Алакөлде вакциналау басталды

Коронавирус індетінің алғашқы ошағы саналар аспан асты елімен иық тірестіре орналасқан Алакөл ауданына «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясы алып келінді.

Тәжвирусына қарсы екпені бірінші болып аудандық орталық аурухананың директоры Асхат Бутабаев алды.

Айта кетерлігі, дәрігердің арнайы тексеруінен өтіп, берілген анықтама қағазын толтырғаннан кейін препарат енгізіледі.

«Бүгін ауданда алғашқылардың бірі болып вакцина алдым. Қазіргі әлем халқын әбігерге салып отырған пандемия кезінде ақ халаттылар індетпен күресте алдыңғы шепте жүргені мәлім. Осы ретте халықпен тікелей жұмыс жасағаннан кейін дәрігерлердің екпе қабылдауы міндетті деген ойдамын. Ешқандай кері әсерлерін әзірге байқамадым. Жағдайым бір қалыпты»,- дейді, аурухана директоры А.Бутабаев.

Қазіргі таңда ауданға 400 дана вакцина жеткізілген. Оның 200-і медбикелер мен жұқпалы аурулар бөлімінің қызметкерлеріне, фильтр және қабылдау орындарындағы меджұмысшыларға арналған. Қалған 200 данасы ұстаздарға, яғни кезекші және бастауыш сынып мұғалімдеріне салынады.

Екпе алғаннан кейін арнайы бөлмеде 30 минуттай дәрігердің бақылауында болу міндетті. Кері көрсеткіштер орын алмаса араға 21 күн салғаннан кейін екінші мәрте вакциналау жүргізіледі.

Аудандық ауруханада күніне 60 адамға екпе салу жоспарланып отыр. Бүгін вакцинаны аурухана мен аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының қызметкерлері қабылдады. Келесі партиялар жеткізілгенде мұғалімдерден өзге мемлекеттік қызметкерлер, халыққа қызмет көрсету орталығы мен әскери сала жұмысшыларына кезек беріледі.

«Ауруханаға келген азаматтарды алғашқы болып біз қабылдаймыз. Барлық тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасағандықтан алғашқы қауіп те бізге төніп тұр. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, вакцина салдырып, өзімізді де, өзгелерді де жоғарғы қауіптіліктен алшақтату басты мақсатым деп білемін»,- дейді, фильтр медбикесі Назгүл Макеева.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,

Алакөл ауданы.

Мәліметпен бөлісу: