Қанатпен кездесіп қайтты

Жуырда жұрт намысын жұдырығымен қорғап жүрген былғары қолғап шебері, кәсіпқой бокстан Кариб аймағының үздігі, әлем чемпионы,  «WBA FEDELATION»,  «WBO INTERCONTINENTAL» тұжырымдарының жеңімпазы, алты алаштың атағын алты құрлыққа әйгілі еткен Қанат Исламмен ауданымыздағы белгілі бапкер Арнұр Нұрланұлының тәрбиеленушілері кездесіп қайтты. Олардың сапында греплинг күресіне Азия чемпионатының күміс, әлем біріншілігінің қола жүлдегері Жомарт Болатханұлы, ұлттық жекпе-жек, джиу-джитсудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азияның күміс медалінің иегері Айбол Ахметов, джиу-дитсудан Қазақстан чемпиондары Илияс Раписбай, Алихан Тұрақын, Асылбек Садырбектер болды.

Айтулы бас қосу Жыланды ауылында өтті. Сұхбаттасу барысында Қанат Ислам спорт сөзінің астарында терең түсінік, мән-мағына жатқандығын, бұл тек деннің саулығы мен адам күшін ұлғайту үшін ғана емес, сонымен қатар ойлау қабылетті дамытып, сананың салмақтана түсуіне септігін тигізетінін жеткізді. Биік-биік белдерден, асқар-асқар таулардан тұғырлы тұлғаңды көрсетіп, көк туыңды өзге мемлекеттің аумағында желбіретудің де ең  бейбітшіл мүмкіндігі – спорттық ойындар екендігін де естен шығармады.

«Қазақ» деген лақап атты иемденген Қанаттың сөйлеу мәнеріне қарап отырып та таң болдық. Орысшасы жоқ, алтын құрсақты анасының ақ сүтімен сіңген тіліне дақ түсірмеген. Тек қазақша көсілуде. Мәнді мақалдар мен мәйекті мәтелдер араластырып, жастардың ой-өрісін дамытуға да өзіндік үлеін қосты.

«Ықылым замандарда соғыс, майдан деген түсініктен дала кезіп, дара тірлік кешкен қазақ үшін қауіп-қатердің мол болғандығы анық. Сол мезеттерде хас батырларымыз аттың жалында, түйенің қомында өмір кешсе де туралық жолынан тайып көрмеді, жекпе-жекке шыққанда тақымындағы тұлпарынан құлату да оңай болмайтын. Нағыз спорт солардікі. Рухтары да тасыған, күштері алапат. Сол уақыттарда құрсағына қондырып, тал бесіктен талмай баққан аналар: «Майданға аттанғанда жауыңды жебесі артыңнан тисе ақ сүтімді ақтағаның, артыңнан тисе арымды таптағаның»,- деп жіберетін. Сондағы ойды айтпасыңдар ғой. Міне осыдан кейін тұрқының өзі тұла-бойыңды тітіркендіріп, жау қолын қоғаша жапырған бабаларымыз ұлан-ғайыр жерімізді ұрпақтарына аманат етті. Спорт та осы секілді. Шаршы алаңға шыққанда елдің намысы, жердің намысы, ең алдымен бағып-қаққан ата-анаңның ары сенің мойныңда. Осыны естен шығармасаңдар, еркелікті доғарып, бапкерлерің айтқандай байыппен дайындалып, жаттығуды қалдырмасаңдар Қазақстанның абыройын арқалап, дүниежүзінін дүрліктірен дарабоздар атанасыңдар»,- деп сөзін аяқтаған Қанат Ислам, жастардың жүрек қылдарын қозғап, олардың спортқа деген құлшыныстарына жаңа дем сыйлады. Чемпионмен жолығу бақыты бұйырған балар да түрлі сауалдарын қойып, сұхбаттасу барысында көмейде іркілген көптеген тақырыптар талқыланды.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

 

 

Мәліметпен бөлісу: