«Әлемді сұлулық құтқарады» демекші, бар бітім-болмысы кербездікті, әдемілікті насихаттап тұратын әйелдер қауымына таңданбасқа шара жоқ. Әсіресе, қылығымен қырық жігітті сұлатып тастайтын қазақ қыздарына қайранбыз. Ал көктемнің шуақты күндерімен сабақтаса келетін төл мейрамдары олардың құрметін еселеп, қадірін арттыратыны сөзсіз.
8 наурыз – Халықаралық әйелдір күніне орай,Елбасы Н.Назарбаевтың 2020 жылға дейінгі дене шынықтыру және спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және әйелдер арасындағы спорттың мәртебесін арттыру,сондай-ақ әр шаңырақтың ұйытқысы болып отырған аналарымыз бен әжелерімізге, қылығымен қызықтырар қыздарымызға құрмет көрсету мақсатында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен нәзік жандылар арасында воллейболдан аудандық турнир жалауын желбіретті.
Сөз алған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Садиев: «Арулар соққан доп та бақытты… Дүниенің өзі осы әйелдер қауымының ырқына көнген, біз де сіздерсіз алысқа ұзамайтынымыз рас.Осы ретте қадірменді алтын құрсақты аналар, айдай сұлу арулар, сіздерді көктемнің жайма шуақ күндерімен таласа келген төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Отбасыларыңызға баянды бақыт, таусылмас қуаныш, шадыман шаттық пен іңкәр күлкі тілейміз»,- дей келе, жиналғандарға сәттілік тіледі.
Аудан спортының ардагерлері Д.Байділдаев пен А.Байділдаев аруларды төл мейрамдарымен құттықтап, ақжарма тілектерін ақтарды.
Доданың бас төрешісі Б.Садықов сайыстың ереже-тәртібімен таныстырып, тек мықтылар жеңсің деген лебізін белдірді.
Тартысты өткен бәсекеге барлығы 14 құрама қатысып, нәзік жандылар өзара кім мықтыны анықтауда аянып қалмады. Жарыс бар жерде, жеңімпаз да бар демекші, ойынның қорытындысы бойынша Көлбай құрамасы бірінші, Үшарал №1 орта мектебі екінші орынға жайғасса, үздік үштікті Еңбекші командасы қорытындылады.
Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға арнай дипломдар, медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
А.ЕСЕНБЕКОВ.