Қартын сыйлағанның қадірі артық

Әр әжімінің өз айтары бар әз әжелеріміз бен ақ самайының әр талына тарих тұнған ақсақалдарымыздың көрген-білгендерінің көмбесін ақтару үшін бала күнімізден балақтарына жармасып, аңыз-әпсаналарын тыңдауға ынтық болатынбыз. Қоңды әңгімелер толған қоржындарын ақтарып, тәтті-дәмдісін талап әкететінбіз. Естіген ертегі кейіпкерлеріне еліктеп «Ер жеткенде ел қорғайтын батыр боламыз!»,- деп ұрандаушы едік. Қара сөздің құдіретімен ханды да, қарашаны да тектілік тәрбиесімен сусындатып, ұлттық санаға ұйыған ұрпақтардың санын да, сапасында жетілдіріп отырған.

 

Көргені көл-көсір, білгені бір төбе болатын қарияларымызға лайықты құрмет көрсетіп, жоғын түгендеп, барының басын құрап беру перзенттік парызымыз.

Осы міндеттің мінберін бағындыруға ұмтылған алакөлдік жастардың мұраты ортақ, тілегі бір. Қоңырқай тірлік кешкен қойлы ауылдар мен бәсекеге бейімділігі зор ірі елді мекендердің өрендері қарттардың қажеттіліктерін реттеуге бір кісідей жұмылуда.

Солардың бірі ретінде Қызылащы ауылдық округінің жалынды жастарының жарқын істерін атауға болады.

Жыл басынан бері «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының негізінде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, жалғыз басты қариялар мен тұрмысы төмен отбасыларға көптеген көмектер көрсетіліп, сауапты істердің саны еселенді. Жастары егде тартқан кісілердің отын-көмірі тасылды, аулалары тазаланып, бау-бақшалары ретке келтірілді, тұрғын үйлерінің іші-сырты әктеліп, кішігірім жөндеу жұмыстары жүргізілді, мұң-мұқтаждары тыңдалып, түгенделді.

Жуырда ғана Қызылащы ауылдық округі әкімдігінің, жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысының ұйытқы болуымен «Жүрегім толы мейірімге» акцисының аясында тыл ардагері Қайныш Қойбасова әженің үйіне бас сұққан ерікті жастар жоғарыда айтылған көмектерді рет-ретімен апамызға да көрсетті.

Жасы ұлғайса да жүректегі жалыны басылмаған Қайныш әжеміз жиналғандарға алғысын жаудырып, ақ батасын берді.

Бұндай игілікті істердің ұшқынын әр ауылдық округтен аңғаруымызға болады. Болашақтың байрағы табысталған жастардың белсенділігі мол, берекелі тірлікке деген ұмтылыстары зор. Осы беталыстарынан айнымаса ертеңгі күніміз бақытты һәм бақуатты болмақ.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: