Арақ–адамдықтан аздыратын ауру

         Адам баласына алкогольді ішімдікті ішу немесе ішпеу таңдауы берілсе, ең алдымен мұның соңы неге əкеліп соғатыны туралы ойлаған абзал болады. Себебі, түптің-түбінде барлығы келіп денсаулыққа тіреледі. Егер адам психикалық тұрғыда әлсіз болса, онда оның жаман әдеттерді тез қабылдап, ішімдікке немесе нашақорлыққа душар болатынына күмән келтірмеңіз. Қазақи қалыпқа қисыны келмейтін осы кеселдің белең алмауын қадағалау – біздің бас қатырар мәселелерімізідің бірі.

          Ішімдік атаулыны ішіне қылғытқан адамның – іші-бауыры езіліп, жүйке жүйесіне айтарлықтай зиян келері имандай шындық.  Одан тарайтын аурудардың өзін жіпке тізе берсеңіз, ұшан-теңіздік, ұшы-қиыры жоқ тізімге тап боласыз.Ішімдіктің түрлері бүгінгі күні қарыштап дамып, қалтасын теспейтін талайдың таңдауына байланысты тауарлық айналымда өріп жүр. Мәселен: сыраны сиқытып тұрып сімірген адамның бүйрегі мен бауыры, одан қалса асқазаны мен өт жолдары істен шығады. Іші қампиып, жүрегінің соғысы баяулай бастайды. Оның құрамындағы көмірқышқыл газы қан тамырларына күш түсіріп, соның әсерінен жүректің қызмет етуі нашарлап, еті босап, ісініп, сырты үлбіреп кетеді. Мұны дәрігерлер қауымы «жүректің сыра синдромы», кейде «жүректің капрон шұлыққа айналуы» деп атайды. Әйелдердің арасынан сыраны сәнге айналдырғандардың санаты – нәзіктігінен, сұлулығынан бірте-бірте әр кетіп, нашарлай бастайды. Дене тұрқы ерлердікіндей болып өзгеріп, кейбірінің ұртына мұрт қаптайды. Арақ-шарап ішетін қыз-келіншектер арасында кеуде безі, яғни қатерлі ісік ауруына душар болу қаупі жоғары болып келеді.

Алкоголь «жүйке уы» деп бекер айтылмаған. Ішкілік организмнің қуыс-қуысына өте тез жайылады да, содан соң орталық жүйке жүйесін улап, оның қоректену процесін бұзады. Оған толыққанды салынған адамның спермотозоидтары азайып, олардың тұлғасы өзгереді. Маскүнем әйелдерден туған балалардың жартысына жуығы дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларда шетінейді.Бұған нәрестенің миындағы ісік себепкер болады. Ол бірден болмаса да, біртіндеп дамитын сырқаттар болып келеді. Тағы бір айта кетерлігі, ресми мəлімет бойынша тұрмыстық қылмыстардың 80% астамы ішімдіктің салдарынан болады. Ішімдіктен бас тартса, қаншама тағдырларды талқандаған қайғылы оқиғалар болмас па еді?! Мас əрі жауапсыз жүргізушілердің кінəсінен қаншама адам жол апатынан көз жұмуда? Сондықтан өзіңіздің жəне туған-туыстарыңыздың, ал кейде тіпті бейтаныс жандардың да өмірі сіздің қолыңызда тұрғандығын ұмытпаған абзал. Қоғамда мұндай оқиғалардың жиілеп кеткендігін өздеріңіз де күнделікті жаңалықтардан немесе әлеуметтік желілерден көріп жүрсіздер. Көптеген кикілжің мен бей-берекет бүліктердің басында ішімдіктің тұрғаны анықталуда. Әрине, баяндай берсек біразға барарымыз анық. Әйтсе де, білместікпен білек түріп күресу – бізге парыз екенін ұмытпайық!

Арақтың адам денесінде зиянды әсер етпейтін мүшесі жоқ, ол барлық ағзадағы нүктелерге дейін улы әсерін тигізеді», – деген кеселді пікірге тоқталамыз еріксіз. Оны ішуге деген әуестік ерте ме, кеш пе, әйтеуір «алқаштық» ауруға душар етпей қоймайды. Ішкіштік кеселге тап болған маскүнем ата-аналардан туған балалардың денсаулықтарында зор кінәраттардың болатынын көптеген дәрігер өз зерттеулерінде нақты дәлелдеп келеді. Мәселен, француз дәрігері Доньсе 10 маскүнемдікке салынған отбасының 57 сәбиіне зерттеу жүргізгенде, олардың 25-і қызылшақа кездерінде шетінеп кеткен. Ішіндегі 5 бала тырысқақ ауруына душар болған. Тағы бесеуінде ауыр ми ісіктері кездессе, 12 баланың он екі мүшесінде кемістік байқалғаны дәлелденген. Ол аз десеңіз, қарапайым көртышқандарға жүргізген тәжірибе бар. Оларды арнайы бөлмеге қамап, еркектеріне сыра ішкізеді. Әбден ащы суға тойған еркек тышқандар көп қимылдамай, бұрышқа барып жата кетеді. Оған шамырқанған ұрғашы тышқандар еркек тышқандардың ішін тістелеп жарып өлтіреді. Неге десеңіз, спирттік сусындар жыныстық гормондарды түбегейлі жояды. Өсімтал жануарлардың бұл бейбастығы ғалымдардың таңданысын тудырған. Әрбір ата-ана өмірде балалы болуды армандайды. Ал,арақ сол аяулы арманға балта шабатын басты кесел.Сондықтан, адамдықтан қалыптан аздыратын кеселден арылып, салауатты өмір салты мен  ұрпақтың оң әрекеттерге бастайтын қасиеттерін бірге қалыптастырайық!

Қазақстан Республикасы Денсаулық

сақтау министрлігінің  Қоғамдық денсаулық

сақтау комитетінің Алматы облысы

Қоғамдық денсаулық сақтау

департаментінің басшысы

  Сыдыманов Ерғали Жақсыбекұлы

Мәліметпен бөлісу: