Халықаралық қарттар күні қарсаңында Үшарал қалалық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен шаһарымыздағы алты мектеп ұжымы мен оқушылары жалғыз басты, әлеуметтік жағдайы төмен қарияларымыздың үйіне бас сұғып, шаруашылықтарына көмектесіп, азық-түлік себеттерін табыстады.
Олардың үй шаруасына ықпалдасып, ауласын тазалап, көше атауларына арнайы тақтайшалар шығарып іліп, пеш түтінінен шығар улы газды анықтау құрылғыларын орнатып берді.
Жастардың көмегіне риза болған Төлеухан әжей: «Қазір бүтіндей бір үйде жалғыз өзім тұрып жатырмын. Жас та біраз жерге келіп қалды. Бұрынғыдай күш-қуат, қауһар жоқ. Жұмысқа да араласа алмаймын. Әупіремдеп күнімізді көріп жатырмыз. Сендердің келіп үй шаруасына көмек көрсетіп жатқандарың өте керемет болды. Көптен ойымда жүргенімен, қолыман келмеген істерімді бітіруге үлкен қолғабыс еттіңдер. Жолдарың ашылсын, бақытқа кенеле беріңдер. Менің жасымды берсе де, көрген, сезген сынақтарымды бастарыңнан кешірмесін. Алла жарылқасын, өздеріңді»,- деп, ақ батасын берді.
Аталмыш шараға Үшарал қалалық №1, №2 орта мектептер, Абай атындағы, М.Мыңбаев атындағы, С.Иманасов атындағы және Үшарал қазақ гимназиясының ұжымдары атсалысты. Бұл шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, алдыңғы толқын өкілдеріне көмек көрсету, сол арқылы жас ұрпаққа патриоттық, ұлтжандылық тәрбие беру, қайырымдылық пен мейірімділікке, жанашырлыққа баулу ісі жалғасын таба бермек.
А.САМАРХАНОВ,
Үшарал қалалық округінің жастар ісі бойынша әдіскер-нұсқаушысы.