Күн арқаны қыздырып, топырақ бетінің көбігі шығар мезгіл. Жылы қоныс іздей кеткен құстардың туған жеріне оралатын кезеңі. Төрт түлік төлдеп, абыр-сабыр тірліктің қазаны қайнаған мезет. Ақ мамықтың астында мүлгіген жер-анамыз жаңаша тыныс алып, төңірекке мамыражай тірлік сыйлаған көктемнің алғашқы күндерімен таласа Халықаралық әйелдер мерекесі де келді. Құрсақтарына құт дарыған аналарымыз бен әр әжіміне өнеге тұнған әз әжелеріміздің төл мейрамы дүние жаратылысының мәйегін ұстаған асыл жандардың құрметін еселеп тұратыны жасырын емес.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық орталық аурухана басшылығының ұйытқы болуымен нәзік жанды дәрігерлердің басын қосқан мерекелік жиын өтті.
Сөз алған аудандық орталық аурухананың директоры А.Бутабаев: «Шежіреде аттары қалмағанымен, шежіредегілерді құт ұйыған құрсағында тоғыз ай көтеріп, қалған ғұмырында жүрек қағысының әр лүпілінде сақтайтын, тал бесіктен тәрбиенің уызына жарытар, қасиетінің алдында мәңгілік мұз жамылған Хантәңірінің де қары сөгілетін, ұлдарын ұлықты, қыздарын қылықты қылып құндақтап жеткізген аналарымыз бен әжелеріміздің, одан қала бере көркіне көзің сүрінер қазақтың кербез аруларының төрге озған төл мерекесі ең таңғажайып мейрам екені сөзсіз»,- дей келе, осы мекемеде талай уақыттан бері тыңғылықты еңбегімен көзге түскен қызметкеткерлерді марапаттап кетті.
Атап айтсақ, аурухананың 10 қызметкері Мақтау қағазын, 35 қызметкер еселі еңбектері үшін арнайы сыйлықтарды иемденді. Сондай-ақ зейнетке шыққан екі қызметкерді жекелей атап, барынша сый-құрмет көрсетті.
Артынша аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама назарға ұсынылып, арулар әуезді әннің құшағына енді.
Н.ЮСУПБАЕВ.