АЛАКӨЛ ОЙПАТЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛАЛАР

Алакөл өңірінде біздің ғылыми зерттеу жұмыстарымыз 2007 жылдан басталды. Сол уақыттан бастап осы өңірдегі қола, темір дәуірімен қатар ортағасырлық қалаларды да зерттеудің мүмкіндігі туды. 2011 жылы Алакөл ойпатында далалық барлау жұмыстары жүргізіліп, ортағасырлық қалалардың біршамасының топографиялық жоспарлары алынса, 2012-2013 жылдары Асусай қаласында[1, 154-165 б.], 2014 жылы Қоскеліншек қаласында [2, 205-210 б.] және 2015-2018 жылдар аралығында Жайпақ қаласында кешенді қазба жұмыстары жүргізілді [3, 172-183 б.].

Өңірдегі ортағасырлық қалалар қазіргі Үшарал қаласы маңына шоғырланып, одан әрі шығысқа қарай екі бағытпен тармақталған.Қалалардың бірінші тармағы Үшаралдан Достық елді-мекеніне баратын үлкен күре жолдың екі шетін бойлай 9 қала орналасқан. Олар: Тентек 1, Жайпақ 1, 2, Асусай, Қоскеліншек, Ырғайты, Тоқта, Тау Ақши, Шыңдалы.

Үшаралдан шығысқа қарайғы қалалардың екінші тармағы Алакөлдің оңтүстік жағалауын бойлай отырып 7 қала орналасқан. Олар: Тентек, Қайнар, Ақтүбек, Жайпақ 3,4, Ақши, Көктұма (Көктұма қаласын Алакөл шайып тастаған).

Қалалардың үшінші тобы Үшарал маңына шоғырланған. Олар қазіргі таңда жойылып бара жатқан Қарабұлақ және Үшарал(бүгінде бұл қала жойылған)атты ортағасырлық қалалары.

Жоғарыда аталған қалаларды тарихи-мәдени тұрғыдан атрибуциялау негізінде төмендегідей тұжырымдар жасауға болады.

Алакөл аймағындағы ортағасырлық ескерткіштерді сыртқы пішіндері бойынша 3 топқа топтай аламыз. Олар: төрткүлдер, трапеция  немесе параллелепипед және дөңгелек (сопақ) пішінді қалалар.

Төрткүл тәрізді ескерткіштер: Асусай, Жайпақ І, Жайпақ ІІ, Жайпақ ІІІ, Жайпақ IV, Қоскеліншек, Тоқта, Шыңдалы, Ақши, Қайнар І, Қайнар ІІ, Тентек, Ынталы және Қарабұлақ.

Трапеция  немесе параллелепипед тәрізді қалалар: Тау Ақши, Ақтүбек, Найманқала және Еміл (Омыл).

Дөңгелек немесе сопақ пішіндіқала: Шоқыман.

Бұдан бөлек аталмыш ортағасырлық ескерткіштерді орналасқан жеріне қарай екі топқа бөлуге болады:

1. Тау етегінде орналасқандар (оның ішінде тау ішінде және шатқал аузында). Оларға Ынталы, Асусай, Қоскеліншек, Тоқта, Шыңдалы, Шоқыман, Тау Ақши (тау ішінде) және Еміл (Омыл) жатады.

2. Көл маңайындағы қалаларға Қарабұлақ, Тентек, Қайнар І, Қайнар ІІ, Ақтүбек, Жайпақ І, Жайпақ ІІ, Жайпақ ІІ, Жайпақ IV, Ақши және Найманқала жатады.

Алакөл аймағында орналасқан ортағасырлық қалаларды фортификациясы бойынша да біршеше топқа жіктеуге болады: ормен қоршалған, мұнаралы және қақпалы.

Ормен қоршалған қалалар: Ақтүбек, Тентек, Ақши, Тау Ақши, Шоқыман, Қайнар І.

Мұнаралы қалаларға біздің ойымызша Алакөл аймағындағы барлық ескерткішті жатқызуға болады. Оның ішінде төрт бұрышы мен қабырға бойында мұнарасы бар  және тек бұрыштарында ғана мұнарасы бар қалалар (Ынталы, Жайпақ І) деп өз ішінде екіге топтауға болады.

Қақпасы нақты көрініп тұрған қалалар қатарына Найманқала, Еміл (Омыл), Ақтүбек, Тентек, Тау Ақши қалаларын жатқызамыз.

Алакөл аймағында орналасқан ортағасырлық қалалардың ішінде Асусай, Қоскеліншек, Жайпақ І қалаларына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілсе, Жайпақ ІІ, Ақши қалаларына стратиграфиялық шурф салынды.

2012-2013 жылдары Асусай ортағасырлық ескерткішінде қазба жұмыстары жүргізілді. Асусай қалашығы Ақши кентінен оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде, Асусай шатқалының маңында орналасқан. Төрт бұрышты қамалмен қоршалған қалашықтың бұрыштары дүниенің төрт нүктелерімен бағыттас орналасқан. Гографиялық координаттары С.45º53’061″;   Ш.81º27’181″ теңіз деңгейінен биіктігі 533 м. Қалашықтың өлшемі 75х75 м. Сыртқы дуалдың құландысының биіктігі 1,5-2 м шамасында. Құлаған қабырғасының жайылған жалпақтығы 10 м аумақты алып жатыр. Қорғаныс дуалының сыртынан қазылған ордың іздері анық байқалады. Оның оңтүстік шетін тау шатқалынан шығатын кішігірім өзен суы жуып кеткен. Қазір бұл өзен құрғап қалған. Дегенмен көктемде еріген қар  мен жауған жауын сулары толып ағатыны қалған су іздерінен анық байқалады. Қалашықтың қақпасы шығыс қабырғаның орта тұсында болса керек деп болжадық.

Қаланың оңтүсті қабырғасына көлемі 2х16 м болатын кесік, одан бөлек, қаланың 3 жеріне қазба түсірілді.

Қазба 1. Асусай қаласының оңтүстік-шығыс бұрышынан салынды. Көлемі 12х5 м болатын қазбаның тереңдігі 80 см-ге дейін жеткенде мәдени қабат аяқталды. Құрылыс белгісі ретінде ешқандай ірі қабырға шықпағанымен, қазбаның орталық бөлігінен 50 см тереңдіктен оттың орны кездесті. Қазбаның оңтүстік шығыс бұрышы қала қабырғасына барып тірелді. Керамикалық бұйымдардың денін ас үйлік ыдыс сынықтары құрайды. Ешқандай бүтін ыдыс кездеспеді. Қыш бұйымдар арнайы шарықта жасалған, арасында қолмен жапсырып жасалғандары да кездеседі.

Қазба 2. Қаланың солтүстік қабырғасына жақын, қаланың ортасына салынды. Көлемі 15х10 болатын қазба орнынан екі бөлме орны анықталды. Бөлмелер шығыстан батысқа қарай бір-бііне жалғаспалы салынған. Ішкі бөлмеден кейінгі кезеңге тән жерлеу орны шықты. Табылған керамикалық ыдыстардың арасында археологиялық бүтіндері де кездеседі. Оның ішінде хұмша, қазан және т.б.

Қазба 3. Асусай қаласының батыс қабырғасының сырт жағына кесік түрінде және кесікті қуалай салынды. Қазба барысында, кейінгі кезеңге тән жерлеу орны шықты. Қала қабырғасының сыртында құлаған кірпіштер кездесті. Бұған қарап, қала қабырғасы шикі кірпіштен тұрғызылғанын анықталды.

2014 жылы біздің тарапымыздан ортағасырлық Қоскеліншек ескерткішінде қазба жұмыстары жүргізілді. Қоскеліншек қаласының географиялық координаттары С.45º49’43.13″; Ш.81º35’16.63″,теңіз деңгейінен есептегендегі биіктігі 556 м. Қаланың жалпы пішіні шаршы тәріздес. Орналасу реті, қаланың төрт бұрышы дүниенің төрт бұрышына қарап тұрғандай. Шығыс қабырғасының ұзындығы 83 м, солтүстік қабырғасының ұзындығы 78 м, оңтүстігі 76 м, батыс қабырғасын, кейінгі жылдары жергілікті халық егін суғару үшін канал қазған сәтінде бұзып жіберген. Жалпы жергілікті антропогендік әсер қаланың қабырғасын ғана емес, қала ішіне де зиян тигізген. Барлау жұмыстары барысында анықтағанымыздай, арнайы жарықтардың ізіне қарап, қаланың ортасына егін салғанын анықтадық. Сондықтан, біздің зерттеу жұмыстарымыз негізінен қаланың солтүстік және оңтүстік қабырғасына жанастырыла салынды. Енді бір қазба қаланың батыс қабырғасының бұзылған жеріне салынды. Жалпы Қоскеліншек қаласы жоғарыда сипатталған Асусай қаласымен өзара ұқсастықтары көп болып шықты.

Қазба I. Қаланың солтүстік шығыс бұрышына салынды. Бастапқыда 7х5 етіп түсірілген қазба, зерттеу жұмыстарының барысында кеңітілді. Яғни шығыстан батысқа қарай 10 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай 12 м дейін кеңітілді. Мұнда үш құрылыс орны анықталды. Оның біріншісі қазбаның солтүстік шығыс бұрышынан білінді. Біз бұл құбылысты қаланың күзет мұнарасының құланды қабырғасы болуы мүмкін деп болжаймыз. Екінші құрылыс бөлмесі бұл ортасы қабырғамен бөлінген, кең бөлме орны болып шықты. Көлемі шамамен 5х5 болады. Үшінші құрылыста өзіндік ерекшеліктер бар. Мұнда солтүстіккен оңтүстікке қарай созылып жатқан суфа үстіне қатар етіп екі ошақ орналастырылған. Ошақ ауыздары батысқа қаратылған. Қазан қоюға арналған аузының диаметрлері 20-30 см аралығында ауытқиды. Бірақ ошақтың екеуі де жер бетіне жақын орналасқандықтан, әрі жоғарыда айтқанымыздай, егін суғару кезіндегі су ылғалы тым тереңге сіңіп бүлдірген.

Қазбаның яғни қаланың мәдени қабатын анықтау мақсатында, қазба 1-дің солтүстік батыс бұрышына шурф салынды. Шурф қазу барысында біз бұған дейін Асусай қаласын қазу барысында кездеспеген екінші құрылыс қабатына кез болдық. Екінші құрылыс қабаты бірінші құрылыс қабатының еденінен 35-40 см тереңдіктен шықты. Екінші құрылыс қабатынан тандыр ошақтың бұзылып жоғалуға айналған ернеуі мен құрылыс қабатының едені шықты. Жалпы қазба 1-ден бірнеше құрылыс қабаты, үстіңгі қабаттан бірнеше бөлме анықталды. Қазба барысында табылған заттардың негізін қыш бұйымдар құрайды. Сонымен қатар бірнеше диірмен тас сынықтары кездесті.

Қазба II.Қалашықтың оңтүстік батыс бұрышына салынды. Өлшемі 7х8 м, тереңдігі 50-60 см құрайды. Қазбаның орта тұсынан ошақ құрылысы ашылды. Ошақ дөңгелек келген, от жағатын ауызы шығысқа, түтін шығатын мұржасы батысқа қаратылған. Қазан тұратын қуысының диаметрі 50 см. От жағатын камерасының тереңдігі 45 см. Мұржа қуысының ені 10 см, ұзындығы 15-16 см.

Қазба III. Қалашықтың оңтсүтік шығыс бұрышына жақын маңнан түсрілді. Көлемі 8х8 м, тереңдігі 60-70 аралығында ауытқиды. Бірақ қазбадан ешқандай құрылыс орны анықталмады. Тек орта тұсынан бір шұңқыр шықты. Шұңқырдың диаметрі 90 см, тереңдігі 40 см құрайды. Шұңқырдан аздаған мал сүйектері мен қыш ыдыс сынықтары табылды.

Аталмыш ортағасырлық ескерткіштегі қазбадан бөлек біз қалашықтан оңтүстікке қарай шамамен 200 м жерде орналасқан 20 аса кесенелердің бірінде зерттеу жүргіздік.Кесененің географиялық координататары С.45º49’37.47″;Ш.81º35’15.52″, теңіз деңгейінен есептегендегі биіктігі 561 м. Қоскеліншек кесенесінің көлемі батыстан шығысқа қарай 11 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай 8 метрді құрайды. Іргесі таудың жұмыр тастарымен қаланған бұл кесененің есігі шығысқа қаратылған. Оңтүстік жағының ірге тастары бір қатар етіп, ені 1 метрді құрай отырып орналастырылса, солтүстігінің іргетасы тек айналдыра қаланып, ортасы бос қалдырылған күйінде жеткен. Ішкі бөлігінің қақ ортасында айналасы кірпішпен қаланған жерлеу орны, оның солтүстік батысында, дөңгеленген, енсіздеу келген екінші жерлеу шұңқыры және бірінші жерлеу орнының солтүстік батыс бұрышын ала орналасқан кішілеу келген үшінші жерлеу орны белгілі болған. Ең қызығы кесененің шығыс бөлігінде яғни есіктің аузында қара күйе немесе күлдің орны білінді. Арнайы от жаққаны анық. Айналасындағы құланды топырағы өте аз, әрі ешқандай кірпіш шықпады.

Қоскеліншек қаласынан түсірілген 3 қазба орны мен кесіктен шыққан материалдардың денін қыш бұйым сынықтары, құрылыс кірпіштері, шаруашылықта пайдаланған диірмен тас сынықтары және ошақ бөліктері құрайды.

Кірпіштер. Қоскеліншек қаласына 2014 жылы жүргізілген қазба барысында күйдіріліп, құрылысқа пайдаланған екі кірпіш шықты. Біреуі бүтін, екіншісі жартылай сақталған. Екеуі де отта қатты күйдірілгендіктен шлакқа айналып кеткен. Арнайы өлшемді қалыпта құйылған. Жалпы өлшемі 30х15х5 см. Бүтін кірпіш ұзынынан қарағанда бір жағына қарай қисайғая жарылған.

Диірмен тас. Диірмен тастың жоғарғы бөлігі. Дөңестеу етіп, тау тасынан жасалған. Диаметрі – 21,5 см. Орта бөлігінің биіктігі 11,5 см. Ішкі шұңқырдың диаметрі 6,5 см. Шұңқыр ернеунінің қалыңдығы 2,5 см. Ернеуден иығына қарай кішкене шұңқыр бар. (Ағашпен диірмен тасты айналдыруға арналған болуы мүмкін).

Ернеулерді жасалу ерекшеліетірен қарай 4-ке бөлеміз. Бірінші, тік болып келген ернеулер. Жалпы саны – 3. Барлығы қолмен жапсырылып жасалған. Екеуінде сыртқы бөлігі отта көп тұрғандықтан күйе қалдығы бар. Екінші топтамадағы ереулер діні тік болып келіп, бірден сыртына қарай тік бұрыш жасап қайтарылған. Жалпы саны – 4. Барлығы арнайы шарықта жасалған. Үшінші топтамадағы ернеулер сыртына қарай қайтарылғанда, жалпақ болып біткен. Барлығы дерлік шарықта жасалған. Отта сапалы күйдірілген. Ішінара кейбіреулерінің сыртына күйе байқалады. Формаларына қарап, көзе және құмыра ернеулері болуы мүмкін деген болжам келтіреміз. Төртінші топтамадағы көзе ернеулері сыртына қарай екі дөңес болып қайтарылған. Барлығы шарықта жасалған. Құрамына қарап отырып, көзелерді жасау барысында әр қилы құм пайдаланғанын байқау қиын емес.

Тұтқалардыжасалуына және ыдыстың пайдаланылу мақсатына қарай қарай төрт топқа бөлеміз. Қазан және көзе тұтқаларының барлығы бітеу жарты ай тәріздес етіп жасалған. Барлығының сыртында күйе іздері байқалады. Ернеулері сақталған тұтқа екеу. Қоскеліншек қаласынан табылған қазан ернеуінің диаметрі 22 см. Қақпақ тұқалары – 2. Біреуі ортасы тесік болып келген. Тұтқа биіктігі 4,5 см. Тұтқаның диаметрі 4,5 см. Қақпақтың екінші беті тегіс болып келген. Екінші тұтқаның беті тегіс болып келген. Тұтқа бетінің диаметрі 6 см, биіктігі 3,5 см. Отта күйдірілуі бір қалыпты. Ілмек тәрізді тұтқалар – 3. Тұтқа жалпақтықтары 2-3 см аралығында. Құмыра тұтқалары ернеуден сәл ғана төмен түсіріліп жасалған. Қ-к 35 нөмірлі тұтқа ернеуінің диаметрі 12 см. Қ-к 22 тұтқа ернеуінің диаметрі 6 см. Құмыра тұтқаларының қалыңдықтары 2,5 – 5см аралығында.

Ыдыс түптерінің жалпы саны – 26. Ыдыс түптерін жасалуына және пайдалануына қарай бес топқа топтауға болады. Бірінші топтағы ыдыс түптеріне тегіс болып келіп, тұғырланып біткен ыдыс түптерін жатқызуға болады. Құрамына қызғыш құм араластырып, арнайы шарықта сапалы жасалған. Мұндай қыш ыдыс түптері әдетте кубоктәрізді қыш ыдыс түптерінде жиі кездеседі. Екінші топқа түптері тегіс, табанынан діңіне жалғасқан жері тік болып келген ыдыс түптері. Барлығы арнайы шарықта жасалған. Фромасына қарап, құмыра түптері деп жорамалдауға болады. Көлемдері әркелкі. Ең ірілерінің диаметрі 21 см, кішілері 10 см аралығында. Түстері қоңыр-қызыл, ашық-қызыл болып келген. Төртінші топтағы ыдыс түптеріне – құрамына ірі құм араластырылып жасалған таба және құмыра түптері жатады. Кейбіреулері шарықта жасалса, енді біреулері қолмен жапсырылып жасалған. Диаметрлері әр қилы 12 – 21 см аралығында.

Қазан немесе ірі құмыра қақпағы шетінен жіңішкелеп басталып келіп, ортасына қарай қалыңдап келіп бітеді. Шетінің қалыңдығы 1 см. Ортасының қалыңдығы 2 см. Қақпақтың ортасындағы тұтқа шетіне дейінгі ара қашықтық 13 см. Түсі қара қошқыл.

Ошақ фрагменті түрлі өрнектермен бедерленген. Өрнектердің құрылымына қарап, ошақтың бұрыш жағы болуы мүмкін. Өрнектер Асусай қаласынан табылған ошақ сынықтарына ұқсас. Қоскеліншек қаласынан 15 дана қой асығы табылды. Оның ішінде біреуінің іші тесіліп, өңделген.Қойдың жіліншігінен жасалған шүмектің ұзындығы 10 см. Жоғарғы бөлігінен 1,5 см төменде тесік жасалған. Шүмектің жалпақтығы 2 см, ені 1,5 см. Жоғарғы және төменгі бөліктерін егелеп, өңдеген.

Қоскеліншек қаласының қазіргі сақталу деңгейіне қарай, толықтай зерттелді деп айта аламыз. Себебі біз қазба жүргізген жерден басқа аймақтарының барлығында, егін суғару кезіндегі ылғалдың сіңіумен, тарихи құрылыс қабаттарын жойып жіберген. Бізге дейін сақталып қалған бөліктеріне жоғарыда айтылған қазба жұмыстарын жүргіздік. Қаланың құрылыс ерекшеліктері мен табылған тарихи жәдігерлеріне қарап, аталған қала осыған дейін зерттелген Асусай қаласының жасымен шамамалас келеді деп болжаймыз. Себебі, қазба барысы мен негізгі ақпарат беретін материалдар көрсетіп отырғандай, екі қаланың орналасу ерекшеліктері мен құрылыс кешендерінде ұқсастықтар өте көп кездесіп отырды. Мәселен, топтық жалпы жерлеу қорымдары екі қалада да оңтүстік жағында, қаладан шамамен 200-300 м жерде орналасқан. Әрі жай жерлеу орындары мен арнайы кесенелер де бір-біріне жақын орналасқан. Кесенелерінің құрылысы мен есіктерінің шығысқа қарай қаратылуы да, қаланы мекендеген халықтардың дүниетанымының бір-біріне етене жақын екендігін дәлелдей түседі. Қыш бұйымдары мен тұрмыстық-шаруашылық бұйымдарының жасалу ерекшеліктері мен құрамы, сондай-ақ жасалу тәсілдерінде де аса үлкен алшақтық байқай қоймадық. Мұнымен қоса, Қоскеліншек қаласынан Асусай қаласы секілді сырлы ыдыстардың фрагменттерін кездестірмедік. Уақыт анықтайтын нумизматикалық материалдар да табылмады. Археологиялық әдебиеттердегі мәліметтерге назар аударсақ, Жетісудың солтүстік шығысына қарай сырлы ыдыстар XII-XIII ғасырлардан кейін ғана келе бастаған. Осындай мәліметтер негізінде, Қоскеліншек қаласында тіршілік X-XII ғасырлар аралығында өрбіген деп болжаймыз.

2015-2018 жылдар аралығында ортағасырлық Жайпақ ескерткішінде қазба жұмыстарын жасадық. Ортағасырлық Жайпақ қаласы қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жайпақ ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 6 шақырым жерде орналасқан. Қаланың жалпы пішіні трапеция тәріздес. Географиялық координаттары С.45º59’44.19″;   Ш. 81º11’34.20″. Сыртқы дуал құландысының биіктігі 1,5-2 м шамасында. Құлаған қабырғасының жайылған топырағы 8-9 метрден бастап, кей жерлерінде 22 метрге дейін жетеді. Қаланың көлемі 146х153 м. Қабырғаларының бойында және қаланың төрт бұрышында мұнара белгілері байқалады. Сақталған мұнара қалдықтарының саны 11. Сыртқы дуалының оңтүстік және шығыс бөлігін тау шатқалдарынан шығатын маусымдық ағын сулар шайып, қалаға біршама зиян келтірген.

2015 жылы Жайпақ 1 қаласының 6 жеріне әртүрлі көлемде қазба жұмыстары жүргізілді.

Қазба 1.Жайпақ қаласының ішкі бөлігіне, оңтүстік қабырғаға жанастыра, көлемі 15х15 етіп түсірілді. Зерттеу барысында, 4 бөлменің орны толық ашылды. Құрылыс кешені қаланың сыртқы қабырғасына жалғастыра салынған. Құрылыс қабырғалары шикі кірпіш пен пахсадан тұрғызылған. Қазба барысында әр бөлмеде орналасқан 4 ошақ пен 1 тандыр ошақ кездесті. Ошақтар Птәрізді аузы ашық күй жасалған. 1 ошақтың алдында арнайы күл қоюға арналған тақта (плита) кездесті. Қазба барысында көп мөлшерде қыш бұйымдар шықты. Негізінен қазан ернеулері, табақ, құмыра тұтқалар мен құмыра түптері.

Кесік 1.Жайпақ қаласының батыс қабырғасына көлемі 2х18х1,8 м болатын кесік түсірілді. Зерттеу барысында анықталғаны, сыртқы қорғаныс қабырғасын тұрғызар алдында, ені 2,5 м, биіктігі 50 см топырақты нығыздап төсеген. Оның бетіне ені 1,8-2 м болатын сазды ұрғыштап, қабырғаны қалаған. Бірақ, анықтап қарағанда, домалақ болып көрінгенімен, кірпішке ұқсайды. Кейінгі зерттеулер барысында қабырғаның шикі кірпіштен тұрғызылғанын анықтадық.

Қазба 2.Қаланың батыс қабырғасын бойлай көлемі 30х10 етіп түсірілді. Зерттеу барысында, бірнеше үй-жайдың орны анықталды. Құрылыстың барлығы да қаланың қабырғасына жанастыра салынған. Зерттеу барысында, үй жайлардың ішінен 5 үлкен тандыр, 2 ошақ шықты. Кейбір тандыр ошақтардың аузы өрнектелген. Бір тандыр арнайы биікке орнатылып, алдына саздан тақта (плита) қойылған. Екінші бір ошақтың да алдына арнайы тақта (плита) қойылған.

Кесік 2.Жайпақ қаласының солтүстігі мен солтүстік-батыс бұрышын қамтитын сыртқы қорғаныс қабырға тұрғызылған. Қорғаныс қабырғасының басқа бөліктері бұзылып жоғалған. Қорғаныс қабырғасына түсірілген кесік зерттеу барысы келесідей, кесіктің көлемі 3х15х1,3м. қабырғаның екі шеті өте қатты болып келіп, орталық бөлігі жұмсақ сазды құм болып шықты. Қазіргі таңда мұндай қабырғаның ұқсастықтары анықталмады.

Кесене.Жайпақ қаласының шығысында 100 м жерде орналасқан кесененің көлемі 11х11 м. Шығыстан басқа жағының барлығының іргесі ірі тау тастарымен қаланған. Кесене іргесінің ені 70-100 см аралығында. Тастар бір қатар, кейде екі қатар етіп орналасқан. Шығысында екі қатар кірпіш жүргізілген. Қазба барысында, кесене маңайынан бетіне түрлі жануарларды оймыштаған кірпіштер табылды. Кесене ішінен екі жерлеу орны анықталды. Зерттеу барысында, жерлеу шұңқырындағы мәйіттердің бастары солтүстікке қаратылып, қолдары кеудесіне бүгілгені анықталды. Жерлеу шұңқырының тереңдігі 160 см. Жерлеу шұңқырының төменгі жағына төрт жағынан кірпіштен өріп, табыт секілді жасалған. Өрілген кірпіштің биіктігі 50-60 см аралығында ауытқиды. Мәйіттердің астына қалыңдығы 7-10 см болатын ағаштың өртелген күлін, нақтырақ, ағаш көмірін төсеген. Мәйіт сүйектері өртелмеген.

Қазба 3.Жайпақ қаласының сыртына, яғни қаланың оңтүстік-батыс жағында, шамамен 200 м жерден түсірілді. Қазба көлемі 10х10. Қазба барысында нашар сақталған 2 бөлме орны анықталды. Сонымен қатар 2 тандыр ошақ шықты. Табылған қыш бұйымдардың денін қазан ернеулері, тұтқалар, қақпақ және ыдыс түптері құрайды. Сонымен қатар біршама қой асығы да кездесті.

2016 жылғы зерттеу мауысымы барысында, 3 жерге қазба жүргізілді.

Қазба 4.Жайпақ 1 қаласының солтүстік-батыс бұрышына көлемі 30х10 етіп түсірілді. Зерттеу барысында, құрылыс кешендерінің көпшілігі жойылғанымен, 4 бөлменің орны анықталды. Қазба барысында 3 ошақ және 1 тандыр кездесті. 1 ошақтың беті өрнектелген. Тандырдың алдына арнайы тақта (орнатылған). Қазба барысында табылған қыш бұйымдардың барлығы дерлік сынған. Тек бірнеше шырағдан мен түбек қана бүтін күйінде кездесті.

Қазба 5.Жайпақ 1 қаласының сыртына, оңтүстік шетіндегі Жайпақ 2 қаласының солтүстігіне ашық алаңға салынды. Шаруашылық аймағына көлемі 15х15 етіп түсірілген қазба барысында, 3 бөлменің орны анықталды. Осы бөлмелерден 6 тандыр ошақ шықты. Оның ішінде 2 жерде тандырлар бір-біріне жанастыра салынған. Қалған 2 тандыр ошақ жеке орналасқан. Біреуінің алдында арнайы тақта қойылған. Мәдени қабат жер бетіне тым жақын орналасқандықтан, құрылыс нашар сақталған.

Қазба 6.Жайпақ 2 қаласының батыс жағынан қаланың сыртына яғни шаруашылық аймағына көлемі 12х6 м болып түсірілді. Қазба барысында екі бөлме орны анықталды. Сонымен қатар бір бөлмеден 2 тандырдың және 1 ошақтың қалдығы кездесті. Қыш бұйымдар басқа қазбаларға қарағанда аз кездесті.

2017 жылғы зерттеу маусымында Жайпақ І қаласының ішкі бөлігіне 2 қазба түсірілді. Қазба-1 қаланың оңтүстік қабырғасына жақын маңнан, нақтырақ айтқанда 2015 жылы жүргізілген қазбаның батыс бөлігіне жалғастырылып салынды [2, 294-301 бб.].

Қазба-1.Қазбаның жалпы көлемі 12х10 м. Қала қабырғасына параллель бағытта (шығыс-батыс), негізгі қабырғадан 1,2-1,4 м аралығында ауытқитын қашықтан қабырға анықталды. Қабырғаның биіктігі 25-55 см аралығында ауытқиды. Қабырғаның ені 40-45 см құрайды. Зерттеу барысында, 1-қабырғаға параллель солтүстіктен 1,3-1,4 м аралығында екінші қабырға анықталды. 2-қабырға шығыс батыс бағытында 5,5 м созылып келіп, солтүстікке қарай 90° бұрылыс жасайды. Оңтүстік-солтүстік бағытында орналасқан 2-қабырға шығыс-батыс бағытындағы 3-қабырғаға келіп қосылады. Зерттеу барысында, 2-қабырғадан солтүстікте 3 м жерде, параллель орналасқан 3-қабырға анықталды. Аталған қабырға шығыс-батыс бағытында қазбаны толық қамтып орналасқан. Осы 3-қабырғаға солтүстіктен үшбұрышқа ұқсайтын екі қабырға келіп түйіседі. Солтүстік-оңтүстік бағытында орналасқан екі қабырғаның солтүстік бөлігінің бір-бірінен ара-қашықтығы 1,8-2,1 м құраса, оңтүстік бөлігі 0,8 м құрайды. Қазба барысында анықталған қабырғалардың сақталуы бірдей. Биіктіктері 25-55 см аралығында ауытқыса, ені 35-45 см аралығында.

Қазба – 1 нысанына археологиялық зерттеу барысында анықталған архитектуралық құрылыс жүйелерінің орналасу ретіне талдау жүргізе келе, 3 негізгі бөлме мен 2 қойма орнын анықтадық. Бөлмелердің көлемі бір-бірінен аса алшақ емес, шамамен 2,9х4,1 және 4,2х5,1 м құрайды. Анықталған бөлмелер бір-біріне тіркесіп Г тәрізді кейіпте орналасқан. Қойма тәрізді2 нысан негізгі бөлмелерге жанаса орналасқан. 2015 жылы зерттелген нысанмен бірге салыстырмалы талдайтын болсақ, құрылыс жүйелері қаланың негізгі қабырғасына жанастырыла түсірілген және қала қабырғасынан ішке қарай 2-3 бөлмеге дейін созылып орналасқан.  Біздің ойымызша, тұрғын-жайларға қаланың ішкі жағынан кіреді. Басқа бөлмелер бір-біріне тіркесе орналасқандықтан ішкі есіктер арқылы келесі бөлмелерге өте алады. 2017 жылы жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары барысында, бұрын анықталған тұрғын жайдан тәуелсіз үйдің орны анықталып отыр.

Керамикасы. Қазба 1-ден керамика өте көп табылды. Бірақ барлығы дерлік сынған, жартылай сақталған. Негізінен ас үйлік ыдыстар саны басым. Оның ішінде қазан ернеулері, үлкен құмыралар, тегене  және т.б. Жалпы саны 547 керамика сынығы табылса, оның ішінде:

Шарықта жасалғаны: 416 дана.

Қолмен жапсырылып жасалғаны:  131 дана.

Ас үйлік ыдысқа тиесілі: 391.

Асханалық ыдысқа: 156 дана.

Қазба 2. Бастапқыда қаланың қақпасы болуы мүмкін деген болжаммен, 5х7 м етіп қазба түсірілді. Қазба жұмыстары батыс қабырғаның құланды топырағының аяқталар тұсынан, яғни шығыс бөліктен басталды. Зерттеу барысында, қазбаның орталық бөлігінен шығыс-батыс бағытында созылған қабырға ізі байқалып, кеңейтіп ашу барысында, бөлменің бір бұрышы екендігі анықталды. Қабырға шығыстан батысқа қарай 2,5 м созылып, оңтүстікке қарай бұрылады. Қабырғаның ені 25-30 см, сақталған биіктігі 25-35 см аралығында. Оңтүстікке қарай бұрылыс жасаған қабырғаның батыс жағында шығыс-батыс бағытында қатар орналасқан, әртүрлі көлемдегі, шұңқыр орындары анықталды. Шұңқырлардың диаметрлері 0,7х1,1 м, тереңдіктері 0,55-0,85 м болады. Шұңқырлардың ең үлкен шығыстағы қабырғаға жанаса орналасқан, екінші және үшінші шұңқырлар орналасу ретіне қарай кішірейе береді. Қазбаның көлемін солтүстікке қарай кеңейту барысында, қаланың негізгі қабырғасына келіп тірелгені байқалды. Қала қабырғасы тоқтаған жерді бойлап, қазбаны кеңейту барысында, қала қабырғасының батысқа қарай бұрылыс жасайтыны анықталды. Қала қабырғасының шетін анықтау мақсатында, шығыс-батыс бағытында ені 0,5 м, ұзындығы 3 м болатын шурф салынды. Нәтижесінде, шамамен 2,4 м батыстан тандыр ошақтың ернеуі анықталды. Анықталған өзгерістерге сай қазбаны негізгі енін сақтай отырып, батысқа қарай 5 метрге жылжытылды. Зерттеу нәтижесінде анықталғандай, қаланың негізгі қабырғасы аздап оңтүстікке бұрылыс жасай отырып, батысқа созылып орналасқаны белгілі болды. Бақылау шурфының нәтижесінде белгілі болған тандырды толық ашу барысында, тандыр ошақтың жақсы сақталғаны және аузының солтүстік-батысқа қаратылғаны анықталды. Жалпы бүтін тандыр Алакөл ойпатында зерттелген қалалардан бірінші рет табылып отыр. Бұл өз кезегінде аймақтағы тандырлардың жалпы құрылымы, ерекшеліктері туралы тұшымды пікір айтуға көп септігін тиігізері анық.

Тандыр ошақ. Тандыр ошақ аздап оңтүстікке қарай еңістеліп, иіліп орналасқан. Тандырдың оңтүстік-батыс бөлігінде арнайы суфа тәріздес қам кесектен қаланған орын жасалған. Суфаның биіктігі 20 см, ұзындығы 50-55 см. Тандыр ошақтың оңтүстік бөлігінің ернеуі сынған. Төрт бұрыш тәрізделіп жасалған аузының ені 18-20 см, биіктігі 20-25 см құрайды. Тандырдың түбінің диаметрі 65-67 см, орталық бөлігінің диаметрі 45-48 см, ернеуінің диаметрі 37-40 см аралығында ауытқиды. Биіктігі 55-60 см аралығында. Қабырғасының қалыңдығы 2,5-3,5 см болдады. Ернеуінің беті тегіс келген. Шамасы арнайы жауып қою үшін тегістелген болуы мүмкін. Тандыр сыртының қолмен сыланып, өңделгені сақталған саусақ іздерінен көрінеді. Тандырдың ішінде қара күйе іздері сақталған. Тұрмыста ұзақ пайдаланылғанын, қабырғаларының жарылып кетуінен байқауға болады.

Жайпақ қаласына жүргізілген зерттеу жұмыстары, қаланың шаруашылығы мен тұрғын жайлары туралы жаңа ақпараттар беріп қана қоймай, бұған дейін айтып жүрген кейбір пікірлерімізге толықтыру енгізді. Қаланың оңтүстік қабырғасының ішкі жағын бойлай тұрғын үйлер орналасқан. Тұрғын үйлердің қабырғалары, қаланың негізгі қабырғасына барып жалғасады. Сыртқы қабырғадан ішкері яғни солтүстікте параллель 2 кейде 3 қабырға орналасады. Бұл қала ішінде бірнеше жалғаспалы немесе қума бөлмелі үйлердің болғанын айғақтайды. Қазба барысында табылған бүтін тандыр ошақ, бұған дейінгі қаланың тіршілігі туралы, мал шаруашылығымен қатар, бір деңгейде егіншілікпен айналысқандығы туралы пікірлерімізді қуаттай түседі.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе келесідей қорытындылар жасауға болады. Асусай қаласының мәдени қабаты 1,5 м-ге жететіні анықталды [1, 154-155 б.].

Қоскеліншек қаласының мәдени қабаты 1,3-1,4 м аралығында ауытқиды [3, 205-210 бб.].

Жайпақ І қаласының мәдени қабаты 0,9-1,1 м аралығында ауытқыды [4, 18-27 бб.].

Жайпақ ІІ қаласының мәдени қабаты 0,3-0,4 м аралығында [9, 172-183 б.].

Ақши қаласының мәдени қабаты 0,5-0,7 м аралығында ауытқитыны анықталды.

Біздің ойымызша, Алакөл аймағында орналасқан ортағасырлық қалалардың мәдени қабаттары біркелкі емес, көлемі үлкендеу қалаларда мәдени қабат 1 м-ден асып, екінші мәдени қабатқа ұласып жатса (Жайпақ І, Қоскеліншек), көлемі кішкентай қалаларда 0,3-0,5 м. Қалаларда тіршілік уақытын кесіп айту қиын. Бірақ ғылыми талдауларға сүйене отырып, мәдени қабаты 0,3-0,7 м болатын, әрі көлемі кішкене қалаларда тіршілік бір ғасырға жетпеуі мүмкін деген болжам айтамыз.

Сонымен бірге,Асусай қаласының оңтүстігінде бірнеше кесенелерге археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қаланың ішіндегі құрылыстар көбіне қала қабырғасына жақын салынған. Орталық бөліктен аса үлкен құрылыс белгілері анықталмады.

Қоскеліншек қаласының оңтүстігіндегі бір кесенеге археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.  Қаланың ішкі бөлігінде тұрғын үйлер қала қабырғасына жанастыра салынған [2, 205-210 б.].

Жайпақ І қаласының шығысында бір кесенеге зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қала ішіндегі құрылыстар қабырғаға жақын салынған. Орталық бөліктен құрылыс іздері көп байқалмады [4, 18-27 б.].

Жайпақ ІІ қаласының маңайында жекелеген тұрғынжайларға археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бірнеше бөлме орындары анықталып, тандыр ошақтар табылды [3, 172-183 б.].

Алакөл аймағындағы қалалардың тұрғын жайларының орналасу ерекшелігі Орта Азиялық қалаларға ұқсайды. Мәселен, Хорезм аймағындағы ортағасырлық қалалардың тұрғын-жайлары қала қамалының ішкі жағына, қабырға бойымен іргелес салынып, қаланың орталық бөлігі бос алаң ретінде қалдырылғанын байқаймыз. Мұндай қалалардың қатарында, аталған аймақтағы VII-VIII ғасырлармен мерзімделетін Аяз-қала І, Аяз-қала ІІ және Аяз-қала ІІІ секілді ескерткіштерді атауға болады. [5, с. 58-61.].

Мәліметтерді сараптай келе, мынадай пікір айтамыз. Ортағасырлық қалалардың көпшілігінің маңайында қала өмірімен байланысты жерлеу орындары, оның ішінде тас пен шикі және күйдірілген кірпішерден салынған кесенелер және жай қорымдар орналасқан. Біздің ойымызша, Асусай, Қоскеліншек және Жайпақ І қалаларының мұндай ерекшеліктерінің болуы, қалада сословиелік жіктеліс орын алған, әрі биліктің болғанын дәлелдейтін секілді.

Алакөл аймағындағы қалалардың топографиялық картасына сараптама жүргізіп, типологиялық ерекшеліктеріне тоқтала келе, ескерткіштердің пайда болу, қалыптасу генезисі және мерзімдеу мәселесі маңызды дүние болып табылады. Археологиялық зерттеу жұмыстарынан байқалғандай, Қоскеліншек қаласынан екінші мәдени қабат анықталса, Асусай қаласының мәдени қабаты 2 м-ге дейін жетті. Жайпақ І, Жайпақ ІІ және Ақши қалаларының шарықта жасалғандары көбірек ұшырасып отырды. Жайпақ І қаласынан көк түспен сырланған ыдыс сынығы табылды.

Біздің ойымызша, Алакөл аймағындағы ортағасырлық қалалардың генезисін анықтап, мерзімін көрсету үшін, жоғарыда аталған қалаларды үш типке топтаймыз.

Бірінші бекініс-қоныстар. Мұндай ескерткіштерге Тоқта, Шыңдалы, Қайнар І, Қайнар ІІ, Жайпақ ІІ, Жайпақ ІІІ, Жайпақ IV,  секілді тау шатқалының аузында және жазық жерде орналасқан қалаларды жатқызамыз. Бұл қалалардың мәдени қабаты өте таяз. Әрі көлемі аса үлкен емес. Мұндай типтегі қалалар бір уақытта іргесі қаланып, біршама уақыт пайдаланылып, кейін көп ұзамай тіршілік тоқтаған. Бұл қалаларды біз Х-ХІ ғасырлармен мерзімдейміз. Мұндай қалаларды археологияның ортағасырлық термині бойынша «төрткүл» деп атау маңызды.

Екінші бекініс-қалалар немесе бекініс-орталықтар (ордалар). Мұндай ескерткіштер қатарына Асусай, Қоскеліншек, Жайпақ І, Ақтүбек, Қарабұлақ, Шоқыман, Ақши, Тентек, Еміл (Омыл) секілді тау етегінде және көл жағасына жақын маңда орналасқан қалаларды жатқызамыз. Бұл қалалардың мәдени қабаты біршама терең, кейбіреулерінде екі мәдени қабат анықталған. Мұндай типтегі қалаларда тіршілік біршама ұзаққа созылған. Іргесі бір мезгілде қаланғанымен, қаланың қорғаныс қамалының сыртындағы шаруашылық аймағынан табылған өте көп мөлшердегі тұрғын-жайлар мен қоныстар уақыт өте келе қалыптасуы да мүмкін деген пікір айтамыз. Қалалардың аймағында ирригациялық жүйелердің іздері анық байқалады. Бұл қалалардың бірінен (Жайпақ І) сырлы ыдыстың табылуы да қаладағы тіршіліктің біршама ұзаққа созылғандығынан хабар береді. Мәліметтерге талдау жасай келе, аталған қалаларды ІХ-ХІІ ғасырдың екінші жартысы деп мерзімдейміз. ХІІІ ғасырдың басында бұл қалаларда тіршілік болмаған. Себебі қабырғаларының стратиграфиясында ешқандай соғыс немесе қираған белгілер байқалмайды. П.Карпини мен Г.Рубруктың жазбаларында ХІІІ ғасырда бұл аймақта тек бұзылған қалалардың орны ғана қалған деген деректері сақталған.

Үшінші керуен-сарайлар. Мұндай ескерткіштер қатарына Тау Ақши, Ынталы, секілді тау шатқалының ішінде, таудың үстіндегі жазықта және далалы керуен жолдарының бойындағы жазықта жеке орналасқан қалаларды жатқызамыз.

Тау Ақши – тау ішінде жеке орналасқан, оңайлықпен жауға берілмейді, үш жағынан биік тау қоршаған, тек бір ғана шатқалмен келуге болатын бекіністі қала. Керуен-сарай болуы әбден мүмкін. Әрі осы Тау Ақшиге барар шатқалдың аузында Тоқта түркүлі орналасқан. Мүмкін Тоқта төрткүлі керуен-сарайға баратын жолдағы тосқауыл бекет ролін атқаруы да әбден мүмкін.

Ынталы қаласы Тентек өзенінің бойында, тау үстіндегі жазық алаңқайда орналасқан. Қала орналасқан жазықтық ұзындығы 4,5 км, ені 2,5 км болатын көк майса әрі қалың тоғайлы алқап. Бұл аймаққа екі бағытпен кіруге болады. Бірінші оңтүстігіндегі Тентек өзенінің шатқалы арқылы және солтүстікте тік қиялы асу арқылы. Біздің ойымызша керуен сарай болуға геогарфиялық және стратегиялық жағынан өте тиімді нысан.

Алакөл аймағында соңғы он жылдың көлемінде жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында 20-ға жуық ортағасырлық қалалардың орындары анықталып, біразы зерттелген болатын. Соңғы 7 жылдың көлемінде 3 қала кешенді археологиялық зерттеуге түсіп және 2 қалаға барлау шурфтары салынып көп материалдар жинақталған. Болашақтағы зерттеулеріміз Алакөл аймағындағы қала мәдениетінің қалыптасуы мен даму үдерістерін толыққанды бекіте түседі деген ойдамыз.

Сурет 1. Алакөл ойпатында орналасқан ортағасырлық қалалардың жжалпы топографиялық сызбасы(240 км биіктік. Google earth картасы бойынша)

Сурет 2. Асусай ортағасырлық қаласының жоспары

Сурет 3. Асусай ортағасырлық қаласы. Шығыс қабырғаның сақталған бөлігі

Сурет 4. Ортағасырлық Қоскеліншек төрткүлі

Сурет 5. Ортағасырлық Қоскеліншек төрткүлі. Қазба 2-ден шыққан ошақ.

Сурет 6. Ортағасырлық Қоскеліншек төрткүлі.

Кесене, шығыстан қарағандағы көрінісі.

Сурет 7. Ортағасырлық Қоскеліншек төрткүлі. Ошақ бөлшегі

Сурет 8. Қоскеліншек қаласынан табылған асықтар.

Сурет 9. Қоскеліншек қаласынан табылған шүмек.

Сурет 10. Ортағасырлық Жайпақ. (топо жоспары және Google Earth бойынша картасы)

Сурет 11. Ортағасырлық Жайпақ қаласы. №1 қазба-1 және №2 қазба-2.

Сурет 12. Ортағасырлық Жайпақ қаласы. Қазба 2-ден табылған тандыр ошақ

Төлеубаев Ә.Т.,  Жуматаев Р.С., Шакенов С.Т.,

Ергабылов А.Е., Рысбек Б., Хамитов М.Д.

Мәліметпен бөлісу: