Арқарлы келіндері сайысты

Жуырда Арқарлы ауылында округ әкімдігі мен аналар кеңесінің ұйымдастыруымен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында «Пай Пай, қазақтың келіндері-ай» тақырыбында сайысы өтті.

Додада ауылымыздың салт-дәстүрлерін құрметтей білетін және оны күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданып жүрген тәрбиелі, өнегелі келіндер бақ  сынасты. Байқау шарттары қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен болмысын көрсетуге арналған бірнеше тақырыптарды қамтыды. «Мен қазақтың келінімін» тапсырмасы бойынша әр қатысушы өзін және әулетін таныстырды. Қазылар алқасы қатысушылардың сахна мәдениетіне және киім үлгілеріне мән беріп отырды.

Өзін өзі таныстыруда Шырын келініміз ерекше мәнерімен, дарындылығымен көзге түсті. «Халқын сүйген салтында сүйеді» тапсырмасы бойынша Айгерім мен Мөлдір келіндеріміз салт-дәстүрлерге қатысты сұрақтарға өте тұшымды жауап қайтарды. «Өнерлі келін өнегелі келін» бөлімінде Айгерім мен Шырын келіндеріміз мың бұралып билеп, көрерменді тәнті етсе, Мөлдір М.Мақатаевтің «Ана» туралы өлеңнің нақышына келтіріп оқып берді. Кештің сәнін келтірген ауыл клубының қызметкерлері Кишикбаев Жайдарбек пен Құсбеков Кенже өз өнерлерімен көрермендерді риза етті.

Өнерпаз ұстаз, «Алтын алқа» иегерлері Булькендикова Айнұрдың өнеріне де ел дән риза болды. 11 сынып оқушысы Ахметқалиева Аружан «Ана» туралы әнді әдемі орындаса, биші қыздар сахнаның сәнін кіргізді. «Ана көрген тон пішер» тақырыбындағы «Шеберлік» тапсырмасы бойынша келіндер түрлі түсті қағаздарды пайдалана отырып, өз қиялдары бойынша ою өрнек пен гүл шоқтарын жасады. Бұл сайыста Мөлдірдің аналарға арналған гүл шоқтарына қазылар алқасы ризашылықтарын білдірді. «Менің келіндік өмірімнен бір сәт» тапсырмасы бойынша келіндердің отбасымен бірігіп көрсеткен театрландырылған көріністеріне көрермендер ерекше құрмет көрсетті. «Қонақ күте білесізбе» тақырыбы бойынша келіндер өз қолдарымен дайындаған аз мәзірлерін тарту етті. Келіндер барлық тапсырмаларға үлкен жауапкершілігін және ерекше дайындықтарын көрсете білді. Сайысқа қатысқан ауыл келіндері қазақ келіндеріне сай әдептілігімен, білімімен, іскерліктерімен ерекшеленді. Осындай сүйкімді де салихалы қыз тәрбиелеген ата-аналарына алғыс айта отырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүрген келіндеріміз замандастарына үлгі болады деп ойлаймын.

Сайыс қорытындысы бойынша Мерекенова Мөлдір бас жүлде иеленсе, Қорабаева Айгерім «Тапқыр келін» атанды, Алдабергенова Шырын «Шебер келін» атағын алды. Сайысқа ауыл аналары Мұқажанова Бану, Атанаева Рамила және Сарқытбаева Динара қазылық етті. Қатысушыларға ауыл әкімдігі демеуші болып, бағалы сыйлықтар табыстады.

Округ әкімі Ерлан Төкенов қатысушыларды құттықтап, еңбектеріне табыс тілей отырып Алғыс хаттармен марапаттады. Осы сайыстың жақсы өтуіне «Аналар кеңесінің» мүшелері Сарқытбаева Динара, Шындалинова Индира, Мурсалимова Нұрғиса ерекше атсалысты.

Сағила АЛТЫБАЕВА,

Арқарлы ауылыдық округі аналар кеңесінің төрайымы.

Мәліметпен бөлісу: