Өңіріміздің тоқсан жылдық мерейтойына орай З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде сөз сүлейлерінің сайысы өтіп, айтыскерлер Алакөлді жырымен тербетті.
Республикаға белгілі от тілді, орақ ауызды он ақын төрт сағат бойы сахна төрінен сары даланы өлең етіп, өнерлерімен бөлісті.
Тәңір таңдайына сөз салған дүлдүлдердің додасын белгілі ақын А.Бұлғақов жүргізді.
Алғашқы болып домбыраның қос қылына жыр өрген Ж.Бұлғақов пен С.Әуесхан еркін тақырыпта айтысып, әзіл-қалжыңы аралас әдемі өнер үлгісін көрсетті.
Артынша айтыс аламанының алдын бермей жүрген Б.Имашев, С.Тоқтамысова, А.Тұрсынбаева, Қ.Шорманов, Ж.Наушабеков, А.Рахатбек, Ж.Садыр, С.Берлеспек сынды тңлңне тікен тайған ақындар тоқсан жылдық тарихында тұғыры шайқалып көрмеген ауданнның өткені мен бүгінін, кешегісі мен келешегін жырға қосып, тыңдармандарды тәнті етті. Мұқым елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, дүйім бұқараның мүддесі үшін өлеңнен таспа өріп, саясаттың жон арқасына көз салған шайырлардың шабыты бір шалынбады. Ел мен жердің зарын заңғардағыларға жеткізіп, желкенін желге қарсы көтерген олардың әр сөзінен жалын есіп тұрды. Сабадай сапырылған көңілдерінен қымыздай бойды қыздырар өлең тудырып, мерейтойын атап жатқан ауданның атақ-абыройын еселей түсті.
Әр істің басы мен соңы болады демекші, ақындар айтысында үшінші орынға Б.Имашев (600 мың) көтерілсе, А.Тұрсынбаеваға (800 мың) екінші орын бұйырды. Ал бірінші орынды Ж.Бұлғақов (1млн.) қанжығаласа, бас жүлдені С.Тоқтамысова (1,5 млн.) тақымға басты. Өзге қатысушыларға да 200 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлығы табысталды.
А.АСХАТҰЛЫ.