Алакөлдегі аламан

Атқа мінсе алдындағысын жайратып, күллі Еуразия құрлығын тұлпарларының тұяғымен дүбірлеткен қазақ халқы жылқы малына ерекше құрметтеген. Себебі бүгінгі дархан даласын, салқар құмы мен шалқар көлін дәл осы арғымақтарының арқасында сақтап қалған. Ал бүгінде ертоқым жұмсақ креслоға, жүген рөлге ауысқан мезетте, темір тұлпар тізгіндеген азаматтар біраз табиғат аясында саф ауамен өктепсін толтырып, тынығып қайтқанды армандайтыны мәлім.

Осы ретте жыл сайын Лепсі ауылдық округіне қарасты Ойжайлау атшабарында «ЖерСу» корпарацисы директорлар кеңесінің төрағасы, Алакөлдің атымтайы Б.Оспановтың ұйытқы болуымен ат спорты түрлерінен ұйымдастырылатын дүбірлі доданың орны бөлек екендігі сөзсіз.

Батысында берекелі тірліктің қазаны қайнап, шығысына шұғылалы күн нұрын төккен, солтүстігінде салт-дәстүрін қадірлеп, оңтүстігінде ошақ басындағы ырысын жоғалтпаған айдынды өңіріміздеЕлбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тағылымды туындысында көтерілген тақырыптарды жүзе асыру және көктемгі егіс жұмыстары мен мал төлдету науқанының аяқталуына арналған ауыл шаруашылық еңбеккерлерінің қорытынды жиыны тұңғыш рет ұйымдастырылған «Лепсі – 2019» етті мал шаруашылығы көрмесімен тұспа тұс келді.

Таудан соққан самал жел самайымызды сипап, айналасы жасыл желекпен көмкерілген жайлау төсінде республикамыздың түкпір-түкпірінен келген атбегілер жүйріктерінің жүгенін тартып, сайысқа сақадай дайын жүрді. Арғымақтар да ауыздықтарын айнап, тізгінін бос қойсаң, дархан даланың топырағын сілкіп, шаба жөнелуге ұмтылуда. Жылдағы үрдістен ерекше өткен биылғы шараға жиналған халықтың да қарасы көп болды. Себебі бұл жылдың жаңалығы етті бағыттағы асыл тұқымды ірі-қара малының көрмесі мен ең үздік шаруашылықтар мен ең ірі бұқаларды анықтау және марапаттау ісі қолға алынуы болды. Бұл істі көтерген ҚР ауыл шаруашылығы минситрлігі мен Қазақстанның ет одағы және «Ангус», «Герефорд», «Ақбас», «Қалмақ», «Әулиекөл» асыл тұқымды ірі-қара малының бірлестіктері.

Табиғат аясында тігілген сахна төрінде ұлттық аспаптарымызды серік еткен өнерпаздардың өнері жиналғандарды тәнті етпей қоймады. «Құлан саз» фальклорлық ансамбілінің төл музыкамызды төрге шығаруы бұл күнгі доданың көркі мен беделін еселей түскендей.

Шараның шымылдығын ашқан аудан әкімі Ә.Жақанбаев: «Тұңғыш Президентіміздің мақаласында тарих парақтары ақтарылып халқымыздың «Атқа міну мәдениеті» мәселесі көтерілген. Осы ретте малым жанымның, арым жанымың садағасы деп ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз үшін төрт түліктің қадірінің жоғары болғандығы байқалады. Соның ішінде жылқы малына деген көзқарас өте ерекше екендігі жасырын емес.Бүгінгі ауылшаруашылық еңбеккерлерінің толағай табыстары мен ерен еңбектерінің нәтижесін бағамдап, көктемгі қызу жұмыстың қорытындысын пысықтау мақсатында ұйымдастырылған дүбірлі думанның, байрақты бәсекесінің қадамына сәттілік тілеймін»,- дей келе, өңіріміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, белгілі кәсіпкер, ауданның Құрметті азаматы А.Жазылбековты жетпіс жасқа толуымен құттықтап, қазақы дәстүр бойынша иығына шапан жапты.

Келесі болып сахна төріне көтерілген «ЖерСу» корпарациясы директорлар кеңесінің төрағасы Б.Оспанов 2019 жылғы мал төлдету маусымының қорытындысына тоқталып, шаруашылықта өзінің еңбегімен ерекшеленген қызметкерлерін марапаттады. Жылқы малынан 80 пайыздық көрсеткіштерген қол жеткізген жұмысшыларға автакөлік пен қомақты қаржылай сыйлықтарын табыстады.

Ауданның Құметті азаматы Ж.Абдрахманов ақ батасын беріп, күллі Қазақстанды Тәңіріміз берек-бірлігі мен тыныштығынан айырмасын деген тілегін жеткізді.

Көптің күткен сәті де таяп, сөре сызығынан алғашқы болып топ бәйгенің жүйріктері шықты. 16 шақырымдық қашықтықта басқарын сынаған шабандоздар тұлпарларының тізгінің тартып, күштерін соңғы айналымға сақтады. Бір-бірлерінің арттарынан қалыспаған үрімдей жас балалардың атқа жайдақ мініп, өздерін еркін ұстауы жиналғандарды да қуантты. Себебі ата-баба заманынан келе жатқан атқа міну мәдениетінің сақталуы және жастардың сол үрдісті ұмытпауы жаңғыру заманындағы айырылмауға тиіс ұтымды жақтарымыздың бірі.

Топ бәйгенің соңғ айналымы да аяқталуға жақын қалды. Сөйтіп мәре сызығын бірінші болып Қарасай ауданынан келген С.Маймановтың жүйрігі кесті. Екінші болып алакөлдің Е.Байбатыровтың арғымағы келсе, үздік үштікті ШҚО-лық М.Мусиновтың тұлпары қорытындылады.

Келесі кезек жорға жарысына беріліп, әдемі шабыс, көз қуантар аяқ алысымен жорғалаған жүйріктер мәреге ұмтылды. Бұл додада Алакөлдің бағы жанып, Екпінділік Б.Қапсалямовтың аты бәйге басынан көрінді. Екінші болып «Алакөл асыл жылқысы» ЖШС-ның жорғасы өтсе, үшінші болып солтүстік Қазақстан облысынан келген А.Қабдолдаевтың арғымағы мәре сызығын кесті. Бір айта кетерлігі соңғы екі орынға жайғасқан шабандоздар өзге ұлттың өкілдері болды. Тіпті олардың арасында тізгінге жабысып, талай ер балалрды басып озған орыс қыздың атқа отырысы көпшіліктің қол шапалағына иеленді.

Жиналғандар асыға күткен бұл күннің басты аламан бәйгесі де басталып, 24 шақырымға созылған жарыс қашықтығын бағындыруға 16 тұлпар аттанды. Алқалы топтың делебесін қоздырған бұл бәсекеде Жамбыл ауданынан келген С.Садуақасовтың тұлпары иесіне автокөлік бұйыртты.

Атқа мінсе түсуі қиын қызу қанды халықтың ұрпақтары серкені салымға сүйреп, көкпар ойынын да бастады. Тауға соғылса да, жарға соғылса да тақымындағы аттарынан жығылмайтын серілеріміз ұлттық ойынымыздың мәртебесін асқақтата түсті. Тебісімен тұлпарларын теңселте топқа кірген көкпаршылар нағыз қазақы қара күш пен ептіліктің үлгісін көрсетіп, қызу тартысқа түсті. Ерттеулі атты мығым тақымдап, бұла күшпен қатар ширақ қозғалыс, шапшаң қимылды қажет ететін доданың қорытындысы бойынша  «Әділбек» құрамасы үшінші, Сарқан ауданының командасы екінші орынға жайғасса, жайпақтық көкпаршы  жігіттер бас жүлдені қанжығалады.

«Күш атасын танымас» демекші белдескеннің белін үзіп, тірескеннің тізесін бүгер балуандарымыз «Түйе палуан» атағын сарапқа салып, бап пен бақ таласына түсті. Боз кілемнің шаңын қаққан сайыпқырандар айналаны қиқуға толтырып, күнделікті күйбең тірліктен мезі болған көрермендерді бір серпілтті.  Алыптар айқасқа түскен бәсекенің байламы бойынша алакөлдік Т.Каркатеров үшінші, көлбайлық М.Шакенғалиев екінші дәреженің дәрегейінен көрінсе, қызылордалық Е.Ерғалиев «Түйе палуан» атағын тізгіндеп, темір тұлпарды тақымға басты.

Артынша қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары «Алаш ұлы» тобының концерттік бағдарламасы назарға ұсынылып, өздерінің патриоттық әндерімен танылған жігіттер Алакөл даласын әуенмен тербетті. Сонымен қатар ҚР ауыл шаруашылық минситрлігінің ұйымдастыруымен өткен етті бағыттағы асыл тұқымды мал көрмесінің жеңімпаздары марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: