Алматы облысында 700 ауылдық жерге интернет тартылған


Алматы облысында 732 ауылдың 700-і интернетпен қамтамасыз етілген. 220 ауылға талшықты оптикалық байланыс желілері тартылды. Бұл туралы «Jetisy Media»алаңында өткен баспасөз-мәслихатында айтылды.
Аймақтағы 24 ауыл Транстелеком ТОБЖ технологиясы арқылы жоғарғы жылдамдықты ғаламтормен қамтамасыз етілген. Бұл қатарды жыл соңына дейін 41 елді мекен толықтырады деп күтілуде.
«660 ауылдық елді мекен мобильді интернетке қол жеткізе алады. 2022 жылы тағы да 3 ауыл ғаламторға қосылатын болады. Олар: Алакөл ауданындағы Майқан ауылы, Жамбыл ауданының Еспе және Жартас ауылдары. «250+» жобасының шеңберінде Ақсу, Жамбыл, Алакөл, Кербұлақ, Панфилов, Сарқан және Ұйғыр аудандарындағы 21 ауылдағы желілерді жаңарту жұмыстары жүргізілуде»,-деп атап өтті Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасы»ММ-нің ақпараттық технологияларды енгізу және дамыту бөлімінің басшысы Жандос Ақыл.
Баспасөз-мәслихаты барысында, ғаламторға қосылуға мүмкіндік беретін антенналарды орнату мен оның қауіпсіздігі әңгімеге арқау болды.
Жандос Қанатұлы, ұялы байланыс операторлары байланыс желілерін антенна-діңгек құрылымдарының санын көбейту арқылы ғана дамыта алатынын, оған түсіністікпен қарау керек екендігін баса айтты.
Ал, Қарасай ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ескендір Егеубек өз сөзінде, халықты ұялы байланыспен қамтамасыз етуге арналған жабдық ҚР байланыс саласындағы заңнамасына сәйкес алынған радиоэлектрондық құрылғыны пайдалану рұқсаттамаларына сәйкес қолданылатындығын айтты.
«Қарасай ауданында «Кселл», «Билайн», «Теле2», «Алтел» операторларының интернет таратушы антенналары орнатылған. Алматы қаласына жақын орналасуына байланысты сапалы итернетке сұраныс жоғары. Өздеріңізге белгілі күшейткіш антенналады ортантпас бұрын, байланыс операторлары санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алады. Антенналары бар жабдық орнатылғаннан кейін қауіпсіздік нормаларының сақталуын қамтамасыз ету үшін өлшеулер жүргізіледі. Базалық станциялар нормативтік талаптарға сәйкес орнатылатындықтан, оның жұмысы адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз»,-деді Ескендір Егізбекұлы.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 айында Алматы қаласы және облысы бойынша өңірлік байланыс инспекциясы тұрғындардың шағымдары негізінде байланыс сапасына 42 тексеру жүргізді. Қазіргі уақытта цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс операторлары өз міндеттемелерін жауапкершілікпен орындауы үшін мәлімделген параметрлерге сәйкес келмейтін байланысқа айыппұл мөлшерін көбейтуді қарастыруда.

Мәліметпен бөлісу: