәурені жүріп тұрған заманда қарапайым халықтың тілек-мүддесін ескеріп, пайдалы кәсіп көздерін тапқан азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер де аз емес. Төмен пайызды яки үстеме қаржысыз несиелер, субсидиялар, түрлі жеңілдіктер де қарастырылған.

Талап пен талпыныс болса кез-келген бизнес түрін дөңгелетіп әкетуге өте қолайлы өңір саналғандықтан ауданымызда кәсібін нәсібіне айналдырғандардың қарасы күн өткен сайын көбеюде.

Жуырда өңір басшысы Ә.Жақанбаев пен аудандық мәслихат хатшысы С.Жабжанов Үшарал қаласының аумағында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жекеменшік сектордағы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралады.

 

Алқалы топ алдымен АГТК-ның жанындағы бұрынғы жатақхана, бүгінгі көп пәтерлі тұрғын үй болып отырған ғимаратқа бас сұқты. Ол жердегі жөндеу жұмыстарының шамамен сексен пайызы аяқталған. Құрылысы толықтай тәмамдалғаннан кейін кезекте тұрған азаматтарға, дәрігерлер мен ұстаздарға, жас отбасылар мен мұқтаж жандарға берілмек. Тиісінше, пәтер иеленгендер белгіленген мөлшерде қаржы төлеп отырады. Жоспар бойынша спорт және балалар ойын алаңы салынып, айналасы жасыл желекке көмкерілмек. Жылу, жарық, су, кәріз жүйелері ретке келтіріліп, тұрғындарға толық жағдайлар жасалынады.

Келесі аялдама «Балапан» бағдарламасы аясында ашылғалы отырған «Парасат» балабақшасы болды. Бір айта кетерлігі бұл жоба мемлекет-жекеменшік серіктестігінің арқасында жүзеге асырылмақ. 125 орындық, екі қабатты бөбекжайдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жоспар бойынша желтоқсанда аталмыш мекеме қызметін бастамақ. Тиімді тұстарының бірі ретінде 100 орын мемлекет құзырлығында болғандықтан қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей баға белгіленетінін айтуға болады.

Артынша қала аумағында жуырда құрылысы басталған жылыжайдың қазіргі жағдайы тексерілді. Сұраныс бойынша жер берілген, құжаттар толықтай рәсімделген, жұмыс басталған, алайда қаражаттың тапшылыға бойланысты аяқсыз қалған. Осыған орай аудан әкімі Ә.Жақанбаев бөлінген жерді мемлекет меншігіне қайтарып алып, өзге бағыттарда қолдануды тапсырды.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: