Қазыналы қарттарымыздың өне-бойында Елбасымыздың бағдарламалық мақаласының басты тақырыбына айналған рухани азықтың сарқылмас қоры бар десек те қателеспеспіз. Себебі, тарихымызды насихаттаушылар, салт-дәстүрлерімізді сақтаушылар, әдет-ғұрыптарымызды дәріптеушілер, жастарды Отанын сүюге, патриоттық пен прагматизмге де тәрбиелейтін – қарияларымыз. Сондықтан да оларға лайықты құрмет көрсету әрбіріміздің алдымыздағы қасиетті парымыз.
Халықаралық қарттар күніне орай өңір басшысы Ә.Жақанбаев ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқан, саясат, өнер, әдебиет, білім, медицина, құқық және өндірістік салаларда көп жылдар бойы талмай, танбай еңбек етіп елге танылған азаматтардың басын қосып, мерекелік дастархан жайды.
«Бұл мейрам үлгі болар үлкендеріміздің қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін жəне ардагерлерге қамқорлық пен құрмет көрсететін күн болып табылады. Сіздердің өмірлік тəжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіздің, тəлім-тағылымдарыңыздың орны біз үшін əрқашан да бөлек»,- дей келе жиналғандарды айтулы күндерімен құттықтап кетті.
Сонымен қатар ауданның өсіп-өркендеу жолында тер төгіп жүрген бірнеше беделді азаматтар сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін ақтарды.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.