Алпыстың мініп тұлпарын…

Қора қорыған төбет пен аңсары далаға ауған балалар құтырған дауылды күн, дабыралы сәт. Сүйіншілі хабарды күткен Шәкен ағамыз сүйегіне дейін дірілдеп, сүйген жарының хал-ахуалына алаңдаған қалпы бір нүктеге қадалып үнсіз отыр. Періштелер мен перілерден асырып пендені жаратқан Алламыз бен пейілінің пәктігін, ниетінің ақ гүлін перзентіне арнайтын болашақ ана жаңа өмір үшін арпалысуда. Шешуші сәт тетаяды. Шыр еткен шарананың алғашқы іңгәсін құлағы шалған Шәкен ағамыздың қуанышында шек жоқ, себебі, шекесі торсықтай ұл дүниеге келді. Жазиралы көлді жағалай құлашын жайған Ақши ауылында дүбірлі думан, дәулетті той. Сүйіншіге сыйлық тасыған сыйлы қариялар, сырбаз жігіттер мен сұлу келіншектер. Әубәкіровтар әулетінің әлеуетін еселеген күн 1958 жылдың 3-ші қаңтарына дөп келді.

Төрт түліктің тыныштығын қашырып, тыным көрмей азынаған боран да басылды, үскірік аяздың тынысы тарылып, ұшқындап қар да түсті. Аппақ даланың мұнтаздығына қарап ойға шомған әке «Сәбиім ұлтын сүйген ұлағатты ұл, пайым-парасаты бөлек, танымы оқшау азамат, Хәкім Абайдай данышпан, дара тұлға болсын» деп ырымдап, мұрагеріне «Кәкім» деген есімді телиді.

Анасының құрсағында жатып-ақ қозғалысы тынбаған бала балғын күндерінен бастап далаға құмар болып өседі. Ауыл-абанның сайы мен қырқасын, белі мен төбесін, ойы мен көшесін күн кезіп, түн кезіп екі аяққа тыным бермейді. Ертеңгісін егістік бойлап, еккенінен нәпақасын айырған егіншілерге септессе, кешқұрым түзде жүріп тірлігін түзеген шопандарға шама-шарқынша қолғабыс ететін. Осы арада үй шаруасын реттеуді де естен шығармайтын. Есесіне, далалық өмірдің дәмін татып есейді, қазақы тұрмыстың қазанында қайнап ержетті.

1964 жылы Бұлақты орта мектебінің табалдырығын аттаған бала Кәкім оқуда озаттығын, білімде ұшқырлығын танытып, бірінші сыныптан білгірлер көшін бастайды. Кез-келген пәнді, өзгелерге салмағы батқан тақырыптарды игеруге деген талпынысы да ерек еді. Қазақтың қағынан жерімеген төл өнері домбыраны күмбірлете күй шертіп, әуезді дауысымен әуелете ән де шырқайтын. Бұрынғының Біржаны мен Ақаны да сол болатын. Қоғамдық өмір мен мектептік іс-шараларға белсенді араласып, пікірі орамды, ойы ордалы шәкірт ретінде танылады. Қатарластарынан оза шапқан оқушы 1974 жылы аталмыш білім ордасын тәмамдап, уақыт оздырмай Шымалған гидромелиоративтік құрылыс техникумына түсіп, оқуын аяқтамай жатып әскере аттанады. Сарбаздар сапын толықтырып, сап түзеген сері жігіт жауынгерлік парызын абыроймен өткеріп, айбынды азамат ретінде оралады. Оқу ордасында жарты жолда жығылған туын қайта тіктеп, білімін жалғастыруға құлшыныс танытады. Осы ойын жүзеге асыру мақсатында көп еңбек етеді, толайым шаруа тындырады. Екі жыл ерлікке емтихан тапсырып, ел тыныштығын қорыған сарбаз Кәкім құрдастарынан кейін қалуына байланысты оқуын оңалтуға ертерек қамданып, күн кешікпей іске көшеді. Зейіні ұтқыр, зердесі алғыр жігіт алған білімін азсынып 1986 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына түсіп, танымын кеңейте түседі. Ұстанымы мықты ұстаздарының жетекшілігімен мамандығын жітік меңгеріп, өз саласынының жілігін шаққан майталманға айналады.

Талпынысы зор, тәлімі мол жас маманның екі қолына бір күрек лезде табыла кетіп, ЖМК-ға мастер болып орналасады. Еңбек жолы тоқсаныншы тоқырау жылдарына тап келгендіктен, өзі секілді диплом иеленген жұмысшылар жоқтың қасы тұғын. Қарапайым қызметтен бастаған білімі мен біліктілігі тоғысқан жігіт Кәкім тиянақты һәм ұқыпты ісімен көзге түсіп, көп ұзамай басшылық қызметке дейін көтеріледі. ЖМК-ның даму серпінін ұлғайтып, қадау-қадау ойымен екшеленген ол жоғарыда отырғандардың да ықыласын иеленеді.

Сөйтіп, 1997 жылы қазіргі «ҚазСуШар» Республикалық мемлекеттік кәсіп орнының Алматы облыстық филиалы, Алакөл аудандық өндірістік учаскесіне басшылық қызметке тағайындалады. Араға отыз жыл салса да айылын тартып мінген арғымағынан жығылмады. Көлденең көк атты шыдас бере алмайтын, кез-келген пенденің қолынан келмейтін істе ілкімді һәм ілгерінді әрекеттерге барып, қарымды қадамдарды аттайды. 62 адамның күн көрісінің кепіліне айналған мекемені қарқынды даму даңғылына түсіріп, кешегі заматта түңлігі түріліп қалған орынға жаңа тыныс сыйлайды. Басшысы білікті, ымырашылдығы тастүйін ұжымға алынбас қамал жоқтығы хақ. Заман сынағы, уақыт сыны сирақтан қағып, сан мәрте сүрінуге жазса да, аталмыш мекеменің қызметіне сызат түспеді. Артық-ауыс әңгіме, өсек-сыпсың кеулеп, қызғаныштың қызыл итін бос қойған әпенділер де кезікті. Күле қарап тұрып, кері бұрылса жымысқа әрекетке жол беріп, сайқал ойын, кәззәп қалауын көрсететін дос сымақтар да көбейді. Тасадан тас атып, бүтінбей бір ұжымнан бәтуә таппай, бүлік іздейтін әпербақандар іштен іріткі тастап, жіліктеуге тырысса да бірлігі бұзылмаған ұжым айтулы асқарлардан асып, толайым табыстарға кенеле түсті. Биылдың өзінде «Ислам» банкімен тиімді һәм ұтымды келіссөздер жүргізіліп, шағласы шулаған, толқыны тайдай тулаған айдынды өңірге 7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Келер жылы соның 2 млрд. теңгесі айналымға түсіп, Тентек өзенінің оң жақ жағалауындағы «ВМК-2», «ВМК-4» су жолдары күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылмақ. Астына ауа-райы мен табиғи құбылыстарға сан жылдар төтеп беретін төзімді жабын төселіп, судың ретсіз жерге сіңіп кетуі тоқтатылмақ. Есесіне, жаздың аптап ыстығында еккендеріне ем жетіспей, өнімі азайған диханшылардың еңбегінің өтеуі ұлғаймақ. Су тапшылығы мәселесінің түйіні табылмақ. Арыны асау, ағыны тентек өзеннің сол жақ жағалауындағы 21 шақырымға созылған магистральді су жолының құрылысы басталып, егінші жұрттың нәпақа табар жер аумағы 6 мың гектарға еселенбек. Бұл өз кезегінде аудан халқының хал-ахуалының жақсарып, әлеумет әлеуетінің оңалуына тың серпін сыйламақ.

Мақаланың басты кейіпкеріне айналған Кәкім Шәкенұлының жанұялық өмірінде де жетістіктер аз емес. Соғысы екі бөлек болғанымен мұраттары бір арнада тоғысқан Лиза Қантайқызымен шаңырақ құрып, бүгінде талай адамдардың талмай, танбай көзтігер темірқазығына айналып, мерейлі отбасы болып отырған жайлары бар. Аңызға айналған әпсаналардағы махаббаттарға бергісіз сезімдерінің өтеуіне Тәңіріміз оларға төрт ұлды тарту етті. Балаларының үлкені Ерлан «ҚазТрансОйл» компаниясында, екінші перзенттері Ербол «Агромашхолдинг» АҚ-да лауызымды қызметте болса, үшіншілері Нұрбол отағасының ізін қуып, әкесінің кәсібіне айналған істі тақымдаған. Кенжелері Нұрсұлтан студенттік өмірдің қызығы мен бүлігімен арпалысуда.

Кәкім Әубәкіровтың ерен еңбегі мен төккен тері де өтеусіз қалған емес. Берісі аудан халқынының ықылас, ілтипатына бөленсе, арысы Ұлт көшбасшысының марапатына дейін иеленді. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Тәуесіздігінің 20 және 25 жылдығына арнарлған арнайы төсбелгілерін, облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарын қанжығасына байлады.

Елдің де, ел көсемінің де көңілінен шыққан ағамыз міне алпыс жастың асқарын бағындырды. Өнегелі өмірінің ұстынына айналған алты он жылдықты артта қалдырды. Берекелі тірлігі мен бірлікке құмар тұрмысының арқасында халық арасындағы тұғыры биік тұлғалардың біріне айналды. Тәңір тарту еткен төрт ұлын ұлықты да ұлағатты етіп тәрбиелеп жеткізді. Әкелік парызын бұлжытпай орындап, бүгін міне бақуатты өмір кешуде. Ұжымға сыйлы, ұлтқа құрметті азамат атанды. Еңбегі өнімді, ісі табысты.

Ақсақалдық атақтың алғашқы сатысына аяқ басып, алпыс жастың арғымағын тізгіндеген ағамызға асыра байлық пен әсіре биліктің қажеті шамалы. Адал еңбектің арқасында алып тауды да дорбалап тасын алсаң да аласартуға болатынын дәлеледі. Ендігі бұл кісіге керегі – құрмет биігі. Ал құрметке бөлейтін ол –халық.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: