Бәріміз де бала болдық, барымыз бен жоғымызды түгендейтін ата-аналарымыздың арқасында қайғы көрмей ержеттік. Алайда тағдыр салмағы біріне батса, бірінің көгін бұлт шалмай шадыман тірлік кешкені жасырын емес. Ал өмірдің ең ауыр соққысын көтеріп, солқылдақ ғұмырда құтын қашырған азаматтардың бір керегіне жарап, көмек көрсету жүрек лүпілі «Елім» деп дүрсілдеген әрбіріміздің міндетіміз.
Бұл өмір күліп келіп, күліп кету үшін ғана емес, сол күлкіні өзгелермен бөлісе білу үшін берілген. Қазіргі мүмкіндіктер көкжиегі кеңейген заманда біреу біреудің мұңын елеп, күлін сыпыруға аса құлшыныс таныта бермейді. Себебі әлемге жақсылық жетіспейді, қайырымдылық пен жанашырлық аздық етуде.
Таңғы шықтың тағдырындай келте ғұмырымызда бір-бірімізді демеп, жебеп жүруден асқан ғанибет жоқтығы белгілі. Күніне қырық құбылған дәуір ағысы қайырымдылық сынды құндылықты көбірек қажет ететінін уақыт көрсетті. Осы ретте бергенінен берері мол жомарт алакөлдік азаматтардың арқасында «Бір арман» қайырымдылық қозғалысы өз қарқынын үдете түсті. 2017 жылдың желтоқсанынан бастау алған жоба аясында осы күнге дейін секенге жуық баланың бір-бір арманы орындалып, тілектеріне қанат бітті.
«Қайырымдылық қадірлі» іс демекшібір қойы егіз туса, бір шөбінің басы айыр шығатын айдынды ауданымыздың аумағында да өзгеге қол ұшын созып, көмек көрсетуге құштар жандар жетерлік. Белгілі кәсіпкерлеріміз, билік тұтқасын ұстаған азаматтар, ел ағалары, тіпті қарапайым халықтың арасында да қайырымдылық ісіне араласуға белсенділік танытатындар көптеп жолығады. Бұл деген жомарт өлкеміздің топырағында аунап өскен алакөлдіктердің де атымтайлығын танытып тұрғандай.
Қазіргі таңда өңірімізде жастардың осы істегі белсенділігі айқын байқалады. Кейінгі толқын өкілдері, көш бастаған, көпті көрген ата-әжелерімен кеңесе жүріп, кең көлемде қайырымдылық ісін қолға алып отыр.
Бұл идеяның бір ерекшелігі сыйлықтар демеушілердің қалауына қарай емес, бүлдіршіндердің сұрауына қарай яғни тілек хатында жазылған затттарын алып беруді көздейді.
Ендігі жастардың мақсаты аудан аумағын толықтай қамтып, барлық елді мекендерде игі істің ізін қалдыру. Бұл «Бір арман» жобасының алғашқы бағыты ғана.
Игілігін иен даладан тапқан исі қазақтың ежелден келе жатқан ізгі мінезінің бірі – қайырымыдылық. Атқаны жетіп, айтқаны өтіп тұрған азаматтар, төрт түлігін түгел жайған ауқаттылар, жүрек түкпірінде жақсылықтың нұры ұялаған жомарт жандар жығылғанға демеу, жылағанға пана бола білген. Бұл үрдіс қазіргі дамыған заманда да өз бағытын жоғалтқан емес.
Осымен бір жарым жылдан астам уақыт шамасында аудан аумағында жас журналистердің ұйытқы болуымен түрлі игілікті істерді атқарып жүрген «Бір арман» қайырымыдылық қорының ұйытқы болуымен аудандық орталық аурухананың балалар бөлімінде бүлдіршіндерге арналған бөлменің салтанатты ашылуы өтті.
Ойын бөлмесінің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алмас Абдинов арнайы келіп, балалар мен аналарға құттықтау тілегін жеткізді. Осындағы түрлі ойыншықтар сәбилердің тез айығып кетуіне септігін тигізіп, сырқат балалардың көңілін көтеруге ұйытқы болсын деген ниетін жеткізді.
Аудандық орталық аурухананың директоры Асхат Бутабаев «Бір арман» қайырымдылық қорына бүлдіршіндерге осындай сыйлық жасап, сауапты істің көшбасынан көрініп жатқандары үшін алғысын білдірді.
«Біздің мұндағы басты мақсатымыз балалардың қуанышы ғана. Бұнда келіп ем қабылдайтын бауыр-қарындастарымыз ауруханадан тек сырқатынан айығып қана емес, сонымен қатар бір бірімен ойнап, күліп, тәніне, жанына түскен ауыртпалықты ұмытса екен ниеттің жетегінде осындай шешімге келдік. Бұл шараға атсасылысқысы келген азаматтар да көп болды. Соның арқасында бар-жоғы екі күннің ішінде керекті қаражатты жиып, қажетті ойыншықтарды алдық. Бір айта кетерлігі демеушілік еткен азаматтардың бүгінгі кішкентай ғана үлесі осындағы балаларға үлкен бақыт сыйламақ»,- дейді, «Бір арман» қайырымдылық қоры жетекшісінің орынбасары Айжан Жанатова.
«Жастар жылы» аясында жалауын желбіреткен акция барысында Қазақстанның болашағын ұстар жеткіншектерге қомақты қаржыға арнайы сыйлықтар табысталды. Атап айтсақ ойын бөлмесіне ем-дом қабылдап жатқан балалардың көңілін көтеріп, сауығып кетулерін жеделдету мақсатында сырғанақтар, құрғақ бассейн, велосипедтер, үлкен көліктер, сонымен қатар музыкалық аспаптар, доптар, резінке аттар қойылды.
Бұнымен сауапты іс тәмамдалған емес. Жас белсенділердің бастамасымен әлеуметтік әлсіз отбасыларға азық-түлік, киім-кешек жеткізу, қыстық отын-көмірмен қамтамасыз ету бойынша ілкімді істер атқарылуда. Бұл игілікті шараның бір бөлігі ғана.
Көпбалалы жанұяларға көмек қолын созу мақсатында еріктілер Бескөл ауылынағы үш отбасының жағдайымен танысып, күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етті. Бір айта кетерлігі аудан әкімінің тікелей қадағалауымен баспаналы болған қос жетім жерлестеріміздің үйін толықтай жиһазбен толтырып, сауапты істен шет қалмады.
Бүгінде балалар Үшарал қаласының шығыс беткейінен бой көтерген көп қабатты үйден екі бөлмелі пәтерге ие болған. «Бір арман» жобасының арқасында үйге керекті жиһаздар, теледидар, кір жуу машинасы, тіпті балаларға киім-кешек пен көрпе-жастыққа дейін табысталған.
Игілікті істе ауданның жастары, кәсіпкерлері ме жүрегінде жылылыққа орын бар бірталай азаматтар атсалысқан. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, солар біріге қол ұшын созғандықтан бүгінде қос болашағымыз уайым-қайғысыз өмір кешуде.
Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз азаматтарға, туа сала тағдыр тәлкегіне түскен жетім балалар мен көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан жасөспірімдерге, ерекше күтімді қажет ететін жандар мен егде жастағы жалғыз басты қарттарға көмек көрсетіп, олардың көңілдеріне ұялаған бір арманына жан бітіру бағытын ұстанған алакөлдік еріктілердің жұмысы осылай өрбуде.
Жуырда қайырымдылық аталған қозғалысы аясында «Бүлдіршіндер серпілісі – Прорыв детей» байқауы ұйымдастырылып, балалар арасында үздіктері анықталды.
Байқау алғашында «Алакөлдің ең сүйкімді балақайы», «Алакөлдің ең өнерлі балапаны», «Алакөлдің ең дарынды баласы», «Алакөлдің ең үздік спортш бүлдіршіні» сынды 4 номинация бойынша түңлігін түрген болатын. Үміткерлер саны сексеннен асып жығылуына орай тағы да 4 аталым қосылды.
Қатысушылардың соңғы екі жылда жеткен жетістіктері сараланып, ақтық сыңға 23 бала жолдама алды. Әділ қазы алқаларының дауыс беруі арқылы жеңімпаздар анықталып, жобаның бір жылдық мерейтойына орай байрағын желбірекен гала-концертте марапаттау рәсімі өтті. Бір айта кетерлігі «Алакөлдің ең сүйкімді балақайы» номинациясы бойынша финалистер іріктелгеннен кейін әлеуметтік желі арқылы халықтың дауыс беруі өтті. Сөйтіп, мың жарымнан астам жұрт жеңімпазды анықтауға атсалысты.
Байқаудың қорытындысы шығарылғаннан кейін З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде гала-концерт ұйымдастырылып, оған мектеп оқушылары мен мұғалімдері, колледж білімгерлері мен ұстаздары, ақсақалдар мен белсенді жастар қатысты.
Шараның шымылдығы аталған жоба аясында арнайы әзірленген видеоүндеумен басталды. Онда әлемге танымал Қанат Ислам, Бахтияр Артаев, Нұрбақыт Теңізбаев, Айдын Смағұлов, Арман Оспанов сынды белді спортшылар алакөлдік жастарға үн қатты.
Сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алмас Абдинов: «Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз азаматтарға, туа сала тағдыр тәлкегіне түскен жетім балалар мен көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан жасөспірімдерге, ерекше күтімді қажет ететін жандар мен егде жастағы жалғыз басты қарттарға көмек көрсетіп, олардың көңілдеріне ұялаған бір арманына жан бітіру бағытын ұстанған алакөлдік еріктілердің «Бір Арман» қайырымдылық жобасының беталысы тамаша. Қаншама балаға көмек көрсетілді, армандар орындалды»,- дей келе, «Бүлдіршіндер серпілісі – Прорыв детей» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Дода қорытындысына келер болсақ, «Алакөлдің ең үздік спортшы бүлдіршіні» Асылбек Садырбеков, «Алакөлдің ең үздік спортшы қызы» Дария Қабиден, «Алакөлдің ең өнерлі балапаны» Ерасыл Тыныс, «Алакөлдің ең талантты балапаны» Аружан Шернияз, «Алакөлдің ең дарынды баласы» Ерасыл Ерікұлы, «Алакөлдің ең талапты баласы» Бахтияр Ұланұлы атанды. Ал ең көп резонанс тудырған «Алакөлдің ең сәнді балақайы» номинациясын Медина Айдынқызы иеленсе, «Алакөлдің ең сүйкімді балақайы» номинациясы Аят Қажымұқанұлы қанжығалады. Жеңімпаздарға арнайы диплом, тәттілер қаптамасы, «Пинокио» пиццериясы мен «Гауһар тас» мұз айдынына және тегін фотосессияға сертификаттар, ақшалай сыйлықтар табысталды. Жүлдегерлер де бірінші дәрежелі дипломдар мен арнайы сияпаттарға ие болды.
Ізгі ниетті жалғаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Байбазаров аудан жастарын осы игілікті істің ақ туын бірге көтеруе шақырып, жобаның ойдағыдай жалғаса беруін тіледі.
Артынша ауданнан шыққан жас әншілердің концерттік бағдарламасы назарға ұсынылып, жиналғандар көңілді кештің куәсі болды.
Бұл жас болса да жұрттың бір керегіне жарауды көздеген қыз-жігітердің жұмысының бір парасы ғана. Аладғы уақытта да «Бір арман» жобасы өз деңгейін ұлғайтып, бұдан да биік белестерден көрінетініне сенімдіміз.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ.